• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2016

Сенімге селкеу түспесін

655 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда халықтың құқық қорғау саласына деген сеніміне селкеу түсіп тұр. Неге дейсіз бе? Өйткені, олардың кейбірі өз қызметін асыра пайдаланып, заңға томпақ келетін іс-әрекеттерге барып жүр. Бұл сөзімізді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Бақтияр Булеулиев дәлелдей түсті. Ол өз сөзінде жыл басынан бері 200-ден астам полицейдің сотталғанын айтты. – Биыл 200-ден астам полиция қызметкері сотталды. Өткен жылы да дәл осы шамада тәртіп сақшылары бас бос­тандығынан айрылған болатын. Олардың барлығы өз қызметтерін асыра пайдаланып, заң бұзғандар. Жалпы, ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жө­ніндегі Қоғамдық кеңеске тәртіп сақшы­ларына қатысты жыл сайын 10 мыңдай шағым түседі. Полицейлердің заңсыз әрекеттеріне байланысты бұқара­лық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтердің нәтижесінде қызметтік тексеріс жүріп, оның қорытындысы бойынша өткен жылы – 92, ал биыл 50 адам жазаға тартылды, – деді Б.Булеулиев. Сонымен қатар, жиында аталған кеңес төрағасы Марат Қоғамов полицейлердің өз қызметін адал атқаруы мен заңға бағынуы қатаң бақылауға алынғанын, ол үшін кеңестің мүшелері қажырлы жұмыс жасап жатқанын атап өтті. Ол: «Аумақтық ішкі істер орган­да­рының қызметін, оның ішінде жұрт­шылық арасында құқықтық түсіндіру, полицейлердің заңға қайшы әрекеттерін болдырмау, алдын алу жұмыстары қатаң жүргізілуде. Ол үшін кеңес мүшелері мониторинг жүргізіп отырады. Ал сараптама жұмыстарының нәтижелері Ішкі істер министрлігі мен жергілікті әкімдерге жіберіледі», – деді. Сондай-ақ, оның айтуынша, полицейдің үстінен шағым түсірген кез келген азаматтың арызы егжей-тегжейлі тексеріліп, заң бұзушылық анықталса, тәртіп сақшысы қатаң жазаға тартылмақ. – Бұл халықтың құқық қорғау саласына деген сенімін нығайтып, өз қызметін асы­ра пайдаланатын полицейлерді тәу­беге түсіру,–  деді Қоғамдық кеңес төрағасы. Жиын соңында спикерлер аталған кеңестің алдағы жоспарларын тарқатып, ха­лықты құқықтық тұрғыда сауатты болуға шақырды және  полицейлер тарапынан заң бұзушылық әрекеттер орын алса дер кезінде құзырлы органға хабарласуларын сұрады. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан»