«Егемен Қазақстан» газетінің 25 қараша күнгі санында осы жолдар авторымен газет тілшісінің «Алтын қордың» ахуалы алаңдатады» атты сұхбаты жарияланған болатын. Соған орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мағира Қожахметова мен Байғали Есенәлиев, Қазақ радиосының ардагері, белгілі журналист Сәрсенбек Бекмұратұлы басылым арқылы ой-пікірлерін ортаға салды. Әрине, «Сын түзелмей, мін түзелмейтіні» рас. Міне, осы мақалалар көп жайттың түзелуіне түрткі болуда.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев Алматыдағы «Алтын қорға» арнайы ат басын бұрып, жағдайымызбен танысып көрді, жертөледе суық әрі сыз жерде жатқан мәскеулік 9000 және сандық тәсілге түсірілген 1000-нан артық үнтаспаны Қазақ радиосының өз орнына қоюды, сандық тәсілге түсіретін операторларды қайтадан радио ғимаратына көшіруді ерекше тапсырып кеткен болатын. Осы аптаның басында сол тапсырма мүлтіксіз орындалып, бәрі орнына келді. Сондай-ақ, сегіз жылдан бері сұралған /увлажнитель/ қордың ылғалдылығын реттейтін кәсіби құрылғылардың алтауы әкелінді. Операторларымыздың магнитофондары тозып кеткен еді. Олардың сол ескі магнитофондары венгрлік STM-610 маркалы алты магнитофонмен жаңартылды. Сонымен қатар, компьютерлері де жаңартылу үстінде.
«Жас келсе іске...» демекші, төрағамыз Кемелбек Бақтығұлұлы: «Алтын қордың» 111 мыңға жуық фономатериалдарын 100 пайыз толық көшіреміз. Алтын қор түгелдей сандық тәсілге түсіріліп, ең жақсы дегендерін винилға жазып, аяғына дейін жеткіземіз. Бұл біздің елдің, өнеріміз бен әдебиетіміздің, тарихымыздың алдындағы асыл борышымыз», – деп алдағы жоспарларымен бөлісті. Әрине, мұндай жаңалықтар көңіл қуантады.
Мұнан кейін де өмір, әлбетте, бір орында тоқтап қалмайды. Сондықтан, алдағы атқарылар шаруалар шаш-етектен десек те, бұлар бірте-бірте жүзеге асырылады деген сенімдеміз. Ендігі айтарымыз – біздің шешілмей жатқан көкейкесті біраз мәселеміздің орындалуына айтарлықтай үлес қосқан, халқымыздың сүйіп оқитын бетке ұстар газеті – «Егемен Қазақстан» газетінің басшыларына, үнімізді қаз қалпында оқырманға жеткізгені үшін басылымға мың да бір алғысымызды білдіреміз!
Алтын ИМАНБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фонотека жетекшісі
АЛМАТЫ