• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2016

Жаназа асы жиналысқа айналмаса етті...

592 рет
көрсетілді

Ана бір жылы Алматыда Абай атындағы театрда қазақ өнерінің бір атақты ардагер тұлғасын ақырғы сапарға шығарып салудың азалы рәсімі өтті. Марқұммен қоштасуға келген жұрт қарасы да көп. Қаралы жиынның тізгінін ол да халқымызға белгілі өнер майталманы ағамыз қолына алған. Сырттай қараған адамға оның мына бір парызды іске бар ықылас-ниетін салып, аса мұқияттылықпен кіріскені аңдалатындай. Қаралы жиында емес, құдды бір тойда жүргендей жарқ-жұрқ етеді. Жүзінен асыл ағаның қазасына қайғырудың, өкініш қылудың мысқалдай нышаны біліну қайда, қайта әлдебір шаттық-салтанаттың лебі еседі. Үлкен тұлғалар өмірден өткенде газетіміздің қоштасу лебіздерін беретін дәстүріне сай бір қалт еткенде майталман ағамыздан жедел сұхбат алуға келісіп, диктофонды тоса бердім. Байқаймын, ағамыз мына жағдайға байланысты ертең газетке шығатынына да қуанып қалғандай сыңай танытты. – Мақала үлкен бола ма? Суретімді шығара­сыңдар ма? – деп сұрады. Арада біраз жылдар өтсе де жанымды ауыртқан осы бір келеңсіз жағдай ойымнан кетпейді. Өлімнің жолы ауыр. Сол ауыр жолда сақалды басымен сабыр сақтай алмай, жұрт көзіне түсіп қалуға, көрініп қалуға, атақ шығаруға сонша құмартқаны несі? Мұсылмандық пен имандылықты былай қойғанда, мұның өзі қарапайым кісіліктің де шеңберіне сыймайды емес пе?! Осы жай еске түссе кәдімгідей мұңайып қаламын. Себебі, топырақты өлімді торқалы тойға айналдырып, рәсімді басқарушы жөн-жосықты біледі деген азаматтардың өзі-ақ оны думан-шоуға ұқсас даңғазаға мен дарақыға толтырып жіберетін жайттарға арагідік болса да әлі күнге дейін куә болып жүрміз. Осыдан төрт-бес ай бұрын бір ардақты зейнеткер ағамыз ауыр сырқаттан қайтыс болды. Аудан көлемінде басшылық қызметтерде болған абыройлы ел ағасы, жақсы кісі еді. Шүкір, арты да жаман емес. Соңғы «қош-қошын» айтуға келген жамағатта да қисап жоқ. Бәрі рет-ретімен, жөн-жосығымен атқарылуда. Жаназасы шығарылды. Мәңгілік мекен, құтты орнына жайғастырылып, аруаққа Құран бағышталды. Бәрі дұрыс. Бәрі орынды еді. Алайда, осы салауат-сабырдың салиқалы ауанын дұға дастарқанын басқарып тұрған тәп-тәуір азамат басқа бір бөтен арнаға төтеннен салды да жіберді. Ескектете есіп, шешенсіп бөсіп сөйлейді. Біреудің қайғысында емес, мерекелі жиналыста тұрғандай. Қазаға тілеулестік көңіл білдіре келгендердің ішінде пәленшекеңдердің, түгеншекеңдердің бар екенін санамалап айтып, олардың лауазым-қызметтерін, атақтарын жіпке тізіп, мақтау-мадақ арнап біраз желпінді. Одан келіп-келіп, көпшікті қалың тас­тап бір ат үстінде жүрген белгілілеу азаматқа сөз беріп еді, ол «Еруліге қарулы» дегендей, әуелі осы асты басқарып тұрған көкесін мақтасын. Одан марқұмның неше жылдардан бері дөкей қызметтерде жүрген баласын біраз шығандатып шыңға шығарды. Шешеннің айдарынан жел есті. Қыза-қыза қаралы дастарқан басында еліміздің осы күнгі елеулі жетістіктерін де екпіндетіп айтып жіберді. Онда осы аста отырған атпал азаматтардың да мол-мол үлестері бар көрінеді. Сол екпінмен тоқтай алмай осы жаназа-намазына, топырақты, өлімге бір кісідей жиналып отырғанымыздың өзі береке-бірлігіміздің арқасы, деп те жіберді. Бақилық болған аяулы арыс азамат жайына қалды. Сөйтіп, біреудің қайғысы ұрандатқан жиналысқа айналып кете жаздады. Әйтеуір, одан кейін сөйлеген есті азаматтар жаңағы тау құлатар салтанатшыл екпінді бәсеңдетті. Бәрі жөніне келді. Бірақ, көңілде бір қаяу, көкейде бір түйткіл біздің еркімізге бағынбай қалып қойды. Өлік жөнелтудің мұсылмандық та, жалпы адами да әдебіне жатпайтын осындай оспадарлықтар әр жерде орын алып жатады. Тіптен, кейбір сөйлеушілер осындайда өзінің бас пайдасын көздеп, өзін көрсетіп қалуға, әлдебіреулерге жарамсақтанып жағынып қалуға ұмтылатын сияқты ма, қалай?! Имам-молданың уағызына да уақытты мүлдем аз қалдырып, Құраннан бұрын қызыл сөзді езгілеп, қаралы жиынды кәдімгі сөз сөйлеуге пәленбай адам тізімделген ұзақ-сонар жиналысқа ұластырудың осы жағымсыз әдетіне тоқтам болар ма екен? Ойпырмай, тәуелсіздіктің алдындағы ана бір жылдары өлік жөнелткенде жаппай арақ құятын сұмдықтар да болған еді-ау. Ол сорақылық кейін сап тыйылды. Ал енді мына ел тыныш, жұрт аманда жақындарымызды ақырғы сапарға жөнелткен ас-жаназа кездеріндегі шешендер шеруін де әдеп пен адамгершілік, имам мен иба қалыбына салып ауыздықтайтын әмбе жиналысшылдықты жүгендейтін уақыт жеткен сияқты. Мұндай шоумен-шешендікпен аруақ разы болмайды, қайта қынжылып мұңаяды. Періште жүзіне кірбің ұялайды. Топырақты өлімді торқалы тоймен шатастырмайық. Бұл – әр қазақтың адамгершілік арына, мұсылмандығына сын. Қорғанбек  АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»