• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2016

Химиялық есірткінің қаупі өте жоғары

544 рет
көрсетілді

Химиялық жолмен алынатын психикалық белсенді заттардың немесе синтетикалық есірткілердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылды құқықтық реттеу де өзекті мәселе болып табылады. Қазіргі уақытта есірткілердің айналымын бақылау «Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Заңмен реттеледі. Онда есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың түпкілікті тізімі де айқындалған. Соған сәйкес есірткі белгісі бар әрбір затқа бақылау жасау тізімге енгізілген соң ғана жүзеге асырылады. 2010-2011 жылдарға дейін бұл тәсіл тиімді болатын. Алайда, соңғы жылда­ры заңды айналып өту мақсатында белгілі есірт­кінің химиялық құрамын сәл ғана өз­герту жолымен алынып, шығу тегі син­тетикалық психикалық белсенді заттар (бұл әр түрлі шегетін қоспалар, «дизайнерлік есірткілер», тұздар мен крис­талдар) қарқынды түрде әзірлене бастады. Олар адам ағзасына табиғи есірткімен бірдей психикалық ықпал етеді, көп жағдайда оны мөлшерден асырғандар өлімге душар болады. Осындай жаңа синтетикалық есірткілерді әкелу, тарату және өндіру процесі де өте жылдам, өйткені, олар негізінен Интернет және олардың қосымшалары, электрондық төлем жүйелері мен пошталық жөнелтімдер арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан, жаңа психикалық белсенді заттардың айналымына қарсы тиімді іс-қимыл жасау мақсатында жедел түрде жоғарыда аталған заңды толықтыру қажет. Мәліметтерді практикада жүзеге асыру қиындық тудыруда, өйткені, заңға түзетулерді енгізу рәсімі ұзақ уақыт алады. Бұл мерзімде өндірушілер «көзге түскен» заттың формуласын жаңасына өзгертіп, заңмен тыйым салынбаған жаңа есірткі жасайды және оны заңды түрде таратуды жалғастыра береді. Осы баяндалғандардың негізінде заңсыз есірткі нарығына шұғыл ден қою үшін Үкімет қаулысымен тыйым салынған жаңа әлеуетті психикалық қауіпті белсенді заттардың тізбесін немесе тізілімін бекіту мәселесін қарастыру қажет деп есептеймін. Ол үшін Тізбе ұғымына анықтама беретін және Үкіметке оны бекіту құқығын бекітіп беретін «Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Заңға шұғыл өзгерістер енгізу қажеттігін айтып мен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадым. Ол сауалды қолдап сенатор Мұхтар Алтынбаев та қол қойған еді. Сол сауалға: «Сіздер көтеріп отырған химиялық жолмен алынған жаңа психобелсенді заттардың және синтетикалық есірткілердің (бұдан әрі – ЖПЗ) заңсыз айналымы өзекті мәселе болып табылады. ЖПЗ айналымын мемлекеттік бақылау және олардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар Президент Әкімшілігі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобы қызметінің шеңберінде қолданыстағы есірткіге қарсы заңнаманы жетілдіруге бағытталған іс-шаралар кешенін қарады. Әзірленген ұсыныстар негізінде «Есір­т­­кі, психотроптық заттар, сол тектестер және прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы әзірленіп, оның тұжырымдамасы ағымдағы жылғы шілдеде Заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын­да мақұлданды», делінген жауап келді. Енді ол Мәжілістің қарауына 2017 жылдың екінші жартысында енгізілмекші. Серік АҚЫЛБАЙ, Сенат депутаты