• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2016

«Әліппе» неден жазықты болды?!

917 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары көтеретін мәселелер сан қилы. Олардың бәрі де халықтың алаңдаушылығын тудырған өзекті мәселелер. Сондықтан, «мынау ұсақ дүние екен» деп аттап кетуге болмайды. Біз төменде палатаның жалпы отырысында жарияланған сондай сауалдардың бірқатарына тоқталып өттік. Елімізге белгілі өнер қайраткері Бекболат Тілеуханның сауалы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке арналды. Онда депутат жас балаларға білім есігін алғаш ашатын, қазақтың ондаған буын өкілдері оқып шыққан, ғасырдан да ұзақ тарихы бар «Әліппенің» атау­ын биыл аяқ астынан өзгер­тіп жібергенге халықтың наразы­лы­ғын жеткізіпті. «1910 жылы ұлты­мыздың ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы басып шығар­ған «Әліппе» неден жазықты болды?! Ал оның орнын басқан «Сауат ашу» оқулығының атауы, орысша айт­қанда, «Ликвидация безграмотности». Яғни, жас өркен сәбиге емес, буыны қатқан сауатсыз адам­ға арналған реңктегі ұғымға саяды. Славян халықтарына арнал­ған 1618 жылы жарық көрген, төрт ғасырлық тарихы бар «Букварь» аман-есен. Заманға сай толық­ты­рылып, өзгертіліп отырады. Оның өзі кемі бес жылдық тәжірибеден өткізбей бекітілмейді. Ал біз ше? Жасап тастап, сосын ойланамыз. Дұрысында ойланып, сараптап барып жасасақ керек еді. Еш­қандай сараптама, қоғамдық тал­қы болмастан жарқ етті. Сон­дық­­тан да шикі, бағ­дарламасы ауыр, бір әріп­ті үй­ренуге 4-5 сабақ арналған. Іші толған қайшылықтар. Бала деңгейі ескерілмеген. Бұған ата-ана да, мұғалім де, қоғам да наразы», дейді депутат. Оның үсті­не оқушы баланың сөмкесіне сый­майтын тым үлкен әрі қалың қа­ғаздан жасалған, зілдей. Депутат «қоғамның айрықша наразылығына тап болған» осы мәселенің шеші­міне нақты жауап күтетінін айрық­ша атап өтіпті. Сауалды қолдап Қ.Сұлтанов, Б.Ертаев, М.Айсина, А.Тасболатов және т.б. депутаттар қол қойған. Депутат Бақтықожа Ізмұхам­бетов­тің сауалы Жайық өзенінің экожүйесін сақтауға арналған екен. Бір кезде ақшаңқан кемелер жүзген айтолқын Ақ Жайықтың бүгінгі халі адамның төбе шашын тік тұрғызады. Қазір «өзен әбден та­йыздап, айналасы қураған теректерге толып, өлі өзенге айналып, экологиялық апатқа келе жатыр. Мұның үлкен себептері: біріншіден, арнасының тазаланбауы, екіншіден, халықаралық шекаралас өзендерді пайдалану заңына сәйкес келмейтін, есепсіз су қоймаларының салынуы. Ресей ғылым академиясы Орал бөлімшесінің ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша Орынбор, Челябі облыстарында Жайық өзені бассейнінде 18 ірі су қоймалары салынған» дейді депутат. Одан әрі Атырау облысында жыл сайын Жайықтың теңізге құяр жері балық (әсіресе, бекіре тұқымды балық) уылдырық шашу үшін тазаланатынын, бірақ артынша қайтадан құм басатынын, «осындай жағдай құнды балық түрлерінің, соның ішінде, жоғалып кету қаупі бар бекіре тұқымдас балықтардың табиғи көбеюінің төмендеуіне әкелуде» дей келіп Б.Ізмұхамбетов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа: «Ресей Федерациясы мен Қазақстан Үкі­меттері өзара келісіп, Жайықты қорғау Қорын құруы және алдағы жылдарда істелетін жұмыстарды белгілеуі, екі елде белгіленген жауапты органдардың жұмысын сәйкестендіруі» керек екенін айтып, ұсыныс жасады. Бұл сауалға да Б.Ізмұхамбетовтен басқа да бірнеше депутат қолдап, қол қойыпты. Депутат Шәкір Хахазовтың Пре­мьер-Министр Б.Сағынтаевқа жол­­­­даған сауалы шаруашылық мә­се­лелерін қамтыған. Онда Алматы облысының Шелек, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарының көп­теген елді мекендеріне әлі күнге кө­гіл­дір отын тартылмай, тұр­ғын­дар­дың наразылығын тудырып отыр­ғаны айтылады. Сондай жағ­дай Жам­был облысының Қордай ауданын­да да бар екен. Осы облыс­тағы 158 елді мекенге газ құ­быры жет­кізілсе де, қалған 21-іне көгілдір отын тарту  9 жылдық бағ­дар­­ламаға қал­дырылыпты. «Бұл да тұр­ғындар на­разылығын тудырып отыр», дейді депутат. Сондай-ақ, депутат Қордай ау­данындағы 45 мыңдай адамды­ қамтыған диқандар су алатын «Қарақоңыз» қоймасының екінші кезегін іске қосуға қаражат бөлуді сұрайды. Оның жобалық-сметалық құны 2011 жылы жасалса да әлі күнге түрлі себептермен қажетті 1 200 млн теңге қаражат бөлінбей келе жатқан көрінеді. Депутат Премьерден осы мәселенің оң шешілуін өтінеді. Дайындаған Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»