Бүгінгі таңда, 369 мың тұрғыны бар Тараз қаласының 100 мыңнан астамы «Алматы –Шымкент» бағытындағы темір жол желісінің арғы бетінде тұрады. Соңғы жылдары көлік қозғалысы қарқындылығының 2-3 есеге өсуіне байланысты қолданыстағы жалғыз жол өткелі көлік ағымын игере алмай, кептелектер мен жол-көлік оқиғалары жиі орын алуда. Бұған қоса, Қырғыз Республикасымен арадағы көлік қозғалысы күніне 4-5 мың бірлікті құрайды.
Бұл тұрғыда, Айша бибі көшесінің аяғында құрылысы аяқталмаған жол көпірін іске қосу мәселенің бірден-бір шешімі болып табылады. Аталған жол көпірін қайта жаңартуға облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға ЖСҚ әзірленді және 2014 жылғы 20 қазанда №08-0243/14 мемлекеттік сараптама алынды. Жоба құны – 1,9 млрд тенге.
Сонымен қатар, осы көпірден бастау алып «Айша бибі» кедендік бекеті орналасқан «Тараз – Өтмек Қырғызстан шекарасы» автожолына жанасатын жаңа «Тараз қаласы – Гродиково ауылы» автожолын салу қажеттілігі туындауда. Осыған орай, техникалық-экономикалық негіздеме жасауға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 2015 жылдың 14 сәуіріндегі №08-0127/15 мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жоба құны – 2,8 млрд теңге.
Аталған жобалардың іске асырылуы өз кезегінде 100 мыңға жуық тұрғынның көліктік қатынасуын қамтамасыз етумен қатар, транзитті ауыр жүк көліктерінің қаланы оңтүстік беттен жылдам және қауіпсіз жүріп өту мүмкіндігіне жеткізіп, халық тұрмысының, қала экологиясының жақсаруы мен жалпы өңірдің дамуына орасан зор үлесін тигізер еді.
Сонымен қатар, Тараз қаласында пайда болған басты мәселелердің бірі, Тараз қаласының солтүстік-батыс бөлігінде аумағы 362,2 га және 13 мың тұрғынға арналған Сабалақов көшесінде бой көтеретін жаңа тұрғын алқапты жылумен қамтамасыз ету болып табылады.
Тұрғын алқапты жылумен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында, сметалық құны 1 362,1 млн теңгені құрайтын қосымша су ысытқыш қазанын орнату арқылы Тараз қаласындағы Исатай батыр көшесі бойындағы 4-ші аудандық қазандығының жылу қуатын ұлғайтуға 2017 жылға бастапқы 680,0 млн теңге қарастыру қажеттігі туындап отыр. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы №08-0174/15 2015 жылдың 22 мамырында алынды.
Жобаланып отырған нысандардың халықаралық, стратегиялық және әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Үкімет аталған жобаларды 2017 жылға арналған республикалық бюджеттен қаржыландыруға ықпал етсе жөн болар еді.
Ертарғын АСТАЕВ,
Сенат депутаты