«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы өндірісті өңір жұртшылығын бір серпілтіп тастады
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының жолаушыларын Павлодардан кейін өндірісті де көмірлі Екібастұз қаласының тұрғындары қарсы алды.
Астанадан басталған мерекелік шараға арналған атаулы пойыздың қонақтарын қала әкімі Қайрат Нүкенов, жергілікті Ассамблея мүшелері, әкімдік қызметкелері, жастар қарсы алып, теміржол бекеті басында алдағы айтулы мерекеге орай шыққан пойыз сапарына сәттілік тіледі. Өздерінің жасап жатқан жұмыстарымен, жетістікерімен бөлісті.
Қуаныштысы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында биыл тамыз айында Екібастұзда 800 оқушыға арналған жаңа мектеп бой көтерді. Қазір тағы бір сондай жаңа мектептің құрылысы қала іргесіндегі Солнечный кентінде басталмақшы. Және де жаңа тұрғын үйлер кешенінің құрылысы да жоспарлануда. Сонымен бірге, Бозшакөл кен байыту комбинаты іске қосылып, жұмысын бастады. Жалпы, өндірісті қалада айтарлықтай өзгерістер, жақсы жұмыстар атқарылуда, мұны осы қалаға пойызбен келген қонақтар да көріп, танысты.
Ал «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының өкілдерімен кездескен қала әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, мән-мақсаты зор пойызды күтіп алу үшін жан-жақты алдын ала іс-шаралар жасалған. Өйткені, қалаға қарасты ауылдық аумақтарда тұратын халық жеткілікті, олардың айтарлары бар, өтініш-тілектері де жоқ емес дегендей. Сондықтан, Екібастұз теміржол бекеті алаңында пойыз делегациясының қатысуымен мемлекеттік орган өкілдері, мәслихат депутаттары, әлеуметтік сала қызметкерлері, темір жол көлігі, өндірістік ұжымдар, ардагерлер қоғамдастығы және студент жастардың қатысуымен елдік мүдде, мақсат жолына арналған шеру өтті.
Шеру аяқталған соң жұмыс жалғасты. Тұрғындар үшін құқықтық, кәсіпкерлік және бизнес, ауыл шаруашылығы, тұтынушылар құқығын қорғау, білім беру мәселелері бойынша арнайы алаңдар жұмыс жасады. Жергілікті «Нұр Отан» партиясы қалалық прокуратурамен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырды. Жұрт қарасы көп. Біз кездескен Жанат Барбосынова Астанадан пойыз келе жатыр дегенді естіп келіпті. «Екібастұзда Алматыдан байланыс техникумын бітіріп келгелі 30 жылдай уақыт тұрамыз. Жұбайым «Шығыс» кенішінде еңбек етеді. Ұлым Алматыдан техникалық мамандық алып оқу бітіріп келіп, қазір әкесімен бірге өндірісте. Қызымыз да дипломын алып, Екібастұзға оралды. Осындай қалада тұрғанымызға шын ризамыз. Айтайын дегенім осы еді», деді ол.
Сәлима апай қалада қазақ мектебінің ашылғанына қуанышты екен. Келгендердің көпшілігі балаларын көтерген аналар болды. Өйткені, қазір қалада балалар дәрігеріне тапшылық байқалады. Сондықтан, алыстан келген маман дәрігерлерге кішкентайларын қаратып алуда. Мысалы, №2 емханада 9 қараша күні сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін дәрігерлер күні бойы емделушілерді қабылдау ұйымдастырды және медициналық мәселелер бойынша кеңестер өткізді. Барлығы 250 адам келіпті. Достық үйінде «Қоғамдық келісім кеңесінің» қоғамдық қабылдау бөлмесі де келушілерді қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады. Көпшілігі тұрғын үй мәселесін, ауылдарды көріктендіру жайын айта келіпті.
Одан кейін ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері және оқушы жастардың қатысуымен «Бейбітшілік және келісім үлгісі – Қазақстан бренді» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Үстел басында «Біз көппіз және бәріміз – бір елміз, бір халықпыз. Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу – әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой» деген тақырыпта әңгіме өрбіді.
Бұдан кейін «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Ақмола облысының Ерейментау ауданына қарай жол тартты.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы