• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2016

Ақтөбеде республикалық ақындар айтысы өтуде

771 рет
көрсетілді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің "Жастар" сарайында «Наркескен тілмен жыр етем, мәңгілік елдің мұратын!» атты республикалық ақындар айтысы басталды. Бұл айтысты «Нұр Отан» партиясы және облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық тілдерді дамыту басқармасы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырып отыр. Республикалық айтыста Астана, Алматы, Шымкент, Арқалық, Қарағанды қалаларынан, Шығыс Қазақстан облысынан келген және ақтөбелік ақындар өнер көрсетуде. Айтыскерлер Мұхтар Ниязов, Шұғайып Сезімхан, Рүстем Қайыртай, Ершат Қайболдин, Айнұр Тұрсынбаева, Айбек Қалиев, Мақсат Аханов, Жәнібек Бейбітов, Ринат Зайытов, Қазірет Бердіхан, Серік Қалиев, Марат Ахметов, Біржан Байтуов, Оразбек Қиынбаев, Данияр Алдабергенов, Қазыбек Байжұманов жыр додасына түсуде. Аламан айтысқа «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев және еңбек ардагерлері, жастар, қонақтар мен қала тұрғындары куә болуда. Сұлу сөзден маржан терген дүлдүлдер ел тәуелсіздігін жырға қосып, елдегі халықтар достығы, береке-бірлік және саяси тұрақтылықты дәріптеуде. Республикалық ақындар айтысының шымылдығын ақтөбелік Марат Ахметов пен алматылық Серік Қалиев ашты. Айтыс екі айналымда өтеді. Айтыскерлердің өнеріне Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған әділқазылар алқасы төрелік етуде. Қазылар алқасының мүшелері - Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, Қазақстан Республикасының халық әртісі, әнші –композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілев және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев. Айтысты Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, ақын, журналист Жүрсін Ерман жүргізуде. Айтыстың жалпы жүлде қоры 7 млн. 800 мың теңгені құрайды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы.