• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2016

Жұмабай Шаштайұлы. Әбдіразақ әулеті

456 рет
көрсетілді

Балалық шақтағы өмір-өзеннің қилы-қилы елесі – қызуы бойында әлі бар қоламтадағы шоқтың әсеріндей. Ат жалын тартып міне бастаған шақ. Қаттала жиналған темекі жапырағын істік темірге шанши қадап тізетін жұмыс күн батқанша жалғасатын. Ұзамай қызылшаға қалай ауысқанымызды алып-ұшқан сана есіне сақтай алмай қалғаннан сау емес. Сабақтан келген бойда тамағымызды апыл-ғұпыл іше салып, қызылша алқабына қарай емпең қаға жөнелетінбіз. Ерте көктемнен мың-сан сызық бойымен жыпырлаған көктесінді қарыс-қарыс аралыққа сирете отап, баланың кекіліне ұқсатып, желпілдете қылтитып қоямыз. Жапырағын жайып, түп алып үлгірместен жамыраса қаулаған арам шөпті жаудай жапыруға кірісеміз. Аталарының отырықшылыққа ауысқанына ширек ғасырға толар-толмас шамада диқаншылық кәсіпті ешкімнен сорлы игермеген соғыстан кейінгі туғандардың бейнетті белшесінен кешкендері көп жазылып, жарнамаланып жатпайды. Қызыл қырманның қызған уағы. Төпелеме үйілген қызылшаны кесу үстінде өзгеше бауырмал ахуал орнайтын. Әбдіразақ інісі Еркештің балалық қызықтарын айтып, мейірім ұялаған жүздерінен күлкі шуағы білініп тұратын. Өзін қазір Алматыда оқымысты дей ме, сөздерінен әйтеуір сүйсіну лебі қоса есетін. Бізге ұқсап темекі тізсе, жүгері шауып бауласа, соның дәрежесіне құдайым бұйыртса, біз де жететін шығармыз деген үміт қылаң етсе бітті, қиял тізгінін еркіне жіберетінбіз. Бір бел аса қалсаң, қарсы алдыңнан шыға келетін ауылда Әбдіразақ мұғалім, соғыста айрылған бір аяғы протез. Ауыл кісілері Шойдың қызы дейтін Фермахан әпкеміз «Лениншіл жас» газетіне Әбдіразақ туралы мақала жазғанын ұзынқұлақтан естіген бетте о кісіге деген ерекше құрмет сезімі пайда болып еді. Бастауышты аяқтап, бесінші сыныптың табалдырығын аттаған бетте жан-жақтағы ауылдардан қосылған көгенкөздер қатарымызды бірталайға толықтыра түскен еді. Әкесі мен ағасының есімдеріне қызылша басында қаныққан Мәмиевтердің Гүлжан деген қызы да арамызда. Үш шақырым қашықтықтан жаяу қатынап оқитын бұларға «орталықтың» астам пиғылымен «Қызыл әскер» ауылын өз атымен емес, үлкендердің ләмімен «екінші» дейтініміздің өзі қайбір кісілікке жата қояды дейсің. Кейбір ұстаздардың сабақ үстінде: «белшемізден су кешіп тұрмыз деп ойласақ, шылқылдаған қан екен» дегені көкейге өшпестей жазылып қалу себебі жеткілікті. Дәл осылай бейнелеп жеткізудің арқасында бүкіл ерлік сол кісінің өзіне тиесілідей көрінетін. Соғыс турасында өрістеген сөз үстінде азын-шоғын ғана тоқталып, қалған уақытта жұмған аузын ашпайтын кісілер қарасының қатары да бірталай. Жараланып, жау қолына түсіп, қапысын тауып қашып шығып,қатарға ілігуден былайғы басқа түскен шырғалаңы бір түйеге жүк болатындай хикая. Шаншылған қазықтай тіп-тік тұрып, дік-дік басатын ағаш аяқтар, жүгі ауған түйедей бір жағына өне бойы қисайып жүретін шолақ қолдар, бір шекесін жалап әкетіп опырайып қалған маңдайлар, қарашық орнына жансыз оқырайған тас көздер біз дүниеге келерден сәл ғана бұрын соғыстың тайға басқан таңбадай аяусыз салған қатал суреттері еді. Өздерін кембағал санауға ағайын арасындағы табашыл қиянатқа толы қаңқу сөздер де итермелей тұрмайтын. Төрт мүшесі түгел қайтқан кейбіреулердің өздерінше жасаған кесімдері соттың үкіміндей бірбеткей естілетін. Мүгедек оралған жандардың болмысына өзгелерден гөрі перзенттері азап-мехнаттың қиямет-қайымын қайыспай көтерісті. Өмірге араласар алдында көрген үлгіңе ұқсап бағуға жан-тәнің қалмай талпынатының белгілі. Шыққан мектебі мен көзқарас жүйесі қай тараптан қалыптасқанын айырып тануға өрең болса да жоқ. Алматы интернатында оқып, жоғары оқу орнын бітірген жерлесіміз Жоспарлау комитетінің бас есепшісіне дейін көтерілген Төлеухан Смағұловтың мансабынан артық дәреже жоқтай көрінетін. Кеңес Одағы тұсында бес құрылықты түгел аралаған дақпыртының өзі неге тұрады. Ал оның туған інісі Әлімқан Смағұлов Сидоркинмен теңдес талантты суретші еді. Ата-бабамыздың тасқа қашап салған бедер нұсқасынан аумайтын қолтаңбасы шежіредей көне де көрнекті. «Ақсауыт» кітабын безендіру ерекшелігі талай ұрпақтың ат басын арнайы бұрып келіп зерттейтін нысаны. Әбдіразақ Мәмиевті аузынан тастамай айтатын кісілердің бірі сол Төлеухан ағамыз. «Аса қатал кісі еді, бірақ әділетті болатын жарықтық» дейді қысқа қайырып. Ақкөңіл жаратылыс иесінің бағасы қанша иландырса да, тез сыр беріп қоятын елпелек кісінің адамтану ыңғайы көңіл күйіне қарай өзгеріп тұратындай көрінетін. Есесіне інісі Әлімқан байыппен сөйлеп, нені болсын нақты айтқанда салған суретіндей айшықты шығатын. Балалық шақтың қай шамасы екенін дәл қазір анықтап айыру қиын, әйтеуір кімнің кім екенін түйсік арқылы ажырата алатындай ақыл тоқтатқан шақ еді. Міне, тап сол кезде Әбдіразақ ақсақалды сыртынан ұзақ бақылап, біраз аралыққа дейін көзіңмен ұзатып салғаның есіңе түседі. Адамды жылқы арқылы түстейтін қазақ дағысы бойынша сипаттағанда – кәдігімгі сұлу торы ат. Тұп-тура ұлы Жомарттан аумаған кескін. Бет ұштары теп-тегіс, өңменге шаншыла қадалатын қоңыр көзінің уыт инесі шым-шым сезілсе де, құтыңды қашыра қоймайтын шарасы тұнық та мейрімді. Білігі асқан мамандардың өздері тап басып тани алмайтын жайды бір ауыз сөзбен тұжырса да, оны ғылыми айналымға қосып әуреге түсіп жатпайды. Әбдіразақ ақсақал турасында: «ағаш аяғын алға созып ұмсынбайды» деген баға дәлдігі көкейіңе бірден қонақтай қап, ол кісінің қиғылық салуға бейім қатарының кейіптері көз алдыңнан көлең қағып өтеді. Әбдіразақ ұстаз табиғи сабырынан әсте жаңылмайтын. Уақыт таңбасы түскен жүзін ұзақтау кідіртіп, өмір мәніне бойлап үлгірген мезетте жанарына мағыналы мұң қабат ұялайтын. Бесінші сыныптан бастап бірге оқып, бір партада отырған Гүлжан артық-ауыс сөздерге үйірлігі мүлде жоқ, сыбыстар мен дыбыстарға елең қағып, делеңдеп, тынышын қашырып, берекесін ұшырмайтын. Ел қатарлы оқып, тіршілік арнасын таптық-ау дегенде – Гүлжан жөнінде өрбіген әңгіме үстінде - арамыздағы талдау мен толғауға бейім тұратын сабазымыз күтпеген жерден айды аспаннан бір-ақ шығарғаны. «Сол Гүлжан осы отырған біреумізге жап-жақсы жар болатынын байқамағанымызды айтпайсыңдар ма» – дегенде біразымыз үн қатпаған күйі тым-тырыс қалдық. Адамды қадіріне жетіп тану жолы шырғалаң ба, әлгі сабазың маңдайға жазғаннан артық бұйырмайтынына мойын сұнды ма, өмірдің өрі мен ылдиын әйтеуір өткеріп барып, тауға да, тасқа да соғылғаннан кейін қауашағына лайық жасаған шешімі солай болған шығар, кім білсін. Гүлжан жалпы көзге түсіп, ерекшеленіп тұрудан ауылы алыс, кикілжіңді жағдайда көздерін кең аша қабағын шытынатын сәті балалықтан әлі арылып үлгірмеген мінез белгісіне келетін. Сопақтау жүзінен реніш табы молынан білініп, бірқыдыру томсарулы қалпынан танбай түйіле қарап, кенеттен жайдары қалыпқа көше қойса риясыз бауырмал тарта қалатын. Үлкен бас қосу үстінде Гүлжан күйеуі Дүйсебайдың: «Кез-келген сабақта сендердің Нағашыбектерің өлең жазып отыра береді екен ғой» дегенін шатасқанға жорыр-жорымасымызды білмей аңырғанымыз рас. Ең құрығанда бір артықшылықты көрнеу елемеген еренсіздігі табан ақы, маңдай термен жиғанымнан айрылғандай халімді сезсе де ұстамды қалпынан танбаған Гүлжан: – Ол Жұмабай болатын,- деп қысқа ғана қайырды. Қанша өлермендікпен берілсең де өнер сиқырын игеру қу маңдайға жазылмағанын сезесің де, амалсыз ішіңнен тынасың. Әйтпесе өлең жазу әуесқойлығында тұрған түк те жоқ. Бір партада отырған сырдескі жанның шала бүлінбей тіл қатқанының өзі ұстаз ұясынан шыққан тәрбие ұштығын аңғартатындай. Әбдіразақ Мәми отағасымен бетпе-бет келіп, нақпа-нақ тіл қатысу бұйырмаса да, Тұрар шешемізбен дәмдес-тұздас болудың арқа-жарқа ахуалы ойыңнан сірә, кетер ме. Құс төресіндей еңсегей тіп-тік отыратын жарықтық назарын енжар тастағандай көрінсе де, қоңырқай шырағына үйірілген ұшқын уыты өңменге жазатайым қадалған инедей өткір. Ұлғайып қажығанына қарамай болымсыз жымиған мезетінде аққұба сопақ кескініндегі марғаулық дереу сейіле қап, көптен іздеп таппай жүрген мейірімді ұшыратқандай серпіліп, өзіңді еркін ұстай бастайтын едің.. Екінші ұлы Ержан қапыда қаза тауып, бүкіл ауыл болып жөнелтудің қамына қауырт кірісіп жатқанда – қабырғаға арқасын бере жайғасқан шешейдің қарттық терең дендеген жүзі шүберектей боп-боз. Сабырға жүгінген пішіні көңіл айтуларды қабылдау үстінде сұсты да жұмбақ. Безек қаға зыр қағып жүргендерге бейілсіздеу қадалып, көкейіне іріккен ойын санасымен таразылап алатындай жанарын бастапқы нысанынан ұзақ айырмады. Аласы үлкен көздерін төңкере тастағанда қараторы өңі наразы күреңітетіндей кідіріп барып, момақан райда мырс етіп күліп жіберетін Ержан бақ, дәулет, дәреже біткенді есепке алып, достықты соған қарай құру дегенде шаруасы жоқ еді. Айнала төңірегіндегі үлкен-кішіні аһ ұрғызып, ауыр күсіндіре қабырғасын қайыстырған өлім үстінде сыр беріп қоятын жайлар да кезігіп қалатыны белгілі. «Қайғыру мен жоқтаудың жөні осы екен деп шажылдап-бажылдап елдің құтын қашырмаңдар» деген Тұрар шешеміздің өкімін қыздары мен келіндері бұлжытпай орындағаны жөніндегі лепестерді кейіннен естігенде – «Абай жолы» эпопеясының ұлттық құнарға толы бөлімі мен тараулары спираль сипатына көшкен бойы тіріліп келіп, Ұлжан кейіпкер көз алдымызда Тұрарға айналып жүре бергендей. Жігерлі де сергек харакетіне сай көздеген мақсатына адам біткен жетпей қоймайтындай. Өмірдің ортаң беліндегі сезіністе біздің бала кезіміздегі шалдарша айтқанда, ақылдың толымына жүгінбеске амалың да жоқ. Гүлнәр бейнесі көз алдыңа келе қалса бітті, адами тұтастықты тал бойына сыйдыра алғанына сенер-сенбесіңді білмей таңырқайсың. Торқалы той мен топырақты өлім үстінде ұшырасып, апыл-ғұпыл тіл қатысып үлгеріп, сан тарапқа тартып кететін қарбалас шақтардың бәрінде Гүлнәр ыңғай ауылдың ибалы келіні боп от басы, ошақ қасынан табылатын. Күндердің күнінде ұстаздық қызметтің жұмысбасты науқаны басталып, бір көрініп кетуге ғана шоласы келетінді шығарған Гүлнәрдің бәлсініп, тәлпіштену дегеннен түк жоқ жаратылысының қадірі кенеттен арта жөнеледі деп ойламаппыз да. Қаладан ауылға келген сайын шаңырағына бір бас сұғып кетпесек, көңіліміз көншімей аңсап тұратынға айналдық. Сондайда болашақ жарын қапысыз таныған Серікке разы болмағанда қайтесің. Алты жыл бойына бірге оқыған Гүлжан бойында осы әулет мүшелеріне жалпы тән сабыр мен салмақ бола тұра, ұнамаған жағдайда қандай ортада болсын ашықтан-ашық қабағын шытып, бірден кесіп айтып тастаудан тайынбайды. Көп жылдарды өткеріп барып арттағыға көз салған кезде шарт кетіп, морт сынатын жағдаятты жағымды мінезімен жұмсартып, жайма-шуақ халге дереу ұластырып, жарастырмай тынбайтын артықшылықтар көбіне кино мен кітаптан ұшырасатындай көрінсе де, әлдеқашан сүйегі қураған әруақ әжелердің ақынжанды романтикаға толы ерекшеліктері Гүлжанның бойынан молынан кездесетін. Неше қилы нойыс та бітіспес бірбеткей үстем әрекеттердің барысында Гүлнәр әйелдік көз жасына ерік беріп, осалдық танытқан емес. Бойын қанша ашу билесе де, өткерген оқиғаны аптығып, апшысын қуырмастан байсалды да байыпты баяндайтын. Адам жанын түсіну ақыретінде болмыс кеңдігін байқату басқадан гөрі әйел баласына қиын тиетін шығар, бәлкім. Гүлнәр құдай жаратқандағы қалыптан бір өзгеріп көрген емес. Қылт етпеден кісінің көңілін тапқыш әм жұғымтал да желпең ортаның еркеліктерін жекелеген үзіктер арқылы өзінше кейіптеп ап, сықылықтап тұрып рақаттана күлетін еді жарықтық. Гүлнәрді жер қойнына тапсыру үстінде көпшілік ішінен суырылып шыққан жігіт ұсқыныма зер салып қарамастан кезектегі шараны үстемелетіп айтып, нығырлай түскені. Адам іштей егілгенде өзіне-өзі ие бола алмай сыртқа сыр ашып қоятын осалдығы осындайда біліне ме, жан баласына сездірместен оңашаға қарай безіп жөнелгің келеді екен. Жас кептелген көзің удай ашып, көкірегіңді кеулеген ыстық дем кернеген бойы тырситып әкетіп барады. Мұнша насай топыр арасынан оқыстан Қайратты көзім шалып қалып, өз-өзінен жүрегім шым ете түсті. Тұнжыраған ойсоқты кейпі Гүлнәрдан аумайтыны сонша – қаршадайынан етене таныстығы туғаныңдай жақын тұту сезімі өршіп, ерік бермей кететіндей. Жолыққан сайын жоғары лауазымына қарамай жасы кішілік салтты сақтап, жайдары амандасқан кезде – тімтініп іздейтінің баяғы пендешілік ой. Әбдіразақ әулетінің түгеліне тән қоңырқай жанардың жұмсақ аясының себезгілеген нұры дем арасында тұла бойыңа тарап, жайбарақат халге көшіртіп үлгіртетіні көп адамнан кездестіре қоймайтын қасиет. Қайрат жымиысының сырында дидар ғайып қуанышының алауы риясыз сезілетіні әулет игілігінің бір парасы ма дейсің де, «о, қайран Гүлнәр!» деп көкірегің қарыс айрыла ауыр күрсінесің. Жақсы мен жаман парқына ат басын бұрмастан мінез біткеннің іс-әрекет ерекшелігіне үңіліп, сыры мен сынын сипаттаудың қас шебері еді. Қайрат інісі жайындағы әңгімеге сараң баратындай көрінетін. «Қалтамыз қағылып, қысылып отырғанымызды Қайратқа құдай сездірді ме, жаңадан құйылған үй іргесіне бірталай ақша тастап кетті» дегенді екіұшты емеурінмен әшейін білдіретін де қоятын. Елбіреп-елжіреп, алып-ұшып асығып-аптықпаған осы мінез мақтан-әспеттен ауылы алыс, бауырлық міндеттерді орындаудың бұлжымас заңы тәрізді. Айналасындағы үлкен-кіші, құрбы-құрдас, дос-жаран бойларындағы өзгешелікті аулай қойып, тұп-тура көз алдында тұрғандай тірілтіп айту қасиеті Гүлнәрға тікелей кімнен келді екен деген ой ара-тұра мазалайтын. Сонсоң бұл ерекшелік Самат пен Мұхитта да барлығына көз жеткізіп, құрдас, құрбылығынан ба, бәрібір Гүлнәрға жете алмайтын сияқтанатын. Байқампаздығына қазақы бояу мен сайқымазағы қосыла тұра қасындағыларды жабырқатып жатырқату дегенді білмейтін Гүлнәр әңгіме ауанын дереу басқа арнаға ауыстырып жіберуге тырысса, әулет еркесі Мұхит сөз арқауын шыжымдап ұстап алып, ары қарай желісі үзілмей өрбуіне тамызық тастайды. Самат оны үрлей түсіп, лаулата жандырып әкетіп, айнала төңіректі қыран-топан күлкіге қарық қылатын. Гүлнәрдан кейін араға бірнеше жылды салып барып Самат бауырымыз кеткенде өмір өткіншілігін шарасыз мойындап, терең дендеп ойлауға жүрек дауаламаған сезім біраз шама санаңда қосанжарласа тұрып алып еді. Сексеннің сеңгіріне шыққан мерей тойында ақтарылған ақжарылқап тілектердің ағынды екпінін сабырлы қабылдаған Тұрар шешеміз ұзақ жылдар сорабын тура осы арадан шолғандай шаралы көзіне ой үйірілгенін аңдап едік. Бет ұштарынан болымсыз білінген алау қызылы разылығы мен тәубесіне ұқсап, мөлт еткен қарағының тұнжыр тереңінен құнарланған ажары нұрлана түскендей. Әбдіразақ әулетінің төлбасы Гүлнәрмен жақын-жуық араласып, жан дүниесіне тәуір бойлаудың арқасында осынау шаңырақтың әрбір мүшесін жарқын сипаттауға қиналмайсың да, қысылып-қымтырылмайсың да. Осы аяулы есімге марқұм дегенді қосақтап айтуға біраз жылды өткеріп барып, көндіккеніміз рас. Әкесінің қас-қабағынан гөрі ажары анасына көбірек келетін Гүлнәр арқа-жарқа дастарқан басында үндемеген күйі әуелі қақас отыратын. Бір уақыттарда ағыл-тегіл сөйлей жөнелгенде әнтек бүйрек пішіні жазылып, қоңырқай жанары құймырлана күлім қағады. Әңгіме ауанына ықылас ниеттерге сай мінез-құлықтар іліккен кезде Гүлнәр жан дүниесінде бейне жазбай-жаңылмай өлшейтін аспап тетігі бар тәрізді өзгеше рең алатын еді. Оғаш та орашалақ қадамдарға себепкер жазғандардың әулекі қылықтарын күлкілі баяндаса да, кектенген немесе көрнеу жақтырмаған сарынның жұқанасы да сезілмейтін. Гүлнәр өз кесімін үкім шығарудан аулақ, дос тұтып айтудан жалықпайтын. Жазатайым аузына іліккен адам бұдан былай саған жақсы таныстай көрінетін. Соның арқасында кездейсоқ мінездерден өзіңше сақтанып та жүресің. Жағымды-жағымсыз әсер турасындағы түпкілікті ойын жария қылмайтын жұмбақтығы да бар еді. Әулет тұтастығын көздеген Тұрар анасының тұжырымын сөз арасына тұздықтап қосып қоюдан танбайтын. Кейбір жайларды қайталап сұраған кезде бұрыннан мазалаған нәрсенің жауабын аяқ астынан кезіктіргендей разы қалыпқа тез көше қоятын. Сырқатқа душар боп, дерт меңдей бастаған шақта елпелек қаққан елжіреуік болмаса да, інісі Қайратқа бейне анасындай мейрімін төгетінді шығарып еді. Біз пенделер сырттай бақылап жүріп-ақ ішке кіріп, толық бойлағандай сезінетініміз шындыққа қаншалықты жуықтайтынын кім біліпті. Мыңдаған жылдардан бермен көлденеңдеген осынау сауалға тап келген тағдырлар арқылы жауап берілетіні тағы да аян. Мәми әулетінде кіршіксіз таза бауырмал ахуалды орнатқан Әбдіразақ ақсақал да, оның қасиетті жалауын қолынан түсірмей балаларына аманаттаған Тұрар анамыз. Бірақ бәрі айтқанға ғана оңай. Гүлнәр мінезіне келетін көпшіл Самат ініміз қайтыс боп, жер қойнына тапсырғаннан кейін елге сөзін арнаған Қайрат бітімі күйініш сұрапылына төтеп беріп тұрып, толғаған ойы әлі күнге дейін көкейде. Күні кеше ғана Гүлжан дүниеден өткенде ауыр ахуалды серпілту Алла Тағаланың еркіндегі шара екенін еріксіз ойлайсың. «Жетеу едік, өліп-өліп үшеуміз ғана қалдық» осы әулет үлкенінің аузынан шыққанда «көзіме жас бер жылайын, сабыр бер шыдам қылайынға» жүгінгенін аңдадық. Сол кезде өзіңді Тұрар шешеміз бен Гүлнәр құрбымыздың орнында тұрғандай тебіренген едік. ...Көзкөргеннің аты көзкөрген. Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ