• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
12 Қараша, 2016

Кітап жәрмеңкесінің үшінші күні

296 рет
көрсетілді

үздік туындылармен және ұлт тұлғаларымен қауыштырды Кеше Астана жұртшылығы «Көрме» орталығында өтіп жатқан «Eurasian Book Fair-2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің үшінші күніне куә болды. ТМД, Азия және Еуропаның отыздан аса мемлекетінің баспа саласындағы өкілдері заманауи туындыларын, құнды қазыналарын ұсынған мереке аясында түрлі шаралар да толастаған жоқ.   «Есіл ағады» – елдің қолында Астанада алғаш рет ұйым­дастырыл­ған халықаралық шара аясындағы жиындардың бірінде белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың әлі сиясы кеуіп үлгер­меген «Есіл ағады» атты жыр жинағы таныстырылды. Қарағандылық ақын Серік Ақсұңқарұлы автордың өлең өлкесіндегі қарым-қабілеті, шығармаларындағы тереңдік туралы ой-пайымдарын ортаға салды. «Ғалымның лирикалық қуаты қандай болса, эпикалық қарымы да соған жетеқабыл, тiптi, одан да артылып жататынын «Ақ сиса», «Киiк қашқан», «Бiрегейдiң қызылы», «Қара орамал», «Тамакөшкен» поэмаларынан анық көруге болады. Оларда сөздiң салма­ғынан гөрі, ойдың салмағы ауыр. Махаббат лирикасын азаматтық лирикасындай, азаматтық лирикасын махаббат лирикасындай жазатын ақын дастандарында да қазақтың атойлаған асқақ рухы алдымыздан шығады да отырады» деді қаламгер кітап авторы жайында. Ғалымдар М.Мырзахметұлы, С.Неги­мов, А.Кеңшілікұлы Ғ.Жай­лыбайдың шығармашылығы жайында өрелі ойларын білдірді. Жиылған жұрт ақын жырларымен сусындады. Осы күні «Көрме» орталы­ғында көпшілік «Жамбыл Жа­баев» энциклопедиясымен, «Ги­тара үйренудің толық курсы» кітабымен, О.Памуктың «Сезім музейі» туындысымен және басқа да шығармалармен танысты.   Жазушы мен оқырман жүздесуі Кітап көрме-жәрмеңкесінің үшінші күні оқырманды тағы бір сүйікті жазушысымен қауыш­тырды. Белгілі қаламгер әрі көптеген философиялық шығар­малардың авторы Төлен Әбдік жастармен кездесті. Басқосуды жүргізіп отырған айтыскер ақын Дәулет­керей Кәпұлы алдымен жазу­шының шығармашылығына тоқталып, оның тағылымын әңгімеледі. Кеш иесі оқырмандарының сауалдарына жан-жақты жауап беріп, өмірдегі ақ пен қараның, мейірім мен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың тартысы туралы сыр тарқатты. «Кітап жазу, оның ішінде фило­софиялық туындыларды дүниеге әкелу оңай емес. Ұзақ ойдың жетегіне еріп, халық ауыз әде­биетін, қазақ әдебиетін былай қойғанда, әлем әдебиетін қопара оқуға тура келеді. Айталық, біз тарихта Жәңгір ханды «мектеп салды, балалардың сауатын ашты» деп, зұлымдығын көзге ілмейміз. Қазақтың маңдайына біткен Махамбет батыр: «Хан емессің, қасқырсың, Қас албасты басқырсың. Достарың келіп табалап, Дұшпаның сені басқа ұрсын!» деп неге айбат шекті онда. Әлбетте, Жәңгірдің халқына тізесі батты, аярлық жасады, билі­гін пайдаланып, белден бас­ты. Сондықтан да ақын бір кездері өзін қасына шақырған ханына жағынбай, қайта тілімен аямай сыбады. Ал біз тарихтағы ақ пен қараны ажырата алмай, Жәңгірді бәрібір жаманатқа қия қоймаймыз. Ал Махамбет жанының тазалығы мен ұлтына адалдығын кірлет­пей, бол­мысындағы бекзадалықты сақ­тап өтті өмірден», деді жазушы.   Ясауи – кісілігіміздің тірегі, Баласағұн – мемлекеттігіміздің ұстыны Биыл Қожа Ахмет Ясауидің дүниеден озғанына 850 жыл толса, Жүсіп Бала­сағұнның 1000 жылдығы аталып өтілуде. Тарихи қос тұлғаға арналған келелі жиынды Түр­кі академиясы халықаралық ұйымы ұйымдастырды. Ғалымдар, қоғам қайрат­керлері, мемлекеттік мекемелер мен дін өкілдері қатысқан басқосуды тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі ашып, жүргізді. «ЮНЕСКО деңгейінде тойланып жатқан мерей­тойларға арналған шара Астанада тұңғыш рет өтуде. Түрік елінің ойшылы Яхия Беят­лының: «Ұлт ретінде өмір сүріп отырсам, Ясауиге қарыз­дармын» дегені бар. Ал Жүсіп Баласағұн ең алғаш саясатна­маны жазды. Осы еңбегімен ол мемлекетшілдік, адамгершілік және Мәңгілік ел туралы идеяны нығыздап берсе, Ясауи рухания­т негізінде мәң­гілік жолды көрсетті. Демек, бірі – мемлекеттігіміздің ұсты­ны, бірі – кісілі­гіміздің тіре­гі», деді ол алғысөзінде. Жиын барысында философия ғылы­м­дарының докторы, теолог Досай Кенже­тай Қ.Ясауи ілімінің құндылығы төңі­регінде баяндама жасады. Мемлекет жә­не қоғам қайраткері Жабайхан Әбділ­дин Ж.Баласағұн мұрасының бүгін де салмағы жоғалмағанын әңгімеледі. Белгілі ғалым Мекем­тас Мырзахметов пен академик Болат Көмеков тарихи тұл­ға­лар­дың тағылымын қаузап, олардың рухы әр ғасырда қазақпен жасай бере­тінін жеткізді. Басқосу Ясауи атындағы Ха­лық­аралық қазақ-түрік уни­вер­сите­тінің про­ректоры Мұстафа Ереннің, Дін мәселелері жөнін­дегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызының, Қазақ­стан мұсыл­мандары діни басқар­масының найб-мүфтиі Наурызбай Тағанұлының, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің профессоры Сатай Сыз­дықов­­тың сөздерімен жалғасты.   Ұлы Дала аруы Елордалықтар кеше қазақтың ару қыздары туралы көлемді роман жазған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қа­лам­гер Шәрбану Бейсенованың «Сүйінбике. Ұлы Дала аруы» атты кіта­бымен танысты. Қазақ жұрты батыр қыздан, ақылды анадан кенде болған емес. Солар­дың бірегейі Сүйінбике Жүсіп­қызы мен Сүзге жайлы деректі материал­дар жинағы туралы алғашқы сөзді Мәжіліс депутаты Қ.Сұлтанов айтып, кітаптан алар тағылым жайында әңгімеледі. Академик С.Қасқабасов ұлт тарихына тереңдеп барса, профессор Т.Жұртбай қазақ қыздарының керемет қасиеттерін тілге тиек етті. Қоғам қайраткері О.Асанғазы қазақ бір жоғын қайта тапқанын айтып, оған еңбек сіңірген кітап авторына алғысын білдірді. Белгілі суретші К.Муллашев Сүйінбикенің бойына Тәңірім сұлулықты да, ақылды да бергенін еске салды. Профессор Б.Аяған алыс тарихтың, Сүйін­бикедей ақыл иесінің жұртымызға оралуына ұйытқы болған азаматшаларға алғысын жеткізді. «Егемен Қазақ­стан» республикалық газеті» АҚ Бас­қарма төрағасы Д.Қыдырәлі татар халқының символына айналған Сүйін­бикенің тақсыретті тағдырының түркі халықтарының тауқыметті тарихымен тамырлас екенін айтты. Тұсаукесер соңында Ш.Бей­сенова жиналған жұртқа алғысын білдіріп, қазақ қыздарының бойындағы ұлы дәстүр ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанын, кешегі Әлия мен Мәншүк, бүгінгі қайраткер қыздар қаншама, дей келе, оларды мақтан ететінін паш етті. Шараны жүргізіп отырған талантты ақын, білімді ғалым, кітаптың шығуына жанашыр болған Жанат Әскербекқызы: «Сүйінбикенің төркін жұрты біз болсақ, тастай батқан жері татар елі. Ендеше, екі жұрттың ортасындағы алтын арқау болған аяулы апамыздың 500 жылдық мерей­тойына орай шыққан туын­ды­ның жөні де, жолы да бөлек», деп түйіндеді. Сүлеймен МӘМЕТ, Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»