Кеше Астанада Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты мен Қазақ ұлттық өнер университеті бірлесіп Францияның Қазақстан Республикасындағы елшілігі қолдауымен «Қазақстандық кинематографияның өзекті мәселелеріне француз киносарапшыларының көзқарасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
«Қазақстан Республикасындағы 2050 жылға дейінгі кинематографияның даму Тұжырымдамасы» жобасын әзірлеу аясындағы шара әйгілі француздық сарапшы, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің кинематографиясы бойынша Юнифранстың жетекші маманы Жоэль Шапронның, сондай-ақ, мәдениет және өнер саласындағы кинематографистердің, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен шығармашылық иелерінің қатысуымен өтті.
Айта кету керек, бүгінгі таңда француз кинематографиясы көптеген елдер үшін эталондық үлгі болып табылады. Франция – ұлттық кинематографияға ерекше назар аударуымен алда келеді және осы үшін қажетті барлық жағдайларды қарастырып отырған ел.
Дөңгелек үстел барысында Жоэль Шапронның және Присилла Жессатидің «Француз киносының тетіктері және қағидалары» және «Франциялық кинотеатр – ғасыр ұзақтығындағы аншлаг» кітаптары таныстырылды. Басылымда француз киносының ұлттық және әлеуметтік қалыптасуы, киноны қаржыландыру жүйесі және Франциядағы киноландыру көрінісінің үрдісі жайлы жан-жақты айтылады. Мұндағы құнды деректер мен алуан түрлі мәліметтер тек кино индустриясы өкілдеріне ғана емес, сонымен қатар, кино өнерін бағалаушы жалпы көпшілік үшін де өте-мөте қымбат қазына болып саналады.
Дөңгелек үстелді өткізу идеясы қазақстандық кинематографияның даму жолына бағытталған және де Франция тәжірибесіне негізделген. Жоба бойынша Қазақстандағы 2050 жылға дейінгі кинематографияның даму тұжырымдамасы, киноөндіріс, фильмдер көлемінің ұлғаюы, сала дамуын қолдау және жоғары көркем туындылардың шығарылуы, кинотеатр желілерінің кеңеюі мен жетілдірілуі, кино саласының экономикалық дамуы мен қазақстандық киноөндіріске инвестицияның тартылуы, кинобілім сапасының дамуы, зерттеу қызметі, сондай-ақ әлемдік тәжірибедегі қазақстандық киноөндірістің интеграциясы мәселелерін талқылау жоспарлануда.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»