• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
14 Қараша, 2016

Аспирин қатерлі ісікті емдей ала ма?

3200 рет
көрсетілді

  Ацетилсалицил қышқылын немесе ауызекі тілде айтқанда аспиринді екінің бірі ішеді. Ол кез-келген үйдің дәрі салғыш қорабынан табылады. Көбіне біз оны жеңіл-желпі ауруды басу үшін, жаурағанда суық тиіп аурудың алдын алу үшін қолданамыз. Дегенмен, бұл препараттың басқа да қасиеттері туралы білген жөн. Өйткені, оның көп пайдасымен қатар зиянды жақтары да бар.  

Тарихы

Аспириннің тарихы сонау әріден басталады. Ежелгі римдіктер жаралы мен науқасты талдың қабығымен емдеген екен. Мәліметтерге қарағанда, заманымыздың бірінші ғасырында Диоскур есімді дәрігер де ақ талдың қабығын қайнатып, оны тұз байлану мен сарп ауруларын емдеу үшін пайдаланыпты. Ежелгі грек дәрігері Гиппократ та осы әдісті ауыруды басу үшін және дене қызуын түсіретін дәрілер дайындауға пайдаланыпты. XIX ғасырдың соңына таман Bayer компаниясының фармацевті Феликс Хоффман сарп ауруымен ауыратын әкесінің дертін жеңілдетету үшін дәрі жасауға кіріседі. Араға жылдар салып дайындап шыққан ацетилсалицил мен сірке қышқылының қоспасы аса үлкен жаңалықтың басы болады. 1988 жылы Берлиндегі Императорлық патенттік ведомство тіркегеннен кейін бұл дәрі «Аспирин» деген атаумен сатылымға шықты. Оның атауы екі сөзден құралған: «а» – ацетил, ал «спирт» (spiraea) сөзі – ең бірінші рет химиялық жолмен салицилді қышқыл бөліп алынған тобылғы тал сөзінің латыншасы. Көне замандардан бері дамудың талай сатысынан өтіп келіп, қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында адамның өмірі үшін аса қажетті дәрілер қатарынан орын алып отыр.  

Пайдасы

Адам ағзасындағы простагландиндердің (ауырып тұрғанда қандағы тромбоциттердің бірігуіне жол ашып, науқастың дене қызуын көтеретін топ) түзілуіне қарсы тұрады әрі аурудың бетін қайтарып, дене қызуын басады. Жүрек ауруының көптеген түрінде қан қоюланып, құрамында тромбоцит түйірлері пайда болады. Ал аспириннің қанды сұйылтатын қасиеті тромбоциттердің тығындалып қалуының алдын алады. Темекі шегетін, холестерині көп, қан қысымы жоғары, салмағы шамадан артық адамдардың қан құрамында өзгерістер жиі болатындықтан, аурудың осы түріне бейім келеді. Жүрек қан тамырларын емдеу кезінде науқастарға күніне 75-325 мг мөлшерінде беріледі. Ал көптеген адамдар аталған қиындықтарға тап болмас үшін, аурудың алдын алу мақсатымен де ішеді. Алайда, оны әр алты сағат сайын қабылдау мөлшерден артық қолдану болып есептелетінін қаперде ұстаған жөн. Жиілеп кеткен жағдайда кері әсер беруі мүмкін.  

Аспиринмен ісік ауруын емдеге бола ма?

Адам аспиринді тұрақты түрде ішіп тұрса, асқазанның қатерлі ісігіне шалдығу қаупі 48 пайызға азаяды екен. Бұл зерттеу жұмыстары Америкадағы ауруханалардың бірінде жүргізілген. 1000-нан астам пациент қатысқан жұмыстың нәтижесі Cancer Epidemiology Biomarkers & Prevention басылымында жарық көрді. Ал Оксфорд университетінің бір топ ғалымдары бұл дәріні 3-5 жыл көлемінде күнделікті үзбей қабылдап тұрса, ракқа шалдығу көрсеткіші 30 пайызға дейін төмендейтінін анықтаған. Соңғы зерттеулер нәтижесі аспириннің сүт безі, тері, ішек ісіктері ауруларымен ауыратын науқастардың иммунды жүйесінің белсенділігін арттыратынын көрсеткен (зерттеу қорытындысы «Cell» журналында жарияланған). Ісік жасушаларының иммундық шабуылдан бүркеніп қалатын әдістерінің бірі – Т-жасушасымен бірігіп алуында. Т жасушалары «бөтен» жасушалардың, яғни бактериялардың, вирустардың көзін жойғанмен, ісік жасушаларына қарсы тұрудан бас тартады. Жарақат алған адамның денесінде тромбоциттер жиналып қалып, қанның тоқтауына әкеледі. Ол сондай-ақ, ісік жасушаларының төңірегіне де тұрақтап, ісіктің жасырынып қалуына апарады. Аспириннің бұл кездегі пайдасы зор. Қанды сұйылтып, ағзаның қорғаныш жүйелеріне ісікті анық көрсетіп береді, яғни қауіпті аурудың денеге тарап кетуінен және де метастаз беруден (өзге ағзаға өтіп кету) сақтап, өсуін де тоқтатады. Алайда мамандар әзірге аспирин ісік ауруларынан толықтай айығуға септігін тигізеді деп кепілдік бере алмай отыр.  

Зияны да бар

Аспириннің пайдасын білген соң оны күнделікті пайдаланып тұру керек екен деген ой келуі мүмкін. Алайда, құрамында бір емес бірнеше химиялық қоспалар болғандықтан, науқастың ауруына шипасын тигізгенмен, сау жеріне кері әсерін тигізуі мүмкін екенін ұмытпаған абзал. Медицина саласы мамандарының айтуынша, ішке қан кету ауруына бейім жандар, гастрит, асқазан жарасы, астма, аллергия, ішкі ағзалардың созылмалы аурулары (өкпе, бауыр), жоғары қан қысымы бар адамдар бұл дәріні қолданудан мүлдем бас тартуы қажет. Немесе дәрігерлердің рұқсатымен ғана белгілі бір мөлшерде пайдаланғаны дұрыс. Тұмау, шешек ауруы кезінде де ішуге болмайды. Себебі, ол «Рейе» синдромына, яғни бауыр энцефалопатиясына, тіпті адамның қайтыс болуына әкелуі ықтимал. Зерттеу жұмыстары аспиринді 15 жасқа дейінгі балалардың ішуіне болмайтынын анықтаған. Ұзақ жылдар бойы беделді медициналық басылымдар аспиринді күнделікті аздаған мөлшерде пайдаланса, қауіпті аурулардың алдын алуға септігін тигізетіні жайлы жазып келген еді. Алайда, соңғы жылдары жүргізілген тәжірибе жұмыстары кезінде дұрыс пайдаланбағанның салдарынан ішке қан кетудің айтарлықтай жоғарылайтыны анықталды. Бүгінде әлемнің көптеген дәрігерлері ацетилсалицил қышқылын емге тек жүрек ауруына шалдыққаны анықталған жағдайда ғана қолдану керектігін, ал түрлі дерттің алдын алу үшін аспириннің ең жақсы препарат бола алмайтынын ескертеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын дәрі-дәрмектің қолайсыз әсерлерін зерттейтін Ресей мемлекеттік орталығы бұл препаратты ішудің кейде ауыр жағдайларға соқтыратынын анықтаған. Адам бойына аспирин сіңгеннен кейін ағзада салицилді қышқыл қалыптасып, ұзақ уақыт бойы қан құрамына сіңіп, соңы улануға жалғасады екен. Бір түйірінің кішкене ғана бөлігі бас ауруына, ұйқышылдыққа, құлақ шыңылына себепші болады. Ал тым көп қолданған жағдайда ішкі ағзалардың, негізінен бауырдың жұмысына кері әсерін тигізіп, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Аспириннің көзге айтарлықтай зияны бар. Бірнеше жыл бұрын JAMA Internal Medicine басылымында австралиялық ғалымдар аспирин дәрісі адамның көру мүшесіне де кері әсерін тигізетінін, тіпті соқырлыққа дейін жеткізетіні туралы айтқан болатын. Еріктілердің қатысуымен 15 жыл бойы жүргізілген тәжірибе жұмыстары кезінде қатысушылардың 9,3%-на макулодистрофия, яғни көздің ішкі тор қабығының және орталықтандырылған көру жүйесінің зақымдануы деген диагноз қойылыпты.  

Қалай қолданған жөн?

Ғалымдардың зерттеуі бойынша бұл дәрі халі мүшкіл жандарға ғана шипа, ал дені сау адамға қауіпті болуы мүмкін. Аспирин құрамы қышқылдан тұратыны себепті ас қорыту мүшелерінің шырышты қабығына зиянын тигізіп, гастритке, эрозияға ұшыратуы мүмкін. Жара түсіру қаупі де жоқ емес. Осы себепті, мамандар оны астан кейін қабылдауды, оның өзінде бір түйірі үшін кем дегенде 300 мл су ішуді кеңес етеді. Асқазанның шырышты қабығына зияны тимес үшін алдымен сүт немесе сілтілі минерал суын ішіп алған жөн дейді дәрігерлер. Аян Әбдуәли, «Егемен Қазақстан»