• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
14 Қараша, 2016

Айгүл Кемелбаева. Қаллеки театры халықпен бірге жасамақ

587 рет
көрсетілді

Елорда мәдениетінің қарашаңырақ өнер ордасы – Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ театры бұл күндерде қалың көрерменімен бірге өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ел газеті «Егемен Қазақстан» Тәуелсіздігіміздің төл құрдасын осынау айтулы мерекесімен құттықтай отырып, мерейлі театр туралы мақаланы байғазы етеді. 1991 жылы 15 қарашада алғашқы премьерасын халыққа ұсынып, «Беу, халайық, бұл шаһарда қазақ драма театры туды!», – деп жаңа өмірге келген Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық қазақ театры қуана сүйіншіледі. Бұл қадам Ақмола жеті жылдан соң қазақтың бағына ел астанасы атанып, елдік брендке айналарына игі бастама, жарым ырыс болған тәрізді. Ширек ғасыр бұрын дүниеге келген театр қазір жиырма бестің кербез салтанатын анық таныта бастаған белгілі өнер ұжымына айналды. Қаллеки театрының алғашқы бас режиссері Жақып Омаров қазақ театр әлемінің қайталанбас тұлғасы Әзірбайжан Мәмбетовтың төл шәкірті, ізбасары, сенімді серігі болды. Жақып Омаровтың ұлтын сүйген кісілік қасиеті кейінгі буын үшін үлгі боларлық. ҚР Халық артисі Қадыр Жетпісбаев, Кеңес одағының Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лаураеты, «Халық қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов әр кезеңде жас театрдың іргесі нығая түсуіне тер төкті. Қазақ өнеріне еңбегі сіңген Шәміл Жүніс, Рымкеш Омарханова, Болат Ыбыраев, Түймехан Атымтаева, Бақыт Исабекова, Кеңес Нұрланов, Гүлбаршын Қылышбай, Айман Аймағамбет, Асхат Сұлтан театр шымылдығын ашқан артистер тобы. Қазақстанның халық артистері Гүлжаһан Әспетова, Тілектес Мейрамов, ҚР еңбек сіңірген артистері Ақыш Омар, Лейло Бекназар-Ханинга, Жұмагүл Мейрамова, Нұрзада Тәшімова шығармашылық топтың қуатын арттырды. Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Жанат Шайкина, Күлия Қожахметова, Әлімбек Оразбек, Нұрлан Жұманиязов, Болат Ұзақов, Боранбай Молдабаев актерлік құрам және режиссурада тынымсыз еңбек етіп жүрген салмақты өнер иелері. Театр басшылығы – көркемдік жетекші, беделді режиссер, Халық артисі Талғат Теменов, директор Айболат Сексенбаев театрдың шығармашылық әлеуеті арта түсіп, мәртебесі зорайып өсе беруіне оң ықпал жасап отыр. Қаллеки театрында атақ-мерейін түстеп айтпаса да ел танып, табиғи талантын қадірлейтін мықты артистер шоғырланған. Театр республикадан тыс жерлерде бақ сынасқан үлкен сайыстарда ел абыройын асырып, биік тұғырлардан көрінуде. Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» атты драмасы бойынша Талғат Теменов қойған «Тырау, тырау тырналар» атты спектаклі 2015 жылы желтоқсанда халықаралық XII Мәскеу халықаралық театр фестивалінде «Золотой витязь» Гран-При сыйлығын жеңіп алды. VI Славян өнері форумына ТМД елдерінен 120 театр қатысуға тілек білдіріп, іріктелген 14 театрдың арасынан Қаллеки театры үздік шықты. Зибагүл Қарина, Майра Омар, Жәнібек Мұсаев, Мейрам Қайсанов, Асылбек Қапаев, Ерлан Малаев, Қасымхан Бұғыбай, Алтынай Нөгербек, Ержан Нұрымбет, Жанқалдыбек Төленбаев, Қуандық Қыстықбаев, Нүркен Өтеуілов, Айнұр Бермұхаметова, Сырым Қашқабаев, Бақыт Жұмағұлова, Айнұр Жүгінісова, Сая Тоқманғалиева, Самат Байыров,Аманжол Молдахмет, Айшолпан Ибраева, Бақытгүл Батырханова – бұл топта киноға көп түскен экран шеберлері, ел таныған артистер баршылық. Бұлар өтпелі тар кезеңде қиынға соққан өнер жолынан ауытқымаған жандар. Қаллеки театрының басшылығындағы тұйық су сияқты қалыс қалудың өнер ордасы үшін зарарлы екенін білетін мамандар сырттан жаңашыл кәсіби режиссерлерді жиі шақырады. Бауырлас башқұрт елінен арнайы шақыртылған жас режиссер, өнер қайраткері Айрат Абушахманов Олжас Жанайдаровтың «Жұт» атты спектаклін Қ.Қуанышбаев театрында қойды. Биылғы көктемде классик жазушы, драматург Антон Павлович Чеховтың «Шие бағы» атты әйгілі пьесасын ресейлік беделді режиссер Сергей Потапов «Шие» атауымен қойды. Ол 2016 жылы 12-16 қыркүйекте Ақтөбе қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған XXIV республикалық фестивальде «Үздік спектакль» атанды. Ал Орта Азия мемлекеттерінің «Қазақстан – Евразия жүрегі» атты VI халықаралық драма театрларының фестивалінде спектакль екінші мәрте Гран-При жүлдесін ұтып алды. Премьерада якут халқының әйгілі азаматы Сергей Потапов Уфада өткен халықаралық театр фестивалінде жолығып, өзін қазақ еліне шақырған Қаллеки театрының директоры Айболат Жанғалиұлына шынайы алғысын білдірді. «Шие» спектаклі қазақ театрына жаңа тыныс, өзгеше сипат алып келуімен құнды. Театр сыншысы, өнер қайраткері марқұм Әшірбек Сығай осы ұжымдағы шығармашылық құрамның халыққа таныла беруіне қалам қуатын жұмсады. Қаллеки театры әлемдік драматургияны, қазақ авторларын жиі сахналайды. Республикамыздың әр түкпірінен жас режиссерлерді шақырып, пьеса қойғызу үздіксіз ізденісті талап ететін жанды құбылыс. Көркемдік жетекші Талғат Теменов Қаллеки театры артистерінің жеке-жеке шығармашылық портретін жасау болашақта жарық көретін жаңа кітаптың әр тарауы деп санайды. Бұл-дағы біртіндеп жүзеге асырылып жатқан жаңа творчестволық жоба. Қаллеки театры елордалық мәртебеге сай жаңа ғимаратқа ие болуды асыға күтуде. Еліміз өркендеп өскен сайын елдік мұратты биіктете беретін, ұлттық құндылықтардың бағын асыратын руханияттың жолы бола береріне сенім мол. Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты