Өңірде бүгінге дейін 67 мешіт жұмыс істеп келсе, енді олардың қатары тағы да екеуімен толықты.
Алла тағалаға құлшылық ететін қасиетті орынның бірі Айыртау ауданы Кирилловка ауылында тұрғызылды. Оның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде ҚМДБ-ның облыстағы өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы Қазақстан мұылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ыстық лебізге толы құттықтауын жеткізіп, демеушілік қолын созған жеке кәсіпкер Ақылбай Сыздықұлына алғыс хат табыс етті. Аудан әкімі Ағзам Тастеміров ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жұртшылық игілігіне берілген мешітке тарту-таралғы жасады.
Есіл ауданы Петровка елді мекенінде де іске қосылған аспан түстес күмбездері бар мешітке жергілікті жамағат жиналып, намазға жығылды. «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы, аудан әкімі Мұратбек Әбішев жылы лебіздерін білдірді. Мешіт құрылысын салуда белсенділік көрсеткен Төлеген Қабдөшевке алғыс айтылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы