• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2011

Не әкім бол, не археолог бол!

473 рет
көрсетілді

Үкімет назарына

Жергілікті ауқымда қозғала беретін мәселеге нүкте қоятын мемлекеттік деңгейдегі шешім қабылданса, шіркін! Тараз қаласына әкім болған шенеуніктердің көзі Елбасы тия­нақтап тапсырған өндіріске, өнер­кәсіпке емес, базарға түседі. Түс­кенде, баға мен салыққа бас-көз болатын парасатты басшы ретінде хал-жағдай сұрай келсе жақсы ғой. Жоқ, олар күрегі мен қайласын арқалаған археологтарша «базар­дың астында көне қала бар, соны қазу керек» деп күшке мінеді. Бір қызығы, жиырма жылға жуық уақыттан бері күрек-қай­ла­сын шошаңдатып келе жатқан «әкім-археологтарға» базар бас­шы­ларының да, «базар жағалап» күн көрген қарапайым халықтың да еті үйренген. «Е-е, бұл да баяғылардың жолын құшып, ел-жұрттың алдында ұятты болайын деп жүр ғой» дейді де қояды. Өйткені, сол тұста «базардың астында көне қала ғимараттары көміліп жатыр» деген мәлім де беймәлім дерек пен дәйекке иек артып, «қазба жұмыстарына» шұғыл кірісіп кеткен. Тұрпайы археологиялық «қазба жұмы­сы­ның» аяғы сиырқұймышақтанып, екі шұңқырмен тәмам болған. Ал ойдан-қырдан жиналған жал­да­малы жұмысшылардың ізі өшкен соң әлгі шұңқырлар базардың жу­ынды-шайынды төгіп, қоқыс тастайтын орнына айналды. Абыз тарихтың сақалына жарма­сып, бетіне түкірудің еш өңірде болмаған осы сорақы мысалынан қазіргі әкімдер қорытынды шы­ғарудың орнына, тағы да  архео­логтардың «бақшасына» түсіп, «қазамыз» да, «қатырамызға» басуда. Сондықтан біздің көңілімізді алаңдатып, қолымызға қалам алғызған «Базар астында жатқан көне қаланы қазу керек» деген ұсынысты археологиялық қазба жұмыстарының ел деңгейіндегі білікті мамандары емес, қалтасы қалың жергілікті байлар көтеріп, оны әкімдердің жалаулатып іліп әкететіні неліктен?» деген сауал. Егер «Төлебай базарының» ет пен жеміс-жидек сататын павиль­ондарының аумағы астында көне қала қирандылары жатыр, соны жедел зерттеу қажет болып тұр десе, ондай маңызды мәселе Үкімет деңгейінде, кең ауқымда ойластырылмаушы ма еді?! Ой­лас­тырылғанда, ел мәдениеті мен тарихына, туризміне қатысты министрліктер мен Ә.Марғұлан атын­дағы Археология институты ақыл қоспай ма? Ол үшін тарих ғалымдарынан, профессор-археологтардан тұратын беделді мемлекеттік комиссия құрылмай ма? Олар осы игі істің басы-қасында жүрмей ме? Өйткені, мемлекет тарапынан өте қомақты қара­жа­т­ты қажет ететін бұл мәселе ең ал­дымен «Мәдени мұра» бағдар­ла­масына енгізіліп, сосын ұзақ жылдарға жасалған жоба негізінде қолға алынуы керек екені белгілі. Өкінішке қарай, көне Тараз қа­ла­сы қирандыларына қатысты қолға алынғалы жатқан «жабайы ар­хеоло­гиялық» жұмыстан Үкі­мет те, тиісті министрліктер де,  Ә.Марғұлан атын­­дағы Археология институты да хабар­сыз. Ал «әкім-археологтардың» өк­тем­дігі мен өзім білермендігі жер астын­да «тып-тыныш» жатқан көне ша­һар қалдықтарын мың жылда да қай­та қалпына келтіре алмастай қия­натқа ұшыратуы бек мүмкін. Көне шаһарға ал­ғаш­қы ғылы­ми қазба жұмыстарын 1920 жылы М.Е.Массон бастаған экс­педиция жүргізіпті. Содан кейін Тараз қа­ла­­сы­ның орнына кешенді түр­де ар­хео­­логиялық қазба жұмыс­тары жүр­­­­гізілмеген. Ешқандай мемлекеттік бағ­дарламаға да енгізілмеген. Сон­дық­тан, бұл мәселе тек қана мемлекеттік деңгейде шешуді қажет етеді. Әйт­песе, екі мың жылдан астам тарихы бар делінетін көне қаланың орнын бір-екі жылда қазып, оны аспан астын­дағы ашық музейге айнал­ды­рып, ел игілігіне ұсына са­ла­­мыз деу ұш­қалақтық болып та­бы­ла­д­ы. Өйт­­кені, инемен құдық қаз­ғандай археологиялық жұ­мысты бірер жыл­­­да атқару мат­е­риал­дық жағы­нан да, физикалық тұрғы­дан да мүм­­к­ін емес. Бірнеше ондаған жыл­­дарға созыла­тын бұл жұмыс­қа об­лыс­тың он жыл­дық бюджеті де жетпейді. Сондық­тан Елбасы­ның пәр­менімен, Үкімет­тің қау­лы­сымен іске асыры­латын ау­қым­ды істі күт­кен абзал. «Қазақ­стан Рес­публи­ка­сы­­ның тарихи және мә­дени ес­керт­кіштер жиын­тығы» деген кі­тап­­тың (Ал­маты, 2002 ж.) Жамбыл об­­­лы­сы­на арналған то­мын­дағы 57-беттен бас­талатын «Та­раз қаласы» деген тарау бар. Сол  ғылыми тұр­ғы­да тұ­жы­­­рым­дал­ған ма­қаланы мұ­қият оқып, он­дағы 1865 жылы сы­зыл­­ған ежел­­гі жос­пар­ға назар ау­дар­ған­дар, ежелгі Тараз қаласы мен Әулиеата бекінісі­нің бүгінде адам көптеп қо­ныс­тан­ған бірнеше көше­лердің ас­тын­да жат­қанына көз жеткізеді. Ал ол а­у­мақ тек қана «Тө­ле­бай» базары ғана емес, соны­мен бірге бір жағы «Шах­­ристан», екінші жа­ғы «Дүйсе­бай» бо­­­лып, орта­сын­да «Ерке­бұ­лан», «На­­­зар», «Ат­елье», «Райхан» және ТРТ деген сияқты ірілі-ұсақты 20-дан астам базарды қамтып жа­тыр. Оларға кіріп-шы­ғатын үл­кенді-кі­ші­лі жолдар мен тұрғын үйге толы кө­шелер қан­ша­ма?!. Көне Тараз қала­сы­­ның ор­­нын қазу өте ауқымды жә­не жауап­ты мемлекеттік жұмыс дейтініміз, міне, сон­дықтан. Ал ой­дан-қыр­дан жи­нал­­ған жалдама­лы арзан жұмысшы күш­теріне  «Төле­бай» ба­­з­арының «ет кор­­пусы» ор­на­лас­қан тұстағы он-жиыр­­ма со­тық жерді апай-топай қаз­дыра са­лып, оның ба­сына Қожа­на­сыр ата­­мыз­дың ла­шы­ғы сияқты бір­де­ңені дереу қал­қи­тып, алыс-жа­қыннан ат терлетіп кел­ген туристерге: «Міне, ежелгі Та­раз қаласы осы», деп көр­сету – екі мың жыл­дық та­рихы бар абыз шаһардың атақ-даңқы алдында да, Таразды әлемге таныту үшін бұл қа­ланы тізіміне енгізіп отырған ЮНЕСКО сын­ды беделді ұйым ал­дында да ұят. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні, базарды көшіру – жергілікті билік құзырындағы әңгіме де, ал көне ша­һар қирандыларын ашық му­зейге ай­нал­дырамыз  деу – мемлекеттік дең­гей­де ойласатын мәсе­ле. Тараз қала­сы әкімі Б.Орынбеков әлі де болса жел сөзді желпілдету­шілер­дің айтқа­ны­на көніп, ай­дауын­да кетпесе екен дейміз. Ол үшін мына мысалды айта кеткеннің ар­тықтығы болмас. 1976 жылы Қы­тай­­дағы Сиань қаласының маңа­йын­да бір шаруа құдық қазамын деп жүріп беті жа­булы үңгірге құ­лап түседі. Есін жиса, жер астында сап түзеген мың­даған «жауынгер» тұр! «Арбалары», «ат­тары», «қару-жа­рақ­­тары­на» дейін бар! Міне, қытай ар­хео­логтары осы жерді ұзақ жыл қаз­ды. Бірақ жүз­де­ген ғасыр­лар бо­йы дін аман тұрған сол жәді­гер-тер­ра­коталар ашық аспан ас­тына шы­ға­рылып, жұрт на­за­ры­на ұсы­ныл­ған­нан кейін жарылып, үгітіліп, қирап, сына бас­таған. Енді қытай­дың ға­лым-архео­лог­тары сол терракота­лар­ды жер ас­тында бұ­зыл­май тұр­ған берік қал­пы­на қай­тадан келтіре алмай әлек болуда. Шетел ғалым­дарының сан түрлі химиялық тәжі­ри­белеріне де жүгі­ну­­де. Бірақ ізденіс нәтиже берер емес. «Көне Тараз қаласының ор­ны­на ар­хео­логия­лық қазба жұмыс­та­рын жүр­­гізу керек, сөйтіп оны ашық аспан ас­тын­дағы музейге айналдыру қажет» деген ұран­дарды естіп, оқыған сайын осы мысал ойымызға орала береді. «Жаны ашымастың қасында ба­сың ауырмасын». Көне шаһар жәді­гер­леріне жаны ашығансып жүр­ген­дер­дің, күні ертең сол тарихи жәді­гер­лер қо­қыс астында қал­са, басқаша сай­рауы әбден мүмкін. Сондықтан жер­гілікті ауқымда қай­та-қайта қоз­ға­­ла беретін осы бір ұш­қары мәселеге біржола нүк­те қоятын мемлекеттік дең­гей­дегі шешім қабыл­данса екен дейміз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,Тараз.