• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2011

Ұшқан ұя мерейі

599 рет
көрсетілді

Жалпы Отан атты ұғымның ауқымы өте кең. Иә, Отан деген ұғымға өзіңді білім нәрімен су­сын­датқан, тәлім-тәрбие берген, болашаққа жол сілтеген алтын ұя – мектебің де кіреді. Өйткені, «Көргені жақсы көш бастайды» деген ұғым бар қасиетті халқы­мыз­да. Ал сенің болашағыңа ба­ғыт-бағдар беретін, тарыдай боп кіргенде таудай қылып шыға­ра­тын ортаң – ол өзіңе тәлім-тәрбие берген қасиетті білім ордасы екені ақиқат десек, қаншама жастың қиялына қанат байлаған. Амангелді орта мектебінің құ­рыл­ғанына биыл 80 жыл то­лып отыр. Көнекөздердің ай­туын­ша, ал­­ғаш­қы мектеп ау­қат­ты адам­дар­дың үйінде орна­лас­қан болс­а, А.Қас­қарауов, Ә.Андосов, Әл­жа­н­ов сынды азаматтар бала-шағаға арабша хат та­н­ы­тады. Олардан тәлім алған ең ал­ғашқы оқушы­лар Сейдахмет Ыс­қақов, Ыбрайым Ізбасаров, Соп­­бек Исабековтер кейін алғаш­қы кеңес­тік мектептің негізін қалапты. Ал 1930 жылы өз алдына мектеп үйі салынған екен. Тағы бір ай­та кететін жәйт, төңіректегі ауыл балалары үшін мектеп жа­ны­­нан кірпіштен құйып интернат үйін тұр­­ғызыпты. Осы мектеп-интернатта 1933-1934 оқу жыл­да­рын­да алғашқы мұғалім­дер Сей­дахмет Ысқақов, Ыбрайым Ізбасаров, Айт­­жан Талдыбаев, Сопбек Исабеков, Ибатолла Карбозовтар сабақ береді. Ал мектеп директоры Хамит Жү­нісов, оқу ісі­нің меңгерушісі Нығмет Қас­қарауов болады. Жа­қын маңдағы Шиен, Наубайжез (Прудкий), Қо­ғам­шыл ауылдары­нан келген балалар интернатта жа­тып оқуға мүмкіндік алады. Ал негізгі қалыптасу кезеңі 1949-1950 оқу жылдары Қазақ­тың Абай атындағы педагоги­калық институтын бітіріп, осы мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып та­ғайындалған Бәтима Қо­рабаева апа­мыздың өмірімен жә­не қоғам­дық қызметімен ты­ғыз байланыс­ты. Ол кезде мектеп же­ті­жылдық, оқу орнының ж­а­ры­ғы да жоқ, қыс­қы мерзімде сабанмен жылы­ты­лады екен. Мұ­ғалімдердің кө­бі­нің үй-жайы жоқ, уақытша мал­шылар­дың үй­лерінде тұрған көрінеді. Мұғалімдердің көпшілігінің ар­наулы жоғары білімі жоқ. Осы қиын­дықтардың бәрінен құтылу үшін оларды білімін жетілдіру курс­тарына, сырттай оқуға жібердік Т.Рысқұлов, Н.Қасқарауов, Ә.Қом­сабақов, З.Нүсіпбаев сияқ­ты мұға­лім­дер КазПИ-ге сырттай оқуға тү­сіп, ойдағыдай бітіріп шық­ты. Білім сапасын көтеруге бұл едәуір септігін тигізді. 1950-1951 оқу жылы әскер қатарынан босанған Қожа­бек Көрпебаев есім­ді азамат келіп, мектептегі дене шынықтыру және ең­бек сабақтары­ның жан­дануына күш салды. Спорт­тық үйірмелер жұмыс істей бастады. Мектеп оқу­шылары мен ұстаздар­дың күшімен оқу орнының төңі­ре­гін аббаттан­дырып, жасыл желекке бө­леп тас­тадық. Сонымен бірге ауыл-аймақ­тың таза­лығына да ден қойдық. Арық-атыз­дарды тазалап, шаруа­шы­­лықтың нау­қандық жұ­мыс­та­рына өз қолға­бы­сымызды тигізіп, егін ору, қызыл­ша жинау, темекі тізу жұмыс­тары­нан да шет қалған жоқпыз. Мектептегі оқу­шы­лар саны жыл санап өсіп, кө­бейе берді,  деп еске алады бүгін­де Бәтима Қорабаева апай. Иә, КСРО Жоғарғы Кеңесіне осы округтен депутаттыққа сай­лан­ған арқалы ақын Олжас Сү­лей­меновтің көмегімен ауылда 10 жылдық жаңа орта мектеп ашыл­ғанша осы ескі мектеп үйі мың­даған шәкірттерге тәлім-тәрбие беріп, өмір өріне қанат байлап ұшы­рыпты. Бүгінде кең байтақ Отаны­мыздың түкпір-түкпірінде, ел эко­но­микасын, ғылымы мен білімін, өнерін дамыту жолында белсене еңбек етіп жүрген айтулы азамат­тарымыз – оқу ор­ны­ның шынайы мақтаныштары. Олар­дың арасында соғыс және еңбек ар­дагерлері – Социалистік Еңбек Ері Кұстүтін Бітешев, Құдыс Әп­се­мет­ов, екі мәрте «Жауынгерлік Даңқ» орденінің иегері Қахар Ар­қабаев, мал өсірудің шебері, бү­кілодақтық жетістіктер көрме­сі­нің күміс жүл­дегері Шойбек Ізбасаров, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Бол­дыр­ған Қали­бекова, құқық қорғау ісінің білікті мама­ны Нұрқасым Әбдіқадыров, Жам­был ауданының тұңғыш әкімі Жү­сіпәлі Нүкетаев, заң ғылым­дары­­ның докторы Арық­бай Ағы­баев, экономика ғылым­дары­ның док­­торы Марат Нұриев, техника ғы­лымдарының докторы Тоқта­сын Меңдебаев, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Айшахан Қуа­ныш­бекова, педагогика ғы­лым­­дары­ның докторы Ақжар­қын Ар­тық­баева, Парламент Мәжілі­сінің депутаты Динар Нүкетаева, Қа­зақ­стан Журналистер акаде­мия­­сы­ның академигі Жұмаш Ар­ғым­байұлы және та­ғы да басқа көп­теген елге таны­мал азаматтар бар­. Оқу орны осындай белгілі түлек­тері­мен мақ­танса, осы ортада білім алған әрбір азамат өзін білім нәрімен сусындататын, арманына қанат байлаған алтын ұя мектебі мен ондағы ұлағатты ұстаздарын еш­уақытта да ұмытпайды. Бүгінде білікті ұстаз, ұтқыр ұйымдастырушы Гүлжан Талды­баева басқаратын ұжымның көр­сет­кіші де жылдан-жылға артып келеді. Оқу үлгерімі жағынан да облыс көлемінде алдыңғы орын­дар­ды иемденуде. Айталық, Ал­ты­най Мәжібаева «Болашақ» бағ­дар­ламасы бойынша Лондонда білімін жетілдіріп жатса, «Ал­тын белгі» иегері Ілсия Қожаева, Самал Әбілдаева мен Әйгерім Ер­жан­қызы сияқты түлектер Әл-Фа­раби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ-Британ университеттерінде білім алуда. Ауыл спортын дамытуға атсалы­сып, жо­ғары жетістіктерге жетіп жүрген Нұрбол Алпысбайұлы, Жан­төре Қарсы­баев, Дарқан Әбі­кен, Жам­­был Нүс­ке, Еркебұлан Тұр­сын­бай, Саят Мұ­хамеджанов сияқты өрен­дердің қазақ спорты­ның бо­лашақ Қажы­мұқандары бо­лып шығатын­ды­ғына да еш күмән жоқ. Осы орайда жоғары жетістіктерге айрықша үлес қосып келе жат­қан Гүлбаршын Үмбетбаева, Нұр­­жан Ысқақов, Нәзипа Алда­бер­­генқызы сияқты тағы да басқа көптеген ұстаздардың, Рақат Қом­са­бақов, Рауан Өзен­баев секілді тамаша тәлім­гер-бапкер­лер­дің есім­­дерін үлкен құрметпен атап өтуге болады. Алдыңғы буын ағаларының озық өнегесінен үлгі алған жас жеткіншектердің болашағы зор екендігіне күмән жоқ. Манарбек ІЗБАСАР. Алматы.