Шалғайдағы ауылға жету де оңай емес. Журналистердің бұл жаққа сирек жолдары түседі. Алыстығынан емес, тақыр-тұқыр жол қиындығынан қашқалақтағаннан. Мыңғырған жылқысы бар ауыл қайдасың деп ертелетіп жолға шағып кетіп едік. Облыс орталығынан Ертіс ауылына жеткенше жүз бәленбай шақырым, әрі қарай тағы да жүзді қосып Бұланбай ауылына да келіп жеттік-ау. Осы жерде Амантай деген ағамыз тұрады. Жәй адам емес дейді білетіндер. Шаруа қожалығының аты да елден ерекше: Алтай-Қарпық-Сайдолла-Сарытоқа деп аталады. Бұланбай бөлімшесі Сілеті ауылдық аумағына қарайды. Бізді арықша, қызылшырайлы келген, көргеннен жылы тартып қарайтын жігіт ағасы, сұлу жүзді қаракөз апамыз екеулеп қарсы алды.
– Ата-бабалардың қоныс еткен жері Есіл, Нұра, Сарысу, Көнек тауы, Амантау, Тоқаның Бозкөлі. Алтай-Қарпықтар отыз екі болыс болыпты. Қуандық-Қарпықтар әулеті, Мұса бабамызға біткен дәулеттің Ертіс өзенінің жағасы, Сілеті даласын мекендеп қалған Сарытоқа аталған бүгінгі ұрпағына жеткені де тегін емес, әркімге бір екі мың жылқы біте бермес деп ырым етеміз. Біржан мен Сара айтысында:
Сұрасаң арғы атамды Қуандықты,
Қылыпты заманында жуандықты,
Аққошқар Сайдалының заманында,
Бір көлден 40 мың жылқы суарыпты,
Сұрасаң арғы атамды Алтай-Қарпық,
Желіні құрады екен атпен тартып, – деген жолдар бар.
Амантай аға әңгімесін осылайша әріден бастады. Балалық шақтың қызығын базарлай алмай, тіршілік тауқыметін тартып өскен, өмірден көрген-түйгені мол адам екені байқалады. Өмірінің 40 жылын жылқы бағып, ат үстінде өткізген жылқышының тәжірибесі де мол көрінеді.
Шет елде тәулігіне 360 шақырым жер жүретін жылқыны Гинесстің рекордтар кітабына жазып жатады, ал, өзіміздің жабы тұқымды жылқылар тәулігіне 500 шақырымға дейін жерді жүріп өтеді, дейді Амантай. Сонда сіздің шаруашылық қандай жылқы өсіреді деген сұраққа Кереку-Ертіс өңірі, мына біздің Сілеті даласының қысы қатты, аязы бет қаратпайды. Солтүстіктің осындай ызғарлы қысына, жаздағы аптап ыстығына төзімді, ерекше күтіп-баптауды қажет ете қоймайтын мал қажет. Даланың байырғы жылқысы осы жабы тұқымы, жердің иесі де, киесі де осы деп жауап берді ағамыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын жылқы өсіруді зерттейтін академик Игорь Нечаев Алматыдан Бұланбай ауылы қайдасың деп Амантай ағамызды іздеп келсе керек. Бір апта Сілеті даласын аралап, Жалаулы көлінің, Ертіс өзені жағасында шұрқырай жайылып жүрген табын-табын жылқы үйірін көріп ғажап таңғалыпты. Өткен ғасырда құрып біткен деген жабы тұқымының Жалаулының жағасын жарқыратып, толқындай толқыған, қалың қолдай қаптаған өрісіне кайран қалыпты. Содан, осы жерде оқығаны мол қала академигі мен жылқы бағудың қыр-сырын меңгерген «дала академигі» алдағы жылдарға кешенді жоспар жасапты. Академик Игорь Нечаев барлық сараптамаларын жасап, бұл жылқылардың жабы тұқымы екеніне анық көз жеткізіпті. Бұл күндері Бұланбайдың Амантайы бағатын жылқылар мәселесін «Жылқы шаруашылығы мал азығын өндіру ғылыми зерттеу серіктестігі» қолға алып бірлесіп жұмыс жасауда. Мақсаттары алдағы жылдары осы шаруашылық негізінде жылқы зауытын ашу болып отыр. Жалпы, жылқы саны, биелер саны 400 болуы керек деген, яғни, зауыт ашуға қажетті деген өлшемдердің барлығы бар. Сонымен бірге, Бұланбайға келген екінші бір қонағымыз бар, ол Жақсылық Үшкемпіров ағамыз екен. Спортшы ағамыздың соңғы жылдары жылқы шаруашылығын өркендетуге үлес қосып келе жатқанын бәріміз де білеміз. Бұл ағамыз да жабы тұқымды жылқы өсіруге ден қойып Амантай ағаның табынынан 200 жылқы сатып алыпты. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев та алыстағы ауылдарды аралайтын жолсапары кезінде келіп кеткен.
Сілеті көлі мен Жалаулы көлдерінің ара қашықтығы 40 шақырым шамасында екен. Осы екі көлдің басын тұйықтап тұрған басқа да ірілі-ұсақты көлдер бар, барлығының арасы үлкен бір түбекті құрайды, ал, дәл шығар ауызында Бұланбай ауылы тұр. Бұл «бекіністі» қаһарлы қыста да, жайдары жазда да жылқы табынының саяқ шығып кетпеуіне де, ұры-қарының әрекетіне де тосқауыл бола алатын табиғи қорған деуге болады. Екіншіден, аязды, боранды күндері көл жиегіндегі қамыс құрақтар қарды өз бойында ұстап қалады да, екі көлдің арасындағы қар жұп-жұқа күйінде қалады, бұл табынның қиындықсыз тебіндеуіне жақсы мүмкіндік береді. Ал осындай табиғи мүмкіндікті ұтымды пайдаланбай, табын-табын жылқы өсірмей көр, дейді ағамыз бізге көлдің сол бір тұсын қолымен нұсқап көрсетіп. Иә, мұндайды сезе білу тек табиғат сырын жанымен түсінген адамның ғана қолынан келеді. Қысқы кең дала. Жалаулы көл жағасы. Ұйыса, тербетіле жайылған қалың жылқы. Осы бір ғажап көрініске қызыға қарап қалыппыз. Былтыр қыс қанша қатал болса да жылқышыларымыз 600 құлын алды. Мұның өзі бір табын. Биыл да сондай болар, деді жылқышы көл жағалай кетіп бара жатқан табынға қарап тұрып.
Құпиясы мол Жалаулы көлінің жағасында тұрмыз. Пайдасын көремін деген адамға, бұл көлде тұз қоры да, балығы да молынан жетеді. Және де көлден тұздан бөлек дәрі-дәрмектік қасиеті бар бешофит, Менделеев таблицасындағы өзге де минералдарды мол өндіре алар едік, дейді аға. Енді бұл істі мықтап қолға алу үшін, керек құрал-жабдықтарды Германиядан арнайы заказбен алдырмақшы. Ал, көлдің қалың шөп өсетін айналасы кезінде атақты байлардың жайлауы, мыңғырған жылқы жүрген жер деседі. Сол заман қайта оралғандай. Бүгінде Амантай Мусиннің екі мың жылқысы осы көлдің жағалауында жайылып жүр. Әлгі айтып отырған минералдарыңыздың малға да, жанға да пайдасы қалай тиіп отырғаны енді түсінікті болар. Мыңғыртып жылқы малын өсіру шұрайлы, сулы, нулы жерге де байланысты, екіншіден, жаңа тұқым алу, жылқылар арасын жаңартып, жаңғыртып отыру жылқышылар үшін басты міндет. Саны да көп, сапасы да осал болмауы керек. Сапалы тұқым болған соң да жылқы малының саны көбейеді. Осы мақсат үшін жаз айында жыл сайын жылқы шаруашылығы саласын зерттеп жазып жүрген еліміздің ғалымдарын Бұланбайға шақырып, ғылыми түрде зерделеп жұмыс жасауға тура келеді. Жылқышы мыңғырған жылқым жетеді, толдым-болдым деп ауылында отыра бермейді екен. Еліміздің аудан, ауылдарын аралап, әр табыннан тұқымы жақсы ерекше жылқыларды таңдап алып, өз жылқыларының арасына әкеліп, табын ортасын жаңартып тұрады екен. Өзі құрған жылқы шаруашылығында балалары да бірге бірлесіп еңбек етеді.
Осы Бұланбай ауылы кеңес өкіметі жылдарында «Сілеті» совхозының фермасы болды. Совхоз мүлкі жекешелендірілгеннен кейін ауыл тұрғындары тарап жан-жаққа кетті де қалды. Үйлер дегеніңіз бос қалды. Сол бос қалған үйлердің біріне Амантай аға жайғасып, ен далада мал, әсіресе, жылқы өсіре бастады. Барлық ой-арманы кең даланы аманаттап ұрпағына қалдырып кеткен ата-баба жолын қуып, осы күнгі жаңа қазақ байының үлгісін жасап, елге, өзге жұртқа таныту болды. Мынадай жерің, мынадай елің тұрғанда мал бағып, жылқы өсіру дегенің нағыз байлық, жақсы өмір сүрудің қолыңа өзі келіп түскенімен бірдей. Бейнеті де жетеді. Сілеті даласы нағыз табын-табын жылқы өсіретін жер екеніне көзі жетті. Әкелері, ауылдың шалдары жыр ғып айтып отыратын Аққошқар-Сайдалы, Мәті-Дәулен секілді жылқыларының саны 10-15 мыңға жеткен қазақ байларының болғаны да шындық қой. Әттең, кеңестік кезеңде мыңдап жылқы ұстауға рұқсат етілмеді. Қазір заман өзгерді. Екі күннің бірінде келіп, малыңды санап отыратын бұрынғы өкімет жоқ. Қайта Елбасы мал өсір, ауылда кәсібіңді аш, өз күніңді көр, байы, шалқып өмір сүр деп отыр ғой. Құдай-ау, бұдан артық енді не қажет. Қазір өзі қайда барсаң да игерілмей бос жатқан ұшы-қиырсыз кең даланы көресің. Тіпті, жерді сатып алып оны пайдаланбай, кейін қымбаттаған кезде үстеме бағамен сатып байлыққа батамын деп отырғандар да бар. Көп мал ұстауға ұрылардан бір, бөріден екі сескенсе, «бай-құлақ» атанудан қорқып бойға сіңіп қалған үрей тағы бар. Мал өсірдің бе, жылқы өсірдің бе, үлкен жауапкершілік алу керек. Жылқыны күтіп-баптауды Амантай аға жақсы біледі. Бір жыл емес, 40 жыл жылқышы, қолында қамшысы, ат үстінде келеді. Өзі өте әңгімешіл, тарих, шежіре, аталар жолын айтқанда сүйсініп отырып тыңдайсың. Байсалды адам. Жылқы баласы адам мінездес, жылқы бақсам, өсірсем деген арман әуелі көңілге бітеді дейді ол кісі. Бұрын қазақ жылқыны қалай баққан деген сұрағымызға жылқысы қанша көп болса да әрқайсысының құйрығынан ұстап жүріп баққан дейді. Осы күнге дейін оны өйтетін себебіміз, мысалға, 5-10 мың жылқының ішінде, қанша байтал бар, соның бәрінің құйрығын күземесе, «қызылшу» деп аталатын жұқпалы ауруға шалдығады. Ал, бұлай ауырған мал не өледі, не енесі құлын тастайды. Иесі мәпелеп күтсе, жылқы ауырмай құлыны да сүйкімді туады. Ол үшін енесі күйлі болуы керек, деп жауап қайтарды тәжірибелі жылқышы.
Түскі астан соң, ағаның өз қаражатына салған үш пәтерлі екі үйін барып көрдік. Жарқырап тұр. Алдағы жылдары да үйлер салмақшы. Бұланбайға жастар келсін дейді. Былтыр аудандық бюджет қаржы бөліп, бастауыш сыныптар үшін шағын мектеп салып беріпті. Мектеп жанынан шағын орталық ашылыпты. Ауылда бие сауып, қымыз өндірмек, шұжық жасамақ ойлары бар екен. Саусақпен санарлықтай азғана үйлі шалғайдағы ауылды қатарға қосып, өркендету үшін жас мамандар келсе, еңбек етсе деп армандайды. Омбымен көршілес Сілеті даласындағы Бұланбай ауылынан осы аз ғана отбасы көшіп кетсе, елдің, жердің жағдайы, болашағы не болмақ деп күніне жүз ойланады.
– Ауылда жұмыс бар, мыңғырған жылқыны жылқышы, табыншы жастар бақпағанда 70-ке келген біз бағамыз ба енді, келсін, үйлерін береміз, жағдайларын жасаймыз деп отырмыз, дейді Амантай аға. – Мына ауылда қазір жүрген жастар бастауыш сыныптан кейін балаларымызды оқыта алмаймыз дейді де, басқа жерлерге көшіп кете барады. Қазір бүкіл шаруашылық қазақ дәстүрі бойынша кіші ұлы Дулат Мусинге табыс етілген. Әкенің қойшы таяғын ұлы қолына алды. Ауыл іргесіндегі Бұланбайдың Амантайы атанған ағамыз еліміз өз алдына отау тігіп, тәуелсіздік алғалы алғаш рет мыңдап жылқы айдаған «байларымыздың» бірі. Ал, біз елімізде осындай еңбекқор ағалар көбейе берсе екен деген игі тілек қана білдіргіміз келеді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы, Ертіс ауданы.