• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2011

Мейірім мейрамы

463 рет
көрсетілді

Еуропа мен Азия құрлық­та­рында кем дегенде үш мың жылдан бері әлденеше халық­тар­дың салт-дәстүріне айнал­ғанына қоса салтанатты іс-шараларымен әркімнің көңілін шаттыққа бөлеп, болашаққа сенімін арттыратын ұлық мейрам – Наурыз Қазақстанда бас­талып кетті. Еліміздің ба­ты­сында ол 14 наурыз күні «көрісу» деген жиынтық атаумен ашылады. Қараша мен жел­тоқсанда күшіне кірген қыс­тың құрсауынан шыға алмай қалған ел-жұрт, ағайын-туыстар арада 4-5 ай уақыт өткен соң ғана қатынас жол­да­ры ашылып, әрі-бері жүруге мүм­кіншілік туғанда қайта қау­ышуға, көрісуге қолдары жеткендіктен осылай атаса керек. Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурызкөже дайындалады, кө­ңі­лінде кірбіңі барлар тату­ла­сады, адамдар бір-бірінің үйі­не кіріп, құтты болсын айта­ды, бұлақ көзін ашады, алдын-ала үйін, ауласын кір-қоқыс­тан тазартады. Наурызды жыл басы деп танығанымен оның барша болмысын, филосо­фия­сын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге кел­ген сәбилерге Наурызбай, Наурыз­гүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі – Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сый­лайды, бата береді деген се­нім-наным және бар. Ұлы Абай айтқандай: «...ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қы­лады екен». Осының бәрі адамдардың өзара сыйластығын, түсініс­тік­терін бекіте түсу үшін қа­жет. Адамдар арасындағы дос­тық пен сенім қоғамның тұ­рақты да орнықты дамуына ауадай қажет екендігін дә­лел­деудің өзі басы артық әуре­шілік. Демек, наурыз мейрамы мемлекеттілікті сақтаудың бас­ты шартын ғана көрсетіп қоймайды, мемлекеттілігін қа­лыптастырған халықтардың болашаққа ұмтылысын да бейнелейді. Наурыз мейрамын «Ұлыстың ұлы күні» ретінде ұлықтаудан осыны көргеніміз ләзім. «Ұлыс» сөзінің дәлме-дәл баламасы – «держава». Бұл ұғым-түсінік төрт құбыласы тең мемлекетке қаратыла айтыла­ды. Адамды адамның қанауы шектен шықпаған, дәс­түрлі демократиясы бай мен кедейді бір-біріне ата жауға айналдыр­маған, бодандық пен отарлық­тың ауылы алыс Қазақ елінде Наурыздың арқалап тұрған жүгі тіпті ерекше еді. Наурыз мемлекеттілікпен, заңмен, ресми билікпен тығыз астасып кеткенін кезінде тап осы күні бай мен жарлының теңескенінен, тіпті жүріп жат­қан соғыс қимылдарының тоқ­тайтынынан көруге болады. Күн мен түннің теңелгені, ал­дағы уақытта күннің ұзақ­ты­ғы артатыны қоғамдық санада адамның, мемлекеттің өмірі­нің ұзарғаны, жасампаз қабі­ле­тінің артқаны ретінде қа­был­данып, амандықтың жа­ман­дықты жеңгеніне дәлел орнына жүрді. Мемлекет үшін бұдан артық қандай құндылық болуы мүмкін. Наурыз мемлекет пен азамат арасындағы жарасымды арттырып қойған жоқ. Ол – табиғаттың құдіретін ұлық­та­ған мереке. Бұл күні ағаш, гүл отырғызылуы, оларға су құй­ылуы, адамның жануарларды ұрмауы, дала құстарына жем шашылуы табиғат-ананың бә­рі­нен биік екенін жұлдызды сәтте мойындау ғой. Ұлыстың ұлы күнін қандай ғана болмасын дінмен шатас­тыруға негіз жоқ. Наурыз – мемлекеттік саяси идеология­ның жүзеге асқан көрінісі. Ол әлемдік діндер, мемлекет пайда болғаннан да бұрын адамдар өміріне кірген тәрізді. Бірақ биік мәртебемен той­ла­нуына ынталылық білдірген,  сонысымен қадір-қасиетін арт­тыр­ған күштердің маңдайал­ды­сы, әрине, мемлекет пен мемлекеттік билік. Тап осы мәселеде адамның, қоғамның, мемле­кет­тің көздегені – татулық, ізгілік, бейбіт тұрмыс, еркіндік, азаттық – бір арнаға тоғысты. Әз Наурыздың діни мазмұны мен сипаттан адалығы ешкімді жа­сына, жынысына, ұлтына, әлеу­­меттік мәртебесіне қарай алаламайтынынан көрініп тұр. Мейрам күні еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін, құрық ұстаған жылқышыдан тақтағы патшаға дейін өзінің де, елінің де тілеуін тілейді. Омар Һайам: «Кімде-кім Наурыз мерекесінде қуанып жүрсе, келесі наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді. Патшалар үшін бұл күнді ғалымдар белгілеп берген», деп жазуы әсте бекер емес. Еуразия кеңістігінде орналас­қан Қазақстан Батыс пен Шығыс өркениеттерін қабатынан қабыл­дау­да, бойына сіңіруде. Екі өрке­ниет арасындағы бәсеке мен өз­ге­шеліктерді де сезінуде. Бәсеке Батыс жаңа жылымен Шығыс Нау­рызы арасында жүріп жат­қан­дықтан әзірге ол 1 қаңтардың пайдасына шешілуде. Себебі, 1 қаң­тарға даярлықты бір ай бұ­рын бастаймыз, құлаш-құлаш жар­намалар ілінеді, БАҚ жаппай мақалалар жариялайды. Наурыз тойы қарсаңында осылардың он­нан бірі де атқарылмайды. Наурызды қарсы алу, тойлау жаңаша ізденісті талап етеді. «Шын мағынасында Жаңа жыл енді келді, табиғатпен бірге адам да жаңарды» деген идеяны ұлық­тай отырып, алдын ала жарнама жасалып, хабар таратылып, жа­рыс, ойын-сауықтар өткізілгені жөн. Әдетте желтоқсанның ая­ғын­да біз жылдың қоры­тын­дысын шығарамыз. Елде өткен түрлі жарыс, байқаудың нәти­же­сі Наурызда да шығарылып, мем­лекеттік марапат, үкімет сый­лығы Наурызда берілуі керек. Наурызда мемлекеттік марапат беріліп, басқа да түрлі игі шара іске асып жатса, онда ха­лық, әрине, оны асыға күтеді. Нау­рызды саясаттың өте пәр­мен­ді тетігіне айналдыратын уа­қыт келді. Оның мәні киіз үй тігу емес. Наурыз тойы мемлекеттік саясат, идеология, тәрбие ша­расының басты мәртебесіне кө­терілсін. Әрине, тойдың көп бол­ға­ны­нан зиян жоқ. Дегенмен, үш той­ды – Тәуелсіздік күнін, Наурыз мейрамын, Құрбан айт күндерін бәрінен биік қойсақ дейміз. Сонда ол мемлекет құраушы ұлттың ішкі тұтастығын арттыра түсер еді. Наурыз мейрамы құтты болсын! Ханкелді ӘБЖАНОВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары,  тарих ғылымдарының докторы, профессор.