Мүмкіндігі шектеулі жандар да шағын кәсіпкерлікпен айналысуға ынта танытады. Алайда, екінші деңгейдегі банктер оларға несие беруге құлықты ма? Бір мүшесінің кемдігі бар жандардың сөзіне құлақ түрсеңіз, банктер олардың несие алғанын қаламайды. Сол себептен қоғамдық дамудың үрдісінен қалғысы келмейтін мүмкіндігі шектеулі жандар «Даму» қорынан көмек сұрайды. Ал бұл қор мүгедектерді қолдаудың басқаша әдісін қолға алды. Яғни, қаржылай емес қолдау бағдарламасы аясында мүгедек-кәсіпкерлерді ынталандыру, жаңа кәсіп ашып, кеңейту үшін қажетті құрал-жабдықтар алып беруді жалғастыруда. Қор бұған дейін 9 адамға демеушілік көмекпен құрал-жабдықтар берілуіне ұйытқы болған екен. Енді таяуда тағы да бір топ мүмкіндігі шектеулі жандарға демеуші табылуына дәнекер болды.
Бұл жолы Атыраудың әр ауданынан өтініш білдірген 7 адамға «Денге энерджей» компаниясының бас демеушілігімен әртүрлі құрал-жабдықтар алынып берілді. Мәселен, Батырбек Сағынғалиев пен Бақтыгүл Дәулетбаева шаштараз салонын ашып, шаш қию кәсібіне маманданбақ екен. Роллан Кариннің ыңғайы фотосурет түсіруге келіп тұр. Ал Марат Сәрсенғалиев ағаштан түйін түюдің шебері атанбақты қаласа, Мүтәш Қайреденов тұрғындардың анықтама, құжаттарын бірнеше данаға көшіріп беру арқылы өз кәсібін жандандарудың алғашқы қадамын жасамақ. Бұлардың барлығына да қажетті құрал-жабдықтар тарту етілді.
Мүмкіндігі шектеулі жандар ойлаған мақсаттары іске асатынына бек сенімді. Тіпті жүздерінен қуаныштың лебі байқалады. Әсіресе, 5 домбыраға ие болған Бақтыгүл Ғинаятованың қуанышында шек жоқ. Ол бұған дейін «Өмір гүлі» атты ансамбль ашып, музыкаға бейімі бар мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосу ісіне белсене араласқан екен. Енді мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды қазақтың қоңыр домбырасында ойнауға үйретпек.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.