• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Алматыда 34 Әуезов, 24 Абай көшесі бар

591 рет
көрсетілді

Мораторий жарияланбай тұрып та кеңестік идеологияның қателіктерінен зардап шегіп келген ономастика маңайындағы  мәселе тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда да оң шешімін таба алмай, шиеленіскен атаулар айналасында айғай  аз туындамаған еді. 

Рас, тәуелсіздіктің арқасында қазақтың талай ұлы тұлғасы көше атауын алғанда, көптің көңілі жайланып, тоталитарлық жүйенің сыңаржақ саясатын ономастиканың күші сындырғандай қуанышын сүйіншілеп, әр жаңа атауды ұлттың жеңісіне балап жатты. Мұнымен қоса, өзіне қадірлі болса да, өзгеге бейтаныс аталары қайтыс болса, топырағы суымай жатып, екі өкпесін қолына алып жүгіріп әкімдік жағалап, көше сұрап, тарихтың да, көптің де таразысына түсірмей-ақ, тартып алып, үй мен қақпалардың шекесіне шегелеп тастаған талайдың тірлігін осы мораторийді жариялап жатып әупіріммен әрең тыйғандай еді. Бірақ атауларды өзгертуге асықпау туралы жарлық шыққалы бері ономастика мәселесінің басқа бір осал тұсы сыр беріп, қайта ақсай бастағанын байқап жүрміз. Ол – қадам басқан сайын қайталанатын көше атауы. Бір ғана Алматының өзінде 34 Әуезов, 24 Абай, 25 Жамбыл көшесі бар! Қызық болғанда, Жамбылдың атын үлестірудегі жомарттық мұнымен ғана шектелмей, бұл Жамбылға қатысы жоқтай тағы да «Ж.Жабаев» атындағы 11 көше жеке-дара жарысып жүр. Жиыны 36 көше иеленген Жамбыл атамыздың көш бастаған бұл «чемпиондығынан» адасып жүретін тұрғындар жапа шекпесе, қала картасы үшін де тиімді түгі жоқ.

2000-жылдардың басында ғана 1860 көшесі болған Алматыда қазір 2500 көше бар. Қала іргесі кеңіген сайын көшелерінің де көбейе түсетіні белгілі. Алматы аумағындағы кейіннен құрылған аудандарда пайда болған көшелерге  айналып келіп Абайдың, жақсы білетін Жамбылдың, танылып қалған Төле бидің атын қоя беретін жағымсыз дағды дендеп алған. Төле баба қайда жүрсе, Қазыбек пен Әйтеке бидің міндетті түрде сол жерден табылатын әдеті бізде бұрыннан қалыптасқан. Үш бидің қатар аталатын өз аттары сияқты шебер құдай көше сыйлағанда да сол реттілігін сақтағанын айтсайшы: Төле би – 7, Қазыбек би – 6, Әйтеке би 5 көшені меншіктеген.

Көшеге адам атын берудің соңы үлкен дауға ұласатын болғандықтан, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым, өнер, әдебиет өкілдерінің есімін қойғаннан гөрі, «Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді батырлардың, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев секілді Алаш арыстарының, қос қарлығаш Әлия мен Мәншүктің есімдерін қоя берсек, қателеспейміз, жанынан түңілген даукес біреу болмаса, бұл атауға басқасы қарсы бола қоймас» деген ішкі ойы жасырулы жататын болуы керек, осы топтағы тұлғалардың атын жаңа көшелерге жаппай жапсыру белең алып кеткен. Бұл тізімдегілерді түгендемей-ақ, Әлия Молдағұлова атындағы 14 көшені жаңадан ашылған аудандардың қай-қайсынан да тауып алуға болатынын айтсақ та жеткілікті болар.

Ең өкініштісі, ардақтылардың кейбірінің атын адам баруға ұялатын шолақ көшелерден кездестіріп жатсақ, керісінше, кейбір шылбырдай шұбатылған ұзын, көрікті көшелерден белгісіз біреулердің есімін көріп, кім екенін ойлап, бас қатырасың. Міне, осылайша, бұрын облыс құрамында болған 22 мың гектар жер мен 27 елді мекеннің есебінен ұлғайған қала қайталана беретін көше атауларынан шындап зиян шегіп отыр.

Көше, жер-су, елді мекен атауы, жалпы, ономастика ұлттық сана­ға әсер ететін көрнекті ақпарат, өткеннен де, бүгіннен де көп мәлімет беретін құнды мағлұмат көзі болып  табылатындықтан, Алматы ономас­тикасы ала бөтен зер салуды қажет етеді. Мораторий жарияланғалы бері жарым-жартылай рұқсат берілгеннен кейін бірінші кезекте Еңбек Ері, Халық Қаһарманы, бірен-саран мемлекет қайраткерлерінің атына көше беріле бастағаны тарихи әділеттілік ретінде қабылданды. Көше атауын өзгертуде ойланатын мәселенің көп екені рас. Өйткені, бұл көшелердің атын ауыстырса, сол көшенің бойында тұратын мыңдаған меншік иелерінің, жеке және заңды тұлғалардың мекен-жайы мен меншік атаулары да бірге өзгеруі керек.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Қырықбаев төрағалық ететін, құрамына белгілі тарихшылар, қоғам қайраткерлері, мамандар мен ғалымдар кіретін қалалық ономастика комиссиясының  көше атауын беруге қатаң талаппен қарайтыны қуантып қана қоймайды, бағалауға да тұрарлық. Әйтсе де әрбір атаулы күнге орайластырып көшеге ат бергенде «Балқурай», «Аралқұм», «Нарын», «Ойтоған», «Ақжелкен» сияқты ұлттық танымға жақын, қазақы қабылдауға кедергісі жоқ, санада бірден жылы сәулесі  ойнай жөнелетін атауларды да ұмытпай, қатар ұсынып отырса, мұндай шешім шаһар шырайын үстемелей түспесе, кемітпес еді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ