• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Қызыл ішік киген қыз

582 рет
көрсетілді

немесе ақын ғашық болған ару жайлы бір үзік сыр Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «хитқа» айналған әндердің бірі – «Жезкиік». Үлкен де, кіші де әуелете шырқап, ойын-тойлардың сәнін келтіретін, ажарын ашатын. Ол кездері мектеп оқушысы болғандықтан, әнді кім шығарғанына, мәтінін кім жазғанына мән беріп жатпайтынбыз. Кейін білдік қой, Кәкімбек ағаның лирик ақын, талантты композитор, тұлғалы азамат, белгілі қоғам қайраткер екенін. Мен туып-өскен елді мекенмен «ауылы аралас, қойы қоралас» Қожымда туғанын, жетімдіктің зарын ерте тартқандықтан, жастайынан Сырымбеттегі нағашыларының бауырында өскенін, осындағы интернатта тәрбиеленгенін... Енді негізгі тақырыпқа ора­лайық. Бірде облыстық «Сол­түстік Қазақстан» газе­тін­­­де қызмет істейтін Ләйлә Жа­­нысовамен әңгімелесіп оты­­рып, тақырып ауаны К.Салықовтың «Жылжиды ақ­қу», «Сағыныш», «Аққу жеткен», «Туған жер», «Бір ауыз сөз» секілді сыршыл сезімге то­л­ы әндеріне ауысқанда ұяң мі­незді қарындасым «Жезкиік» қан­дай сұлуға арналғанын бі­ле­сіз бе? дегені. Елең ете қал­дым. «Жоқ» дедім. – Өткен ғасырдың аяғы болатын. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде сырттай оқитынмын. Кезекті сессияға келгенде студенттер дүрлігісіп, уласып-шуласып жатыр екен. Сұрастырып бай­қасам, Кәкімбек ағамен шы­ғар­ма­шылық кеш өтетін болып­ты. Олардан қалыспай мен де ілестім. Үлкен аудитория сту­дент­тер мен оқытушыларға лық толы. Ине шаншар орын жоқ. Есімі алты алашқа әйгілі ақынды тұңғыш көруім. Ғиб­рат­ты да тағылымды ой-пі­кір­ле­рі көңіліме ұялап, ұйытып ба­ра­ды. Жүрегі неткен кең, жұм­сақ, деп іштей ойлап қоямын. Сия­сы кеппеген өлеңдерін оқы­ды. Адам жанына шаттық, ләз­зат сыйлайтын әндерін орын­даумен қатар, шығу тари­хы­на да тоқталып отырды. Бір таң қалғаным, «Жезкиікті» та­мылжыта шырқаумен ға­на шектелді. Кездесу аяқ­та­лысымен сұрақтар қарша жау­­ды. Қанша жүрексінсем де, бір тілім қағазға «Аға, «Жез­киік» әнінің кейіпкері кім?» де­ген сұрағымды жазып жі­бер­дім. Оған «Әркімнің жү­­рек түк­пірінде құпия сақ­тай­­тын өз жезкиігі болады ғой» деп қысқа ғана жауап қай­ыр­ды. Сыртқа шыққаннан кейін түйе­ден түскендей сауалыма жаман қы­сылдым. Сыр­шыл ақынның жанын жаралап ал­ған жоқпын ба деген ой көпке дей­ін мазалап жүрді. – Байқаймын, сауалыңның астарында біз білмейтін бір тұнық сыр тұнып тұр-ау шамасы? – Иә. Бізге Жамал Ақбұзау­о­ва деген апай сабақ берді. Үріп ауызға салғандай сұлу, мі­незі биязы болатын. Бәріміз сол кісіге еліктеуге тырыса­тын­быз. Бірде апайдың нау­қас­танып қалғанын естіп, хә­лін білуге үйіне бардым. Кенже ұлы Амантайды, ке­лін­шегі Алмагүлді көптен бе­рі білетінмін. Құрбым ене­сін қатты сыйлайтын, алдын кесіп өтпейтін. Үнемі «мамалап»құрақ ұшып тұ­ра­тын. Бұл жолы қабағы сы­нық көрінді. Сөйтсе, аяулы ұс­та­зымыз төсек тартып, тілден қал­са керек. – Жайшылықта ар­тық-ауыс сөзі жоқ енем бір кү­ні ішке бүгіп келген бір сы­рын ашты, – деді Алмагүл ма­ған. Сөйтсем, Кәкімбек аға­ны Сырымбетте оқып жүр­ген­нен біледі екен. Сол кездің өзін­де жалындаған жырлары­мен талай бойжеткеннің жү­ре­гін жаулаған бозбала оны қатты ұнатып қалған. Бірақ ыстық сезімін сыртқа шығара қоймаған. Өйткені, оның бо­ла­шақ жары Құнанбай Сер­да­лин мен Кәкімбек аға араларынан қыл өтпейтін жолдас, дос болған. Қайын атамның енемді қызғыштай қорып, ешкімді жолатпай, қамқор болып жүргенін көріп, ер жігітке тән мәрттік жасаған. Ақтық демі таусылар алдында ақынның облыстық газетте жа­рияланған бір топ өлеңдерін оқып бердім. Сонда «Ж-ға» деген жыр шумақтарын бірнеше рет қайталатқызып, «маған ар­на­лғанын білесің бе?» дегенде ­сасып қалдым. «Көңіл назы» деген өлеңіндегі «Баяғы қызыл ішік киген қызды, Боламын сағынсам да сағынбаған» деген өлең жолдарына келгенде «тоқтай тұр, құлыным! Мынау – мен. Сол кезде менің қызыл ішігім болатын» деп, ерекше толқыды. Көз жасына ерік берді. Бұрыннан таныстығын сырттай естігенімді ішке бү­гіп қалдым. Оны білетінім, Кәкімбек ағаның бір тойына қайын ағам Абай, нағашым Мәлік, енем үшеуі барғаны есімде. «Дәуқарадан келдік. Ақбұзаудың Мәлік деген бала­сымын» дегенде, «Жамал бар ма?» деп жұлып алғандай сұ­раған. Арада ондаған жылдар өткендіктен, ақын өзін та­бын­дырған аруды танымай қал­ған. Сол жерде жан жары Мәрияммен таныстырып, той біт­кенше жандарынан бір елі қалдырмаған. Мәриям апай «Кәкімбек сіз туралы жиі айтатын. Сізді бір көрсем деп армандаушы едім. Ол тілегіме жет­тім. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпес деген. Кәкімбектей серінің сіздей сұлу­ға ғашық болмауы мүмкін емес», деп ағынан жарылған. Ене­ме сый-сияпат көрсетіп, құрметтеп шығарып салған. «Жезкиіктегі» қызыл ішік киген ару 80-нен асқан ша­ғын­да дүниеден өтсе де, есімі көк аспан төрінде ән болып қа­лық­тап жүр.  Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы