• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Жасымаған жігер

527 рет
көрсетілді

Оның әжесі  Кәсіп –  үш жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның қызы, атасы  Қани –  Арқаның Робин Гуды іспеттес Мәдидің ағайыны.  Осы себепті,  екі күрескер ақынның өлеңдері мен олар  жайындағы  аңыз-әңгімелерді   қаршадай кезінен үлкендердің аузынан естіп, зердесіне құйды,  екеуіне ұқсап жүрек жұтқан ақын болуды көкседі. Әйтсе де,   оның  өмірі, тіпті  өзі қатарлы  қаламгерге де ұқсамай,  өзгеше өрбіді,  шығармашылық жолы  да басқаша қалыптасты.   Павлодар қаласындағы №3 мек­теп-интернаттың 9-сыныбын­да оқитын талапкер ақын жұрт­шылықтың жадынан өше бастаған ұлт қаһармандары мен тұлғалар­дың тағдырларын, ұлттық көтеріліс­тер мен қозғалыстардың тарихын біл­мекке құштарлық танытып, көп ізденген. Сәбит Мұқановтың мақа­лалары жинағынан Алаш қай­рат­керлері Әлихан, Ахмет, Жүсіп­бек, Міржақып, Мағжан жөнін­дегі деректерді тірнектеп жина­ды, Серік Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» кіта­бынан Мұстафа Шоқай­дың об­разын байқап байыптады, Ілияс Есенбер­лин­нің «Қаһар» рома­ны­нан ұлт азат­тық көтері­лісі­нің көсемі Кене­­сары хан­ның бейнесін кө­ріп, қа­һар­мандығ­ы­­на қай­­ран қалды. Әңгімеміздің ке­йіпкері ақын Арман Қани не­бәрі он бес жа­сын­­­да 1969 жылы ұлтшыл жас­­өс­­­пі­­­рім­дердің «Жас ұлан» атты жа­сырын саяси ұйы­мын құрып, жұрт­­шы­лықты азаттыққа үндеді, отар­­шылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған өлеңдер жазды. Мем­­лекеттік қауіпсіздік коми­теті 1970 жыл­дың қаңтар айында атал­­­мыш ұйымды әшкерелеп, Арман мен оның үзеңгілес серік­тер­і­­нің іс-әрекеттеріне тергеу амал­дарын жүргізді. Ресми емес дерек көздеріне қарағанда, Пав­ло­дар облыстық партия коми­теті­нің бірінші хатшысы белсенді жас ұландардың бірнешеуін бас бос­тандығынан айыру жаза­сына кесу жөнінде Қазақстан компартиясы Орта­лық комитетіне ұсыныс жаса­ған көрінеді, бұлардың бақы­тына қарай, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келісім бермеген екен. Әйтсе де, белсенді жасөспірімдер жаза­­сыз қалған жоқ. Жас ұландардың ісі мектеп жина­лысы, комсомолдар жина­лы­сы, ата-аналар жиналысы, педа­гог­тар кеңесі, қалалық комсомол комитеті бюросында қаралып, бұларға үсті-үстіне моральдық-психологиялық соққы берілді. Мұғалімдердің бірі жас ұлан­дар­ды «Интернаттың тегін тамағын ішіп, империалистердің сөздерін сөйлеген арамтамақтар! Алаш орданың сорақы істеріне еліктеген сорлылар!» – деп ғайбаттады, екін­ші біреуі: «Егер маған Сталин зама­нындағыдай билік берсе, бұл балаларды ата-аналарымен қосып қойып, өз қолыммен ататын едім!» – деп айбат шекті. Осындай жиындардың соңында Арман мен бірнеше серігіне «Ұлттық саясат мәселесіндегі өрескел идеялық-саяси қателігі үшін» деген айып тағылып, комсомол қатарынан шығарылды және оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылып, мектептен қуылды. Осылайша, кәмелет жасына толмай жатып, қоғамнан тепе­ріш көрген бозбала ауылға келіп қара жұмысқа бой ұсынды. Май ауданының Ақшиман кеңшарында қырықтық, сақман, шөп егу, пішен дайын­дау тәрізді науқандық жұ­мыс­тарда шама-шарқынша еңбек етті. Амал не, сезімтал ақынның өлең­­дері қыл аяғы аудандық газет­­­­ке де басылған жоқ. КГБ-ның қара тізімінде тұрған адам­ның туындыларын компартия басылымында жариялау саяси қателік саналды. Бірақ, ұлт­шыл­дығы үшін комсомол қатарынан және оқудан шығарылған жас ақынға тағдыр тосын сыйлық жасады: 1982 жылы оның бір топ өлеңі Қазақстан комсомолы сый­лығының иегері, еліміздің әнұранына айналған «Менің Қазақ­станым» өлеңінің авторы, көрнекті ақын Жұмекен Нәжіме­денов­тің сәт сапар тілеуімен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді!.. Ал келесі жылы Қазақстан Жазушылар одағы және Қазақстан комсомолы Орталық комитеті ұйымдастырған шығармашыл жастардың «Жігер» фестиваліне қатысып, дипломант атанды. Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасының төрағасы, «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген!» деп, қазақтың мұңы мен шаттығын Кеңес өкіметінен қаймықпай егіле жырлаған Жұбан Молдағалиевтің қолынан диплом алды. Іле оның туындыларына қазақ поэзиясының көрнекті тұлға­лары Қуандық Шаңғытбаев пен Мұзафар Әлімбаев толымды баға берді. Жақсылардың жан жылуының арқасында Арман ақынның шығар­машылық жолындағы сірескен сең қозғалды. Ол 1989 жылғы ақпанда Олжас Сүлейменовтің Семей ядролық полигонындағы жары­лыстар­ды дереу тоқтату жөнін­дегі ашық мәлімдемесі­не орай, Пав­лодар­дағы орталық алаңға таяу көпшілік орын­да қолына пла­кат ұстап тұрып мың­даған бей­бітшіл адамның қолын жинады. Рас, көптің ара­сы­нан мұн­ы ке­ле­ке қылып мыс­қыл­дағандар да, керісінше, қа­тер­лі іске бел буған бұған іштей жандары ашып, мүсір­кегендер де ұшырасты. Ғайбаттау мен табалаудың тала­йын бастан өткерген діні қат­ты жігіт мұндай әрекеттерге селт еткен жоқ. Сол жылдың қыркүйек айында Алматыда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш құрылтайына делегат болып қатысты. «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстары, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымдарының іс-қимыл­дарына белсене араласты. Тағдыры тартысқа толы талант­ты ақынның бүгінгі тұрмыс-тіршілігі көз қуантады. Бірнеше кітабы шығып, өлең өлкесіндегі өмірі тың туындыларымен толық­ты. Дәлірек айтсақ, «Ар алдында» (2001) жинағы, «Қызыл түнектегі ақ бұрқақ» (2004), «Тамшылар» (2004), «Шындықпен бетпе-бет» (2006), «Жұлдызды тұман» (2008), «Сен және мен» (2012), «Үйлесім – Гармония» (2014), «Баянауыл жырлары» атты жинақтары жарық көріп, шығармашылық жолы шы­райлана түсті. «Ар алдында» жинағы үшін Павлодар қаласы шығармашыл зиялыларының «Қауышу» слетінде «Жылдың үздік ақыны» атағымен марапатталды. Енді егемен елдің оқушы­лары­ның ұйымы да «Жас ұлан» аталады. Бір кезде өзі оқыған, қазіргі уақытта «дарынды бала­ларға арналған гимназия-интер­нат» аталатын оқу орны Арманды «Жас ұлан» ұйымы қатарына оқу­шыларды қабылдау шарасына арнайы шақырған. Интернат­тағы көрнекі орынға үздік түлектер­­дің бірі ретінде оның да фото­суреті ілініп, өмірбаяны жазылып қойылған. Қалай десек те, қазіргі әкімдер Арман Қаниға құрметпен қарай­ды, бірі ақынның отбасына жай­лы пәтер берсе, екіншісі жыр жинақ­тарын шығаруға қолдау көрсетті, енді бірі грантпен, құрмет гра­мо­таларымен марапаттады. Мем­лекет те, қоғамдық ұйымдар да еңбегін елеусіз қалдырған емес. «Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері», «Павлодар облы­сы­на сіңірген еңбегі үшін», «Пав­лодар қаласының құрметті азаматы», «Баянауыл ауданының құрметті азаматы» атақтарымен, «Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігіне 20 жыл», «Павло­дар облысына 75 жыл», «Қазақ хан­дығына 550 жыл» мерекелік медаль­дарымен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы­ның Алғыс хаттарымен мара­пат­талып, құр­мет­телді. Оның кеудесіне «Невада-Семей қозға­лысына 25 жыл» төсбелгісін Олжас Сүлей­менов­тің өзі қадады.   Жуырда «Сен және мен» жыр жинағы үшін алашшыл ақын Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Ұлы Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы қарса­ңында берілген сыйлықтың мән-маңызы азаттық үшін күрескен ол үшін айрықша екені анық! Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»