• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2011

Азаматтарымыз белсенділік танытса игі

596 рет
көрсетілді

«Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссиясы» сайлауалды және сайлау барысы іс-шараларына бақылау жасап, қандай да бір сайлау заңдылықтарын бұзушылықтарға жол берілмеуін қада­ға­­лап, үгіт-насихат науқаны барысында әкімшілік ресурстардың пайдаланыл­май, сайлаудың әділетті өтуіне, оқу уақытында мектеп оқушылары мен студенттердің көпшілік көріністер үшін тартылмай, сайлау комиссияларында барлық партия өкілдерінің енуі мен сайлаушылар тізімдерінің дұрыстығына назар аударуды міндетіміз деп санайтын комиссия құрамында есімдері елге белгілі азаматтар баршылық екені белгілі. Біздің тілшіміз жоғарыда аталған мәселелерге байланысты көзқарасын білмек мақсатпен осы қоғамдық комиссияның мүшесі, жазушы Смағұл ЕЛУБАЙДЫ сөзге тартқан болатын. – Смағұл аға, өзіңіз құрамына енген қоғамдық комиссия сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталған­нан бері байқаушылық жұмыстарға кірісіп кеткені аян. Не байқадыңыздар? – Елімізде өтетін президенттік сайлауда Қазақстан халқы тек президент сайлап қана қоймайды, өзінің алдағы болашағына таңдау жасайды. Сондық­тан Нұрлан інімнің (Ерімбетов) осын­дай бір қоғамдық комиссия құрамыз деген ойына қолдау білдіріп, оның құ­рамы­на енуге келісімімді бердім. Бұл менің бірінші рет байқаушы ретінде сай­лауға қатысуым. Жалпы, менің ойым­да әрбір қазақстандықтың сайлаудан тыс қалуға азаматтық еш құқығы жоқ. Себебі, мемлекетіңнің басшысын сайлау – ол сенің өзіңнің, отбасыңның, бала-шағаң­ның болашағына тікелей қатысты. Осы таң­дау жасау арқылы сен еліңнің де, өзің­нің де болашақтағы таңдауыңды жасай­сың. Бұл – тәуелсіз еліңнің болашағы деген сөз. Ендеше, осындай науқанда белсенділік танытпаған адам қандай кезде белсенді болады? Комиссия құрылуының да негізгі мақсаты осында жатыр. Егер біз өткен өмірімізге көз салсақ, Кеңес өкіметінің тұсынан бастап, біздің сайлауға деген көзқарасымыз онша болмағаны аян. Себебі, тоталитарлық заманда сайлаушының шын мәнінде еркі болған жоқ. Барлығы алдын ала шешіліп қойылатын, тек сан көбейту үшін, пайыздың үлкен етіп көрсетілуі үшін жасалатын. Бұйрықтың күшімен, бас­тық­тардың нығарлауымен, білектің кү­шімен сайлауға қатысу мәжбүрленетін. Өкінішке қарай, осы әдет біздердің са­на­мызға сіңіп қалғандай. Ал азаматтың өзінің таңдау құқығының болмауы – үлкен кемшілік. Ал қазіргідей тәуел­сіз­дік алған заманда азаматтар тарапынан белсенділіктің табылмай қалуының бір себебі осыдан болса керек. – Сіз бірнеше жыл қатарынан Еуропада тұрып, еңбек еттіңіз. Ай­ты­ңыз­шы, олардың азаматтарының бел­сенділігі қандай дәрежеде? – Әрине, батыстағы сайлау бөлекше. Онда пайызды ұлғайтуды мақсат тұт­пай­ды. Халықтың 50 пайызының дауы­сын алса, ол ел сенімінің өте жақсы көр­сеткіші деп бағаланады. Және оларда азаматтардың саяси белсенділігі өте жоғары дәрежеде. Біз үшін де әрбір қазақстандықтың үйінде отырып қал­май, сайлауға қатысуы маңызды. Және олардың әрқайсысында сайлауды осы­лай әділ, ашық өткізуге болады екен ғой деген сенім пайда болса, онда ко­миссияның мақсатының орындалғаны. Ал енді осы комиссияның мүшесі ретінде Қызылорда облысында болып қайттым. Көңілім қуанғаны, сайлау учаскелері «100 мектеп, 100 аурухана» аясында салынған жаңа мектептерде орналасыпты. Ондай мектеп кейде ауыл түгілі бұрын Алматының өзінде болмайтын. Жасақталуы мен жаб­дықталуын көргенде көңілің толады. – Сонда барлығы өте жоғары деңгейде ме? Ешқандай олқылық көрмедіңіз бе? – Қоғамдық комиссия болғандық­тан, біз көрген-білгенімізді ОСК-ға ай­тып тұруды міндетіміз санаймыз. Әри­не, ешбір іс мінсіз, кемшіліксіз бол­май­ды. Мәселе соның көрсетілген уақы­тын­да жөнделуінде. Біз өткенде ОСК-ға ашық хат жолдадық. Мысалы, линг­вис­тикалық комиссияның жұмысын заң­на­малық тұрғыдан қайта қарау туралы. Себебі, ол комиссиядан мемлекеттік тілді жетік білмейтін адам өтіп кетіп отыр. Осыны көрген азаматтың көңі­лі­не сайлауға деген сенімсіздік орнауы ғажап емес. Осыны біз хатымызда көрсеттік. Үміткерлерді насихаттайтын билбордтардың үлкен қалаларда ілінуі жөніндегі кеткен кемшіліктерді де айтып көрсеттік. Ал ОСК-дан біздің ұсыныстарымызға деген нақты жауап түспеді. Осыған таңқалудамыз. Керек десеңіз, ОСК туралы да жаңа заң қабылдануы қажет деген ойдамыз. – Сөзіңізге қарағанда, комиссия сайлау өткен соң да жұмысын жалғастыра бе­ретін тәрізді. Себебі, заңнамалық өз­ге­рістер үшін жұмыс жүре беруі тиіс қой. – Дұрыс аңғарыпсыз. Біз қоғамдық ұйым ретінде тіркелгендіктен, жұмысымызды сайлау бітті деп доғарып қоймаймыз. Алдағы сайлаулар үшін, заңнамалық өзгерістер енгізу бағытында жұмысымызды жалғастыра береміз деген ойдамыз. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.