• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2011

АҚШ дипломатымен кездесті

366 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі Р.Блейкті қабылдады, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі. Тараптар Қазақстан мен АҚШ халықтарының әл-ауқа­тын артты­ру мен өзара тиімді әріптестікті дамыту, қауіпсіздік, бейбітшілікті нығайтуға бағыт­тал­ған және ортақ құндылықтар мен мүдде­лерге негізделген екі елдің стра­тегиялық әріптесті­гі­нің қарқын­ды даму сипатына кө­ңілдері толатындықтарын білдірді. 2010 жылы сәуір айындағы Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың АҚШ-қа сапары және оның АҚШ Президенті Барак Обамамен жүргізген келіссөзде­рі, сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитіне қа­тысуы аталған әріптестікке ма­ңыз­ды серпін бергендігі атап өтілді. Осы ретте Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшы­сы Құрама Штаттардың 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тұсында көрсеткен дәйекті және берік қолдау­ла­рына алғысын білдіре отырып, осынау мәртебелі лауазымдағы Қазақстанның табыстары АҚШ-пен қоса, ЕҚЫҰ-ның барлық 56 мүше мемлекеттерінің жәрдемі арқасында мүмкін болғандығын жеткізді. Әңгімелесуші тараптар пікірінше, нәтижесінде Астана дек­ла­рациясына қол жеткізілген Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-ға жемісті төр­ағалығы Ванкуверден Влади­вос­токқа дейінгі аймақтағы қауіп­сіздік пен ынтымақ­тас­тық­тың нығаюына септігін тигізіп қана қоймай, Қазақстанның ішін­дегі демократиялық даму үде­рістерін қарқындатты. Ха­лық­аралық талаптарға сай өт­кізуге барлық жағдай жасалған 3 сәуірде өтетін кезектен тыс президенттік сайлау демократиялық даму жолындағы жаңа маңызды қадам болып табылады. Отандық СІМ басшысының ойынша, Қазақстан – АҚШ жыл сайынғы саяси кеңестерінің өткізілуі жақсы дәстүрге айналуда, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен екі ел ара­сындағы дипломатиялық қа­ты­настардың 20 жылдығы ая­сын­да бұл кеңестің күн тәртібі аймақ­тық интеграция, Қазақ­стан­ның ИКҰ-ға төрағалығы мен оның Шығыс-Батыс үнқаты­суын ор­нықтырудағы орны, аймақтық бірлестіктердің даму тұсындағы ынтымақтастық, ға­лам­дық азық-түлік қауіпсіздігі, ғылыми-тех­никалық ынтымақ­тастық секілді жаңа өзара тар­тымды бағыттар­мен толықты. Тараптар Орталық Азиядағы мәселелерді қарастыра отырып, Ауғанстан мен Қырғызстандағы ағымдағы жағдайлар жөнінде де пікір алмасты.