• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2011

Өз әлеуеті жетпейтіні анықталды

337 рет
көрсетілді

Жапон зілзаласындағы құрбандар саны 10 мың адамнан асқаны мәлім болды. Қазіргі кездегі басты мәселе «Фукусимо-1» АЭС-інің зардабын залалсыздандыру болып отыр. Осы АЭС-тің қожайындары – ТЕРСО фирмасының иелері өз күштері жетпегендіктен, кеше апат зардабын жоюға Франция мамандарынан көмек сұраған. Бұрын жапондар апатты өз күштерімен залал­сыз­дан­ды­рамыз деп мәлімдеген болатын. Осыған орай жапон бизнесінен көмек сұралған еді. Бірақ, апаттың аумағы өз күш­терімен игеруге жетпей қалған сыңайлы. Көмек қолын ұсы­ну АҚШ мамандарынан да өтініліп отыр. Ал ТЕРСО-ның басшысы 66 жастағы М.Шимидзу отставкаға кететін көрінеді. Бүгінгі күнге дейін фирмаға келген шығын 29 млрд. АҚШ долларына жеткені анықталған. Ал кеше Жапонияда күші 6,5 баллдық тағы бір жер сілкінісі тіркелді. ҚАНША ҰМТЫЛСА ДА КҮШТЕРІ КЕЛМЕУДЕ Ливиядағы М.Каддафиге қарсы ха­лықаралық операцияларды басқару құ­рылымдарын жасақтау 29 наурызда, яғни бүгін аяқталатыны белгілі бол­ды. Осы күні Лондонда министрлер деңгейіндегі халықаралық конференция өтіп, операциялардың саяси ди­рек­тивалары әзірленетін көрінеді, дейді ИТАР-ТАСС. Бірақ кешегі күні Ливиядағы соғыс әлі аяқталған жоқ болатын. М.Каддафидің туған қаласы Сиртке коалицияның көмегімен шабуыл жасаған оппозициялық күштердің әре­кеті жолдан тоқтатылып, өкімет күштерінің тегеурініне шыдамай кері шегінуге мәжбүр болған. Ал оппозиция бұл қаланы алғаны жөнінде алдын-ала мәлімдеме жасап та үлгерген еді. ЖЫҒЫЛҒАНҒА – ЖҰДЫРЫҚ ДЕГЕН ОСЫ Кеше Йеменнің оңтүстігінде қару жасайтын зауыт­тар­дың бірінде қатты жарылыс болды. Соның зар­да­бы­нан 34 адам көз жұмып, ондаған адам ауыр жараланған. Өкімет өкілдерінің айтуына қарағанда, жарылыс қаса­қа­на өрт қоюдың салдарынан болған. Осы зауытқа жексенбі күні ғана исламист-жанкештілер шабуыл жасаған екен. Со­ған қарағанда, оппозиция үшін бұл зауыттың маңызы зор секілді. Сөйтіп, жығылғанға – жұдырық дегендей, төң­ке­рісшілердің шабуылын баса алмай жатқан елге енді зауыт жарылысының зардаптарын жою мәселесі үлкен сыбаға тартып отыр. ӨЗГЕ ЕЛДІҢ САЯСАТЫНА ӨКТЕМДІК ЖАСАМАҚ Израиль Аргентинаның Иранмен қатынасымызды жақсартамыз деген мәлімдемесіне қатты шүйлігіп отыр. Өйткені, Буэнос-Айресте 1994 еврей қауым­дас­тығында қатты жарылыс болып 85 адам, ал соның алдында, екі жыл бұрын дәл осы елдегі еврей елшілігінде жа­рылыс болып 29 адам қаза болған еді. Израиль мен АҚШ бұл жарылысты Иран ат-тонын ала қашса да сол ел жанкештілерінің қолынан келген іс деп бағалаған. Осыны алға тартқан Израиль Аргентинаның Иранмен сауда байланысын жақсартамыз деген саясатын қатты сынға алып, бұл іс қаза болған жазықсыз жандардың рухын қорлағандық деп жариялады және Аргентина өкіметінен өз қадамдарына жауап беруін талап етуде. Егер бұл іске оңтайлы жауап болмаса, келесі аптаға жос­пар­лан­ған Аргентина Сыртқы істер министрі Х.Тимерманның Израильге сапары кейінге қалдырылады, делінген мәлімдемеде. ШҰЖЫҚ СОҒЫСЫ БАСТАЛЫП ЖАТЫР Еуропаның ортасындағы жақсы дамыған, тыныш елдердің бірі Бельгияда да этносаралық кикілжіңдер қо­йылмай келеді. Осыған қарағанда, «марксистердің» кикіл­жің атаулының түп төркіні тек әлеуметтік қам­тамасыз етудің әлсіздігінде деген тұжырымының қате екенін көрсетеді. Бұл ел парламенттік сайлаудың өткеніне тоғыз айдан асса да, әлі күнге өкіметтік коалиция құра алмай келеді. Сөйтіп, 17 ақпанда-ақ биліксіз елдің рекордын жасаған. Ендігі айғай шұжықтың төңірегінен шықты. Француз тілінде сөйлейтін Валлон аймағы «арден шұжығының» атауына географиялық арнайы мәртебе беруді талап еткен. Бұл нидерланд тілінде сөйлейтін Фландри аймағының тұрғын­да­рының ашу-ызасын туғызып отыр. Өйткені, мұндай шұжық­ты олар да ежелден шығарып келе жатқан. КОММУНИЗМ МЕН ФАШИЗМ ТЕҢ ДЕЙДІ Эстонияда «коммунизм мен фашизм тең» деген тақы­рыпқа эссе жазуға арнайы конкурс жарияланды. Бұл конкурс авторитарлық режім­дердің қылмыстарын әшкерелеуді мақ­сат етеді, дейді ұйымдас­ты­рушылар. Конкурсқа негізінен гимназия оқу­шы­лары мен студенттер ғана қатыса алатын болыпты. Жеңімпаз болған екі авторға Брюссельге туристік сапармен барудың шығыны төленбекші. Эстония билігі КСРО құрамына күшпен енгізіліп, одақтас республиканың бірі болған жылдарды ресми түрде оккупация жылдары деп бағалаған. Бұл елде 2003 жылдан бері «Кеңес өкіметінің басқыншылығы жылда­рын­да» деп аталатын, 1940-1991 жыл­дарға арналған арнайы музей де бар. ОРЫС ТІЛІН ЖАҚТАУШЫЛАР ОПЫНЫСЫ Украина парламентіндегі орыс тілінің жана­шырлары Александр Ефремов пен Петр Симоненко деген компартиядан сайланған депутаттар «Тілдер туралы» атты заң жобасын тіркеткен болатын. Бұл заң жобасының негізгі мақсаты орыс тіліне де украин тілімен бірдей етіп, ресми мәртебе беруді жақтау болатын. Осы жобаның дұрыстығы Жоғарғы Радада ұзақ дау ту­дырып, ақыры қарсыластар Еуроодақтың Венеция комис­сия­сы­ның төрелігіне жүгінген болатын. Елде де ол біраз шу тудырып, мыңдаған адам оған қарсылық білдіру акция­сына қатысқан еді. Жуырда Еуропа комиссиясы заң жоба­сының Украина конс­ти­туциясына қайшы екенін дәлелдеп берді. Сөйтіп, өзге ел тіліне артықшылық бергісі келгендер опынып қалды. Интернет материалдары негізінде әзірленді.