Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында атом энергиясын бейбіт мақсаттарға пайдалану жөніндегі ынтымақтастық бойынша кешенді бағдарламаға қол қойылды.
Екі мемлекет арасында атом энергиясы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кешенді шаралар бағдарламасына Қазақстан Республикасы жағынан Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов, Ресей Федерациясы жағынан атом энергиясы жөніндегі «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Сергей Кириенко қол қойды.
«Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Сергей Кириенко мен «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының төрағасы Владимир Школьниктің журналистер алдында жасаған мәлімдемелері бойынша, ұзақ мерзімге арналған бұл бағдарлама екі ел арасында алдағы уақытта ядролық отын саласында атқарылатын орасан зор жұмыс ауқымын белгілейді. Бағдарлама бойынша еліміздің аумағында табиғи уран өндірісін дамыту және геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту мақсаттарында бірнеше бірлескен кәсіпорындар құру көзделініп отыр.
Жақында Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы президенттерінің бастамасымен әлемде тұңғыш рет уран кенін байыту жөніндегі халықаралық орталық құрылды. Ресейдің Ангарск қаласында жұмыс істеп тұрған табиғи уран кенін байыту жөніндегі бұл бірлескен кәсіпорынның дүние жүзінде баламасы жоқ. Қазір әлемнің көптеген мемлекеттері осы халықаралық табиғи уран кенін байыту орталығының өнімдерін тұтынуға жоғары сұраныстарын білдіріп отыр.
Ал өткен жылдың желтоқсан айында Ангарск қаласындағы осы халықаралық уран кенін байыту орталығында төмен деңгейде байытылған уран өнімдерінің қорын құру туралы шешім қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Бұл шара атом энергетикасын дамытуға ниет қылған мемлекеттер үшін халықаралық тұрақты инфрақұрылым құруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, атом энергиясын бейбіт мақсаттарға пайдалану жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасында атом электр стансасын салу мәселесі де қарастырылған. Сергей Кириенконың айтуы бойынша, егер Қазақстан Үкіметі АЭС салу жөнінде шешім қабылдайтын болса, Ресей тарапынан бұл жобаны нақты жүзеге асыруға қолдау көрсетілетін болады. Бұл жоба әлемдегі ең қауіпсіз технологиялар қолданылатын жаңа тұрғыдағы жоба болмақ. Жапон еліндегі ауыр зардаптарға ұшыратқан жер сілкінісі салдарынан «Фукусима» атом электр стансаларында болған апат әлем жұртшылығын ерекше алаңдатып отыр. Соған қарамастан адамзат болашағын атом энергетикасынсыз елестету мүмкін емес. Бұл ретте атом реакторларының қауіпсіздігіне ерекше мән берілуі керек.
Сондай-ақ кеше «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық холдингі мен «Росатом» корпорациясы арасында сирек және жер қойнауында сирек кездесетін металлдар өндірісі саласындағы ынтымақтастық меморандумына да қол қойылды. Ресейлік «Атомредметзолото» АҚ-тың бірінші вице-президенті Тигран Хачатуровтың айтуынша бұл ынтымақтастықтың да болашағы зор. Қазіргі таңда бүкіл әлемде сирек кездесетін металдардың бағасы күннен-күнге артып келеді. Бүгінде әлем рыногында 130 мың тонна сирек және жер қойнауында сирек кездесетін металдар тұтынылады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.