• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2017

Туған топырағына тартқан тұлға

492 рет
көрсетілді

Халықтың тарихи жады ең бір қимас ұл-қызын ешқашан санасынан өшірмейді екен. Тіпті есімдерін ауызға алуға, тілдің үстіне салуға тыйым болса да ол әлдебір аңыз-әфсанаға, жырға айналып, немесе ертегідей ауыздан-ауызға хатқа түспестен-ақ тарай береді.  Кейкі батыр есімі Торғай та­ба­нының жұртында осылай өш­­пей келді. Ол – батыр­лық­тың, мәрттіктің, қай­сарлық пен жү­рекжұтқан көзсіз ерліктің үл­гісі­ болатын. Кей­кіден бастал­ып,­ Амангелді, Шолақ­тың Оспа­ны­мен өріліп, Доғал, Татыр шайқастары, Ақшығанақта болған ұрысты айта келіп, Әбдіғапар мен Ахаң-Жахаңдардың сыйлас болғаны, Амангелді сардар мен Төкенің ұлдарының өліміне құн сұрау сынды 1916 жылғы пат­ша жарлығына қарсы шық­қан­да болған оқиғалар қария­лар аузынан ертегі аңыз­дардай шер­тілетін. Бара-бара тірі тарих куә­ләрі арадан кетіп, енді соларды көрген адамдардың өзі азайған шақта, көтерілістің 100 жылдығы қарсаңында, былтыр күзде «Өр Торғай – ерлік мекені» атты экспедиция Астанадағы «Бәйтеректің» түбінен аттанып, арада ға­сыр өткенде сол бір ел та­ри­хындағы елеулі оқиғаның ізі­­мен жүріп өтпекші болған. Ақмола, Қа­ра­ғанды, Қостанай облыс­та­рының аумағында 2 жарым мың­ шақырымды артқа тастап, та­ғы­лым мен өрлікке толы бабалар ізін жаңғыртқан экспедиция жұмысы өте бір мазмұнды да, ма­ғыналы болғанын айтқан жөн. Әр­бір басталған игілікті істің соңғы нүктесінің де қойылатыны аян. Астанадағы «Marriott» қонақ үйінде «Torgay expedition» тобы­ның «Өр Торғай – ерлік меке­ні» атты жасақталған экспе­ди­ция­сының мүшелері жина­лып, былтыр күз жүріп өткен жолда жинақталған материал­дар топ­тас­қан кітап­тың тұсаукесерін өткізді. Рәсімде аймақтың шежіре­сін көкірегіне тоқыған, табанын тоздырып кезінде көз­көр­гендерден сыр сауып, зерде­сіне тоқыған азамат Шөптібай Бәй­ділдин сөз алып, ғылыми айналымға түспеген, ел аузында аңыз болып өрілген әңгімелерді ортаға салса, тарих ғылымдарының кандидаты Құрманғали Дәркенов архив деректеріне сүйене отыра біраз мағлұматтарды алға тартты. Мәселен, Торғайдағы көтеріліске қатысты 8000 дерек барлығын, соның 2000 құжаты тек Амангелді батырға қатыстылығын айтты. «Мен істедім дегенше, ел істеді десейші» дегендей осы жұмысқа қолдау көрсетіп, уақытпен санаспай, аянбаған Нұрдәулет Әкімжанов, Нұрлан Сапаров, Мирас Тәжитдинов, Сәбит Шақаев, Абылай Медеубаев, Біржан Мешелов, Абылай Мауданов, Мирдос Әлім­жановқа және тарихтың тамыршыларындай –Шөптібай Бәйділдин, Құлсейіт Туғанбай, Құрманғали Дәркеновтерге алғыстарын айтты. 2 жарым мың шақырым бойында өрелі іс атқарып, Әбдіғапар хан мерт болған Зәуре қопасы мен Кейкі туған Байтұма қонысына ескерткіш қойылған. Осы жерде «Адам туған топыраққа тартып туады» деген рас шығар, Бай­тұмада ескерткіш белгі қою оңайға соқпапты. Кейкі туған топыраққа қазық қағайын десе күрек батпай, білектей бұрғы да сыныпты. «Ол сірә тағдыры да, қайсарлығы да, кектілігі мен тектілігі де осы топыраққа тартып туғаннан болар», дейді кітап авторы Абылай Мауданов. Шара барысында экспедиция жұмысынан жедел ақпарат жіберіп, ол «Kazinform» халық­аралық ақпарат агенттігі арқы­лы 5 тілге тарауына үлес қос­қан журналист Бақытжол Кәкеш алған әсерімен бөліссе, кіш­кентай күнінен өлкенің тағы­лымды тарихын тыңдап, қария­лардың жазбаларын хаттауға көмектескен журналист Азамат Есенжолдың сөзінен көңіл аударарлық әңгімелердің мол екені аң­ғарылды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,  «Егемен Қазақстан»