Астанада алдағы аптада Сирия мәселелерін реттеуге қатысты келіссөздер өтеді деп күтілуде. Елордада ұйымдастырылуы тиіс алқалы жиын халықаралық ауқымда қаншалықты зор маңызға ие? Сирия дағдарысын шешуге бағытталған шара бойынша үнқатысу алаңы ретінде неліктен Астанаға таңдау түсіп отыр?
Танымал саясаттанушы, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан ҚАРИН осы мәселелер жөнінде өз пайымын ортаға салған еді.
Сарапшының айтуынша, ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан мұндай ауқымды шиеленіске қатысты қандай нәтижеге қол жеткізілетіні туралы алдын ала айтуға әлі ертерек. Себебі, Сириядағы қақтығыстың ауқымы өте үлкен, оған қатысушы тараптар, сыртқы күштер көп. Сондықтан, мұндай бітімгерлік келіссөздер өте күрделі жағдайда, түрлі тұрпатта өтеді, тараптардың өзара кеңесулері соңғы сәтке дейін толастамайды. Мұндай жағдайда ең бастысы – келіссөздер үдерісінің басталғаны және жалғасып жатқаны деуге болады.
– Сирия аймағындағы қақтығыстардың ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқанын, құрбандықтардың көп екенін, сондай-ақ, трагедияның шеті мен шегі әлі де көрінбейтінін, оған қатысып жатқан түрлі тараптардың көптігін ескерсек, бітімгершілік бағыттағы үдерістің өзі зор маңызға ие екендігі түсінікті. Дәл қазіргі жағдайда бір тараптардың бітімге келуге мүдделі екендіктерін көрсетіп, оның жолдарын іздестіруге көшкенінің өзі маңызды. Үдерістердің, дәлірегі, келіссөздердің басталғанының өзі үлкен жетістік. Егер бітімге келу үшін ешқандай қадам жасалмаса, ең жаманы сол болар еді. Астана үдерісінің ерекшелігі мен маңыздылығы да осы деп ойлаймын.
Біздің көз алдымызда Сирия мәселелері бойынша Астана үдерісі деп аталатын жаңа пішім қалыптасуда. Мәскеу, Астана және Тегеран сынды басты тараптардың бастамашы болып, осы бағытта қадам жасағаны олардың мәмілеге келуге мүдделі екендігін аңғартады. Яғни, олар қазірдің өзінде ымыраға келудің қажеттігін түсінді. Басты тараптар қандай мәселелер бойынша ортақ келісімге келу керектігін де қарастыруда деуге болады, – деді саясаттанушы.
Ерлан Қариннің айтып өткеніндей, соғыс өрті шарпыған аумақ өте үлкен. Аласапыран болып жатқан аумақтың кейбір бөліктері бойынша келісімге қол жеткізілсе, оны бітімгерлік жолындағы ірі жетістік деуге болады. Оны түсіну үшін сол өңірді мекендейтін адамдардың көзімен қарау керек. Әрине, бітімгершілік үдерісі басталысымен, Сирия дағдарысы бірден шешіле қалады деуге болмайды. Әлемдік геосаясаттың, халықаралық дипломатияның ерекшеліктерін назарға алсақ, бейбітшілік мақсаттағы қадамдардың өзі маңызға ие.
Жалпы, келіссөздердегі Астананың басты рөлі – қатысушы тараптарға үнқатысу алаңын ұсыну. Келіссөздерді Астанада өткізу туралы бастаманы Ресей, Түркия және Иран сынды елдер ұсынды деуге болады. Яғни, бұл Қазақстанның бейтарап рөлін, түрлі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге деген ұстанымын айқын байқатады. Халықаралық қоғамдастық тарапынан Астананың ұстанымы жылы қабылданады.
– Ресейлік, америкалық, түркиялық әріптестерімізбен байланысымыз жақсы. Олар келіссөздер өтетін алаң туралы келісімнің өзі өте маңызды екенін, Астананың таңдалуы өте сәтті шешім екендігін атап өтуде. Себебі, мұндай маңызды шара өте күрделі ұйымдастырушылық шеберлік пен логикалық тиімділікті қажет етеді. Бұл орайда, Астана Мәскеумен де, Анкарамен де, Тегеранмен де өзара сенімге құрылған қарым-қатынаста. Меніңше, келіссөздердің басқа елде, басқа қалада емес, Астанада өткелі отырғаны бұл елдер үшін де тиімді, – дейді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
Сирия дағдарысы бойынша Астананың үнқатысу алаңы ретінде таңдалуын біздің елімізге көрсетілген сенім, халықаралық аренадағы Қазақстанның абыройы деп қабылдауға болады.
– Егер кездесулер елордада өтсе, ол Астананың әлемдегі саяси орталықтардың бірі ретіндегі рөлін нығайта түседі. Сыртқы саясатта «Саяси астаналар» деген ұғым бар. Қаншама елдер, астаналар болғанымен, халықаралық кездесулер өтетін орын ретінде саяси орталықтар ғана бекітіледі. Бұл шара елорданың халықаралық саясаттағы рөлін одан сайын айқындап, халықаралық аренадағы беделін арттыра түседі. Екіншіден, бұл – Қазақстанның саяси беделінің де көрінісі. Ресей тарапынан да, Анкара мен Тегеран тарапынан да біздің елге деген үлкен сенім көрсетіліп отыр. Сирия дағдарысын шешуге бағытталған қадамның елордадан басталуы – Қазақстанның осындай жауапты әрі күрделі үдерісті өткізетін қарым-қабілетіне деген сенімнің көрсеткіші. Сондықтан бұл Қазақстан үшін өте жоғары маңызға ие оқиға болғалы тұр, – деп атап өтті Е.Қарин.
Тағы бір айта кетерлігі, Сириядағы мұсылман бауырлар осындай қайғылы жағдайға душар болып, қиын-қыстау күн кешіп жатқанда Астананың бітімгерлік келісімдерге мұрындық болып, үнқатысу алаңын ұсынғанын адами тұрғыда орынды қадам деуіміз керек. Діни тұрғыдан алғанда да мұны сауапты іс деп қабылдаған жөн. Түркия, Ауғанстан және араб елдеріне жиі баратын, жақында ғана сондай сапардан оралған саясаттанушы Қазақстанның Сирия мәселесіндегі бітімгерлік ұстанымын өте жоғары бағалайтынын атап өтті.
Бір айта кетерлігі, Астанадағы келіссөздер үдерісіне байланысты тіркеуден өтуге тілек білдірген отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің қарасы көп. Ресей, АҚШ, Қытай, Түркия және көптеген Еуропалық одақ мемлекеттерінің халықаралық БАҚ өкілдері келіссөздер барысынан хабар таратпақ. Елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде саны жағынан осындай мол БАҚ өкілдері тіркелуге құлшыныс танытқан екен. Бұл да алдағы аптада Астанада өтеді деп күтіліп отырған шараның халықаралық тұрғыда қаншалықты зор маңызға ие екендігін аңғартады.
Жазып алған
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»