• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2011

Тасқала тағылымдары

604 рет
көрсетілді

Ұрпақ тәрбиесі ұрымтал. Оны қандай кезеңде де көзден таса, кө­ңілден қағаберіс қалдыруға бол­май­ды. Бүгінгі бала – ертеңгі аға, қалыптаса келе дара тұлға бо­ла­ды. Балалық дәуірді бастан кешпеген, оның алуан түрлі өткелінен өтпеген ешкім жер бетінде жоқ болса керек. Содан да шығар, Алаш­­тың арыс ұлы Ахмет Бай­тұрсынұлының: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деп өсиет ай­татыны. Журналист жол сапарға шық­қанда екі көзі төртеу болып, бар мен жоқты, кем мен кетікті түген­деп жүреді. Өткен жылы Ақ­жа­йық өңіріне іссапармен барғанда Тасқала ауданына соққанымыз бар еді. Тақиядай төңкерілген ша­ғын төбелердің баурайына орын тепкен Тасқала кентіне таяп бергенде, өткен ғасыр­да­ғы ойранды соғыстың қасіретін бүкіл болмы­сымен тас бейнеде ұқ­тырып отырған ана алды­мыз­дан шықты. Төңірегіндегі қара мәр­мәрға жа­зылған есімдер, тұ­ғырда тұрған бейнелер оның ұр­па­ғындай елестеп, аялы ала­қа­ны­мен 1775 боз­дақтың беттеріне қон­ған шаңды күндіз-түні ақжау­лы­ғының ұшы­мен сүртіп,  ызғар мен ыстыққа пана болып отыр­ған­дай әсер қал­дырды. Аудан орталығындағы рухани дүниелерді көргенде арғы-бергі ұлт тарихы көз алдыңа келгендей болды. Сонау жылдары салынып, қалыбын бұзбаған атшаптырым аумақтағы стадион, бір заман­да­ры атақта маршал Георгий Жуков ат тізгінін тартқан, ғасырдан аса уа­қытты артқа тастаған пойыз бе­кетінің үйі, жүздеген ұрпаққа білім беріп, тәрбие үйретіп жат­қан «Сәулет» мектеп-гимназиясы, саз мектебі – бәрі де заман талабына толық жауап беріп тұр екен. Ұс­таз­дары да, оқушылары да ізет пен инабатты. Ұл мен қыздың тағ­дырын бізге сеніп тапсырып отыр, ендеше соған сай болуымыз керек деген мұғалімдердің өмір­лік ұстанымы мен талпынысы біраз жұртқа үлгі боларлықтай. Әсі­ресе, кенттегі балалардың мектептен тыс жұмыс орталығын ара­­лағанымызда, оқушылардың жан­ға жаққан тыныс-тіршілігіне тәнті  болдық. – Баланың теріс жолға түсуі бақылаусыздықтан болады. Олар­ды ой-санасын өсіретін, талғамын арттырып, талантын оятатын та­қы­рыптар бойынша балапандай баулып отыру керек. Сонда ғана ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы» деп айтқандай, ұл мен қыз білімге ұмтылады. Өзге пайдасыз алаң қы­лықтарға бармайды. Оның үс­тіне ой өлшеміне сай жұмысқа бір­­тіндеп тарту олардың қабыр­ғасын қатайтып, бұғанасын бекітеді. Пайдалы істі өсе келе кәде­сіне жаратады, пайдасыз істен бо­йын аулақ салады. Біздің орта­лық­тың алға қойған басты мақ­саты осындай идеяларға негізделген. Оның үстіне мұндай іс-ша­ра­лар Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да дәйек­телген, – дейді орталық дирек­торы Светлана Мусина. Мектептен тыс ұйым жұмы­сы­мен танысқанымызда оқушы­лар­дың көркем-эстетикалық, ғы­лы­ми-техникалық, экологиялық-био­логиялық, туристік өл­кетану, әс­кери-пат­риоттық тақы­рып­тар бо­йын­ша қосымша білім бе­рудегі қадамдары тек теориялық ба­ғыт­­та ғана емес, нақ­ты тәжірибеде дә­йектелгеніне көз жет­кіздік. Оған жо­ға­рыдағы тақырыптар бойын­ша бөлінген сынып бөлмелерін­де­гі дүниелер куә болғандай. Мұ­ның бәрі мектепте алған білімді мектептен тыс уақытта жүзеге асы­ру­ға мүмкіндік береді. Әсі­ресе, жеке тұлғаның қалыпта­суы­на, кәсіп­тік бағдарын айқындауға, шығар­машылықпен еңбек етуге, қоғам­да өмір сүруге бейімделуге, аза­мат­тық сана-сезімнің, мәде­ниет­­ті­ліктің қалыптасуына, сала­матты өмір салтын танып білуге, бос уа­қытты мазмұнды ұйымдас­тыруға өлшеусіз септігін тигізетін мектептен тыс ұйым мүшелерінің тір­лігін ерлікке пара-пар деуге тұратындай. Бұлай деуімізге себеп, оқушылардың өз еркімен таң­­дауына сәйкес талапкерлердің шығармашылық қабілетін шың­дау­ға 6 қосымша білім беру педа­го­гы, оларға қоса бір психолог, көпшілік жұмысты ұйым­дас­тыру­шы, жалпы саны 8 адам еңбек етсе, олар жыл сайын 5-тен 18-ге дейінгі 1600 оқушыға қосымша сабақ береді екен. Мұндай игілікті іс ата-ана­лар­дың қолдауынсыз атқ­арыл­май­ты­ны белгілі. Бір қуанарлығы, аудан орталығындағы ата-аналардың бар­­лығы да көркемдік эстети­ка­лық ба­ғытта қосымша білім беруге тал­пынған педагогтардың қадамын қолдап, әр оқушыға мұндай іс пси­хологиялық жағынан үлкен дем беріп, техникалық және шы­ғар­машылық шеберханаларда бой­­ларындағы талантын көрсетуге, іздене келіп, бал бармағынан өнер дүниесін туғызуға, өзі күн кешіп жатқан Табиғат-Ананы аялауға, оның экологиялық ахуалын бұз­бай сақтауға, ластануына жол бер­меуге, ұлттық құнды­лық­тар­дың құнын танып білуге молынан мүмкіндік жасайды деген бай­лам­ға ден қойыпты. Әсіресе, ұр­пақ­тар арасындағы сабақтастық, нақ­тылай түссек ұлттық дәстүр ар­қауы үзілмей келе жатқан өнер, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу, тілдің қадіріне жетіп, ділдің қасиетін ұғу жайы бірінші кезекке қойылыпты. Біз осы тақы­рып­тар бойынша шеберханаларды ара­лап көргенде, бастау суындай мөлдір ұл мен қыздың ойынан өріліп шыққан өрнекті дүние­лер­ді көрдік. Мысалы, «Сурет», «Шы­­ғар­машылық шеберхана» үйір­­­ме­леріне қатысқан оқушы­лар­дың қолынан шыққан алуан түрлі суреттер жүрегіңе жылы­лық құяды. Олардың ойынан өріс алып, қағаз бетіне түскен алуан түрлі жан-жануарлардың бейне­лері­нің көбі өздері секілді балаң кейіпте. Бұған қоса, тазалықтың, адал­дық­тың, пәктіктің символына айнал­ған аққу бейнелері ерекше әсерге бөлейді. Бұған қоса, оқу­шы­­лар­дың қолымен ұйымдасты­рыл­ған өлкетану мұражайындағы ғасыр­лар қойнауынан сыр шертетін кө­не зат­тардың өзі көз жауын ала­ды. Олар туралы жаз­ған мәліметтер ұл­ты­мыз­­дың арғы-бергі тари­хы­­нан мол мәлімет береді. Таби­ғат­тың жанашыры болуды кішкентай кездерінен бойларына да­рытып, ойларына қондырған оқу­шы­лар­дың бұл тақырыптағы суреттері де әдемі. Ауданның өр­кен­деуіне үлес қосқан ардақты ата-ана­лары­ның, сұрапыл жаудан жері мен елін, ұрпағының бола­шағын қор­ға­ған қас батырлардың артында қалған жәдігерлерінен, суреттерінен, кітаптарынан, өзге де құнды бұйымдарынан жасақ­таған бөл­ме­ден көп сыр ұққан­дайсың. – Қазір оқушылардың арасын­да жұртты алаңдатып отырған жайсыз мәселелер аз емес. Оның ішінде өзіне-өзі қол салу секілді жұртымызға жат қылық та бар. Біз осындай сұмдықтан сақтан­ды­ру үшін «Жас психолог» үйір­ме­сін ұйымдастырып, ұл мен қыз­ға өмір­дің қымбат екенін ұғын­дыру­дамыз. Мұның ар жағында рухани адамгершіліктің, патриоттық се­зім­нің жатқанын түсіндірудеміз. Осындай жұмысты әлеуметтік-пе­дагогикалық бағыттағы «Жас қы­ран» клубы бойынша аудан­ы­мыз­дың 15 мектебіндегі балалардың бірлестіктері арқылы жүзеге асы­рудамыз. Қызметтің бұл түрі өс­келең ұрпақтың әлеуметтік бейімделуіне, азамат болып қалып­та­суы­на, дарынды балалардың шы­ғуына мүмкіндік береді. Біз осын­дай жұмыстардың нәтижесінде көзге түскен талантты балаларды өзімізде ғана тәрбиелеп қоймай, облыс, республика көлеміне шы­ға­руға да талпыныс жасаудамыз. Иә, жан-жақты эстетикалық тәр­бие беруде,  сұлулыққа, тазалыққа үйретуде, әр жастың кеудесіне адамгершілік рухын дарытуда мек­тептен тыс ұйымның атқара­тын рөлі ерекше. Әрине, мұндай жұмыстың жүйелі жүруі қаржыға байланысты екені белгілі. Бұл тұр­ғы­дан келгенде, аудан басшылы­ғы, әсіресе әкім Өтеміс Мырза­ға­лиев ұрпаққа қамқор болуда бар мүмкіндікті жасап келеді. Таяуда ғана ғимаратымыз күрделі жөн­деу­ден өтіп, оқушылар бір сәт спортпен айналысатын жаңа үй пайдалануға беріліп, қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Біздің ендігі бар міндетіміз осы жағдайды тиімді пайдалана отырып, мектептен тыс ұйымның жұмысын заман талабына сай жетілдіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі тұтқасын ұстайтын тұлғасы биік, тұғыры мықты жастарды қалыптастыру, – дейді орталық басшысы Светлана Қапанқызы. Сүлеймен МӘМЕТ. Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы.