• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2011

Астана ажарының айшықтары

559 рет
көрсетілді

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, елдігіміздің айбыны, ертеңіміз­дің айбары, тәуелсіздігіміздің тұғырына айналған ажарлы Астана тағы да топ жарып, жарты әлемді алып жатқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі қалалар ара­сын­дағы ең үздік қала марапатына ие болды. Иә, тарих үшін қас-қағым сәт болып сана­латын бір мүшел мерзім ішінде Қазақстан халқының ерен ерлігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде төрткүл дүниенің ғасырлар бойы қалыптасқан тұғырлы қалаларымен көрік таластыра алатын жас та жасампаз Астана қаласының іргетасы қаланды. Қазірдің өзінде ХХІ ғасырдың ғажайыбы атанған елордамыздың болашағы баянды, келбеті кемел болатындығына күмән жоқ. Оған Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының бастамасымен өткізілген «ТМД және ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» атты ІІІ халықаралық қалалық тәжірибелер байқау-конкурсында Достастық мемлекеттерінің 450 қаласының ішінен жарып шығып, жеңімпаз атануы да толық дәлел. Мәскеу қаласында өткен бұл мәртебелі байқау-конкурсқа Достастық мемлекеттері­нің 450 қаласы қатысып, оның ішінде 81 ірі де іргелі қалалар мен астаналар мәреге шық­қан айтулы жарыста үздік атану елор­дамыздың қол жеткізген жасампаз жетістіктерін көрсетсе керек. «ТМД және ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» атты ІІІ халықаралық қа­лалық тәжірибелер байқау-конкурсы 2030 жыл­дарға дейінгі қаланы дамытудың тұ­рақ­ты стратегиялық жоспарын белгілеу және жүзеге асыру, бұқаралық дене шынықтыру және спортты дамытуға жан-жақты жағдай жасау, кемтар адамдардың тұрмысы үшін қо­лайлы жағдай туғызу және әлеуметтік қол­дау жүйесін ұйымдастыру, тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі қоғамдық және му­ниципалдық ұйымдар құру, қала аумағын­дағы өндірістік нысандарға экологиялық бақылау жасау және қаланы көріктендіру мен көгалдандыру сияқты номинациялар бойынша өткізілген болатын. Астананың 2030 жылдарға дейінгі стра­тегиялық даму жоспары хақында айтатын болсақ, елорда қазығы қағылған алғашқы күннен жаңару мен жаңғыру үрдісін бастап, бүгінде жаңа технологиялар мен өркениетті өскелең сәулет өнерінің озық үлгілерін қам­ти­тын еліміздегі жаңа құрылыс кластерін қа­лыптастырды. Астананың дамуы бүкіл республика экономикасының дамуына тың серпін берді. Ақиқатын айтсақ, Астана шын мәніндегі егемен еліміздің экономикалық даму локомотивіне айналды. Әріге бармай-ақ Астана қаласының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралай­тын болсақ, бір жыл ішінде қаланың өнер­кә­сіп өндірісі 9 пайызға артып, 111,1 миллиард теңгеге жетті. Ал 2011 жылдың өткен 2 айы ішінде бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 64,7 пайызға өсіп, 23,2 миллиард теңгені құрады. Негізгі ка­пи­талға тартылған инвестиция өткен жылы 391 миллиард теңге болып, 2009 жылмен салыс­тырғанда 23 миллиард теңгеге артты. 2011 жылдың 2 ай ішінде ғана Астана қаласына 24,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өткен жылы Астана қаласын дамытудың жаңа кешенді бағдарламасы белгіленіп, онда негізінен қаланы көгалдандыру, тұрғындар­ды сапалы ауыз сумен, тұрақты энергия қуа­тымен қамтамасыз етіп, инфрақұрылымдық кемшіліктерді болдырмау жөніндегі ма­ңыз­ды әлеуметтік мәселелерді шешуге ба­сым­дық берілді. Сонымен бірге қаланың шеткі аймақтарындағы 20 кентті көріктендіру және абаттандыру мәселелеріне айрықша мән берілуде. Алдағы 3 жыл ішінде елорданың шет­кі аймақтарында 200 шақырымнан астам жаңа жол құрылысын салу және күрделі жөндеу, 33 шақырым су тарату желілерін, 24 шақырым кәріз жүйелерін салу және 110 шақырымнан астам электр тарату желілерін құру көзделініп отыр. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бой­ын­ша 5612 қала тұрғыны қолжетімді пә­тер­лермен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 2113 адам өткен жылы жаңа пәтер кілтін алды. 2011 жылы мемлекеттік тұрғын үй бағдар­ла­ма­сы одан әрі жалғастырылатын болады. Елі­мізде қабылданған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Астана қала­сында 2010 жылы 3600 орындық 3 жаңа мектеп ғимараты бой көтерді. Бұл бағдарлама сыртында әкімшілік орталықта 1200 орын­дық №66 мектеп ғимараты жеткіншектер үшін есігін айқара ашты. Ал үстіміздегі жылы Астана қаласында тағы да 2 мектеп, атап айтқанда, Н.Тілендиев даңғылындағы 1200 орындық, Көктал-2 кентінде 800 оқу­шыға арналған жаңа мектеп ғимараттары биылғы жылдың наурыз-мамыр айларында пайдалануға берілмек. Соңғы 3 жыл ішінде елордада өскелең заман талабына лайық­та­лын­ған 10 медициналық мекеме бой көтерді. Сол жағалауда қазіргі кезеңде Достастық мемлекеттерінің ішінде баламасы жоқ ме­дициналық кластер ашылды. Биылғы жылы «100 аурухана» бағдарламасы бойынша тағы да заманауи 3 медицина мекемесі салынады. Дене шынықтыру және бұқаралық спорт­­ты дамыту үшін қаламызда кешенді бағдарламалар жүзеге асырылып, жан-жақ­ты жағдай жасалуда. Төрткүл дүниені там­сандыр­ған «Азиада-2011» Қысқы Азия ойын­да­рын өткізудің орталығына айналған Астананы бұ­қаралық дене тәрбиесі мен спорт алаңы деп айтса да болғандай. Елордада қазір ондаған спорт кешендері жұмыс істейді. Спорттың әлем­дік талаптарына сай жабдықталған «Алатау», «Қа­зақстан», «Астана», «Каспий», «Еуразия» және басқа спорт кешендері астаналықтардың, оның ішінде, жастардың сүйікті мекеніне ай­нал­ған. Сонымен бірге қаламызда гимнастикамен, дене тәрбиесімен, күреспен шұғылданатын ма­ман­дан­дырылған спорт залдары және онда­ған ба­лалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері бар. «Жастар» оқушылар сарайында суға жүзу орталығы, көркем гимнастика, баскетбол, теннис және басқа да көптеген спорт түрлері бой­ынша секциялар жұмыс істейді. Осы спорт кешендерінде өздерінің кәсіби шеберлігін шың­даған көптеген жас спортшыларымыз бүгінде халықаралық жарыс жолдарында бақ сынауда. Сондай-ақ, қаладағы толып жатқан фитнес-ор­талықтарда, тренажер залдарында, шаңғы-ро­лик трассаларында, спорт комбинаттарында мың­даған астаналықтар дене шынықтыру тәр­биесімен айналысып, саламатты өмір салтына ден қоюда. Тағы ерекше айта кететін бір мәселе, Астана қаласының әкімдігі аулаларды абат­тандыру мақсатында ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Қазір іс жүзінде қаламыздың барлық аулалары турниктермен, үстел теннистері, футбол алаңдары сияқты балаларға арналған спорт қондырғыларымен жабдықталған. Азиада ойындарын өткізу барысында елордада қазіргі заманда теңдесі жоқ спорт кешендері салынды. «Мұз айдыны» атты конькимен жүгіру стадионы, велотрек, «Астана-Арена» стадиондары бүгінде астаналықтардың игілігіне айналды. Түйіндей айтсақ, бүгінде Астана тұр­ғын­дарының қандай да болмасын спорт түрімен шұғылдануына толық жағдай жасалған. Жоға­рыда айтылған заманауи спорт кешендерінде жаттығу үшін мектеп оқушылары мен студенттерге жеңілдіктер жасалады. Ғасыр ғажайыбы атанған Астана қаласында ХХІ ғасыр талап­тарына толық жауап беретін спорт инфрақұ­рылымы жасалған. Елордада мүгедектерді техникалық құрал­дар­мен қамтамасыз ету және мүгедектер арба­сы­ның көліктерге, әкімшілік, медициналық, сауда, мәдениет және басқа мекемелерге кедергісіз кіруіне жағдай жасау, оларға әлеуметтік қолдау көрсету және тұрмыстарына қажетті жағдай жасау шараларын ұйымдастыру мәселесі де барынша ойластырылып, үнемі жетілдіріліп келеді. Бүгінде Астана қаласында 13591 мүгедек жандар, оның ішінде 1537 мүгедек балалар өмір сүреді. Тағдыр талайымына ұшыраған бұл адам­дарға медициналық, әлеуметтік және кәсіби тұрғыда көмек көрсету мәселесі бойынша әрбір мүгедек адамға белгіленген арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Осы бағдарламаға сәйкес мү­ге­дек жандар жергілікті бюджет есебінен мүгедек арбаларымен, протездік-ортопедиялық құрал­дар­мен, тифлотехникалық және сурдотех­ни­калық жабдықтармен, міндеттік гигиеналық құралдармен, санаторийлік-шипажайлық емдеу жүйелерімен қамтылған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру шең­берінде қалалық «ЭраТВ» телеарнасы арқылы ақпараттық бағдарламаларға қазақ және орыс тілдеріндегі сурдоаудармалар беріліп отырады. Мүгедек жандарды көлік құралдарына, тұрғын үйлер, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға кедергісіз кіру мәселесі бойынша кешенді шаралар жасалуда. Мәселен, бүгінде қала көшеле­рін­де қатынайтын 78 автобус мүгедектер арбалары кідіріссіз кіретін қондырғылармен жабдық­тал­ған. Алдағы уақытта тағы осындай 47 автобус сатылып алынады. 57 қала көшелерінің қиы­лы­сына дыбыс беру белгісімен жабдықталған ар­наулы бағдаршамдар орнатылған. Сонымен бірге қала көшелерінде мүгедек жандарға арналған әртүрлі қосалқы көмек қондырғыларын орнату жоспары жүзеге асырылмақ. Жол қиылысындағы тротуарлар бойында мүге­дектер арбаларының қозғалуына ыңғайлы болатын арнайы бордюрлер жасалынған. Құры­лыс нысандарының сметалық-жобалау құжат­тарын дайындаған кезде ғимараттардың кірер есіктерінің алдындағы баспалдақтарға арнайы пандустар орнату мәселесіне айрықша мән беріледі. Соңғы 5 жыл ішінде қаламыздағы 568 ғимараттарға пандустар орнатылды. Сондай-ақ Тәуелсіздік сарайы, қазақ және орыс театрлары, қазіргі заманның өнер мұражайы, «Атамекен» этно-мемориалдық кешені, Конгресс-холл және басқа да мәдениет мекемелері осындай арнаулы пандустармен жабдықталған. Тағдырдан тарлық көрген мүгедек жандарды қоғамдық өмірден тыс қалдырмау мақсатын­дағы қамқорлық шаралары кеңінен жүргізіледі. Сонымен бірге, мүгедектерді жұмыспен қамту мә­селесі де жүйелі шешім тауып отырады. Мә­се­лен, 2010 жылы Астана қалалық еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау басқармасына қаламызда тұратын 367 мүгедек жан әлеуметтік көмек көрсету туралы өтініш білдірді. Жыл ішінде бұл өтініштер толық орындалды. «Жол кар­тасы» шеңберінде мүгедек адамдарды жұ­мыспен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлін­ді. 78 мүгедек жан жұмыспен қамтылып, 37 адам қайтадан кәсіби дайындықтан өткізетін оқу орындарына жіберілді. 12 мүгедек адам жалақы төленетін қоғамдық жұмыстармен қамтылды. Үстіміздегі жылы қаладағы 91 жұмыс берушімен мүгедектерге арналған 446 жұмыс орнын ашу жөнінде арнайы келісім-шарт жасалды. 2010 жылы жалпы алғанда 188 мүгедек адам жұмыспен қамтылды. Тұтынушылардың құқын қорғау жөнін­дегі қоғамдық және муниципалдық қызмет­тер­дің жұмысын ұйымдастыру мақсатын­дағы міндет те дұрыс жолға қойылған. Астана қаласында көп жылдардан бері «Әділет» тұтынушылар құқын қорғау қоғамы жұмыс істейді. Қаланың ардақты азаматтарының бірі, қоғам қайраткері Қабыкен Зәкариянов басқаратын бұл қоғам Достастық кеңістігін­дегі мемлекеттерде құрылған осындай қоғам­дардың ішінде үздік деп танылып, «Әділет» қоғамының жұмыс тәжірибесін ТМД-ға кеңінен тарату жөнінде шешім қабылданған болатын. Қабыкен Зәкарияновтың айтуы бой­ын­ша, «Әділет» қоғамдық қоры тұтынушылар­дың құқын қорғау мақсатында елорда әкім­дігімен бірлесе отырып, кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Осы қоғамның баста­ма­сы­мен қаланың барлық мектептерінде бас­тау­ыш сынып оқушыларын және аз қамтамасыз етілген отбасыларының балаларын тегін та­мақпен қамтамасыз ету шарасы жүзеге асы­рылды. Қоғамның табанды іс-қимылының нәтижесінде қаладағы қоғамдық көліктерде жолаушыларға өркениетті де мәдениетті қызмет көрсету ісі жолға қойылды. Бүгінде Астана Қазақстан қалаларының ішіндегі зей­неткерлерді қаладағы қоғамдық көліктер­мен тегін тасымалдауды қамтамасыз еткен бірден-бір қала болып саналады. Қалада тұ­тынушылар құқын қорғау, қоғамдық және муниципалдық қызметтердің жұмы­сын жан­дандыру мақсатында таяу бола­шақ­қа арнал­ған жұмыс бағдарламасы белгіленіп, жүзеге асырылуда. Қаладағы өндірістік негіздегі нысан­дар­ға экологиялық бақылау жүргізу тәжі­ри­бесін жүзеге асыру және көгалдандыру мен көрік­тен­діру шараларын ұйымдастыру жұ­мыс­та­рына қала әкімдігі айрықша басым­дық беріп, қала көшелерінің тазалығын жақ­сарту мақсатындағы жүйелі жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Қала маңайы­ның эко­логиялық ахуалын жақсарту туралы әңгіме қозғаған кезде Астана қаласын айнала қор­шаған «Жасыл белдеу» туралы айтпай кетуге болмайды. Айналасы 10 жыл уақыт шама­сында қаламызды қоршай мыңдаған шақы­рым­ға созылған сыңсыған орман қа­лып­­тас­ты. Қазір «Жасыл белдеу» аясындағы орман көлемі 71 мың гектарға жетті. Сонымен бірге, «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде қала жастары жыл сайын мыңдаған  гектар аймақ­қа ағаш отырғызады. Қала аумағында 2010 жылы әрбір тұрғынға шаққандағы кө­гал­­дан­дыру аймағы 11,42 шаршы метрге жетті. Астана қаласында тұрмыс қалдықтарын қайта өңдеу кешенінің құрылысы салынып жатыр. Жалпы құны 32 миллион еуро тұ­ратын бұл кешен 2011 жылы пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, 2009 жылдан бері Астана қаласында қолданыстан шыққан көлік доңғалағы резеңкелерін қайта өңдеу зауыты жұмыс істеп келеді. Бұл зауыт жылына 16 мың тонна ескі резеңкелерді қайта өңдеп, құрылысқа қажетті өнімдер шығарады. Қазақстан халқының мақтанышына айналған Астана қаласы жасампаз жетістіктер ордасы болып саналады. Қазір еліміздің елордасында әлемдік деңгейдегі ғылым, технология және техникалық озық ой жетістіктері шоғырланған. Елорда шын мәніндегі озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әке­летін жерұйыққа айналды. Астана бар­лық уақыттарда да Қазақстанның өркениет биігіне ғарыштық қадаммен алға басқан жасампаз жолының көшбасшысы бола бермек. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.