• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2011

Ынтымақтастықты арттыратын құжаттар қабылданды

370 рет
көрсетілді

Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысында бес мәселе талқыға түсті. Оның дені халықаралық құжаттарды бекітуге қатысты болды. Алдымен күн тәртібінде «Қа­зақ­стан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Шарт эко­номикалық, саяси, ғылыми-тех­ни­калық және өзге де сала­лар­дағы ынтымақтастықты терең­де­туді көздейді. Оған 2009 жылдың 5 қарашасында Рим қаласында қол қойылған. Құжатқа еліміз бастамашы болса, ол «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Жалпы, Италия Қазақстанның барлық бастамаларын қолдап келе жатқан елдердің қатарынан саналады. Еліміздің сауда әріп­тестерінің ішінде де Италия ал­дыңғы орындардың бірін алады. Екі ел арасындағы тауар айна­лы­мы өткен жылы 11 миллиард АҚШ долларын құрап, бұрнағы жылмен салыстырғанда 30 пай­ызға артқан. Сенаторлар заң жобасының мемлекеттік тілдегі мәтініне қа­тысты мәселені пысықтап алған соң оны қабылдаған жөн деп тапты. Келесі кезекте «Шанхай ын­тымақтастық ұйымына мүше мем­лекеттердің терроризмге қар­сы құрылымдары үшін кадрлар даярлау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Келісім аталған ұйымға мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы құрылымдары үшін құқықтық негіздер жасаумен қатар, кадрлар даярлау деңгейін арттыруды көздейді. Сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимыл са­ла­сында, оның жаңа қыр көр­сетулері мен қатерлеріне қарсы күресте халықаралық ынтымақ­тас­тықты нығайтады. Депутаттар аталған заңдық құжаттың ма­ңы­зын ескеріп, оны заңдық тұр­ғы­дан бекітті. «Патент құқығы туралы шарт­ты ратификациялау туралы» заң жобасының қаралуы ғы­лы­ми-техникалық жаңалықтардың тұр­мы­сымызға кеңінен еніп отыр­­ғандығымен байланысты. Шарт­тың мақсаты әлемдегі ең озық технологияларды қолдау бол­са, ол зияткерлік меншікті қор­ғаумен тікелей байланысты екені сөзсіз. Патент құқығы туралы шартты (PLT) 2000 жылғы 1 маусымда консенсус арқылы 140-тан астам елдің қатысуымен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) аясында құрылған Дип­ломатиялық конференция қабыл­даған-ды. Оның ережелері 1970 жылғы 19 маусымдағы Патенттік кооперация туралы шартқа тығыз байланысты болса, еліміз оған 1993 жылы қосылды. PLT шарты ұсынылатын құжаттарға қойыла­тын формальды талаптарды бірізділендіріп және оңайлатып, құ­жат­тар ресімдеу кезінде қате жіберуді азайтады. Бұл патент құ­қығын жоғалту жағдайларына да қатысты. Заң жобасы бірауыздан қолдау тапты. Талқылау нәтижесінде депутаттар «Қазақстан Республи­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралым­дар­дың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бой­ынша толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасын екінші оқы­лымда қабылдады. Заң жо­басы оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сақтауда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қарулы Күштер­дің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, ба­за­лары мен қоймалары жанын­дағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді бекіту жө­ніндегі Үкімет өкілеттігін толық­тыруға бағытталған. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне уәкілетті мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Үкі­метінің тексерілетін субъек­тілерге қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құқық­тық актілерді қабылдау құзы­рет­терін қайта қарау мәселелері бой­ынша өзгерістер мен толықты­ру­лар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Мәжіліске жіберілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.