Санкт-Петербург кәсіподақтардың гуманитарлық университетінің Алматы филиалында «Қоғамдық жаңғырулар дәуіріндегі экономика, құқық, мәдениет» деп аталатын дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәслихат болып өтті.
Мәслихат жұмысына Санкт-Петербург кәсіподақтардың гуманитарлық университеті философия және мәдениеттану кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, мәдениеттану докторы, Ресей Федерациясы ғылымының еңбек сіңірген қайраткері А.Марков, Ресей Федерациясы Бас консулдығының Алматы қаласындағы консулы, Қазақстан Республикасындағы Ресей ынтымақтастығының өкілдігі басшысының орынбасары, доцент, философия ғылымдарының кандидаты И.Переверзева, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, профессор В.Малиновский, Қазақстан мен Ресейдің, таяу шет елдердің бірқатар белгілі ғалымдары қатысты.
Жиналғандарға Санкт-Петербург кәсіподақтардың гуманитарлық университетінің Алматы филиалының директоры Т.Баталова құттықтау сөзбен шықты. Ол қоғамдық дамудың барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістеріне жүйе құраушы фактор ретінде орасан зор ықпал ететін мәдениеттің ерекше маңызына конференцияға қатысушылардың назарын аударды.
Осы тұрғыдан алғанда, елімізді әрі қарай дамыту бағытындағы жұмыстарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 24 қаңтарындағы Үндеуінің орасан зор маңызы бар. Оның ережелері әлеуметтанушылардың, заңгерлердің, экономистердің кешенді түрдегі терең талдауын талап етеді. Сондықтан, аталған мәслихат аясында бұл міндет барлық тақырыптық секциялардың алдына қойылып отыр. Осыған орай, мәслихаттың пленарлық мәжілісі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы В.Малиновскийдің баяндамасынан басталды.
Өзінің «Мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді қайта бөлу: қисын, жүйелілік, ғылымилық және халықтық» деп аталатын баяндамасында В.Малиновский өкілеттіктерді қайта бөлу қоғамның қазіргі даму кезеңіне сәйкес келетініне және Қазақстанның демократиялық құқықтық мемлекет ретіндегі стратегиясын жүзеге асырудың кезеңі болып табылатынына назар аударды.
Мемлекеттік биліктің бірлігі мен оны бөлу қазіргі заманғы мемлекеттің халықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін болуы тиіс. Ол өткен ғасырдың 90-шы жылдарында және Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының қызметінде көрініс тапқан мемлекеттік пішіннің тәжірибесіне негізделіп отыр. 1998 және 2007 жылдардағы конституциялық реформалар Парламенттің өкілеттігін және Үкіметтің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Қазіргі кезең бұл стратегияның дұрыстығын айғақтап беріп отыр.
Заң жобасын бүкілхалықтық талқылау барша қазақстандықты басқарудың президенттік пішінін әрі қарай ырықтандыруға қосуға оң ықпал ететін болады.
Талқылау жұмысына белгілі қазақстандық ғалымдар: заң ғылымдарының докторы, профессор С.Әлібеков, заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Дүйсенов, заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Түзелбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор О.Вербовая, заң ғылымдарының докторы, профессор А.Әубәкірова, заң ғылымдарының кандидаты, доцент О.Громова (Санкт-Петербург) және тағы басқалар қатысқан юриспруденция секциясында жалғасты. Үндеуде қозғалған шешуші проблемаларға байланысты қызықты пікір алмасулар жүріп, Қазақстан Республикасы Конституциясына ұсынылып отырған өзгерістер сараланды және жоспарланып отырған біздің еліміздегі мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу тұрғысынан келгенде Қазақстанның конституциялық және салалық заңнамаларын жетілдіру бойынша қызықты ұсыныстар көлденең тартылды.
Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы жеке ұсыныстар ғалымдар тарапынан үлкен пікірталас туғызды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ