• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2017

ҰБТ тапсыру түлектің еркінде

2429 рет
көрсетілді

Он бес жылдан бері мектеп түлектерінің білімін бағалап келген Ұлттық бірыңғай тестілеуге өткен жылы өзгерістер енгізілгені белгілі. Сол өзгеріс биыл қалай жүзеге асатынын білу мақсатында «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК-ның директоры, заң ғылымдарының докторы Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВҚА бірнеше сұрақ қойған едік. – Рамазан Сихымұлы, Ұлт­тық бірыңғай тестілеу жүйесіне енгізілген өзгерістер қандай? – Басты өзгеріс ҰБТ-ның екіге бөлінуі: қорытынды аттестаттау және бірыңғай ұлттық тестілеу. Қорытынды аттестаттау – мектепті бітіру емтихандары. Ал Бірыңғай ұлттық тестілеу – жоғары оқу орнына түсу емтиханы. Қорытынды аттестаттау мектепте 5 пән бойын­ша өтеді. Қазақ мектептерінде қазақ тілінде, орыс мектептерінде орыс тілінде эссе жазады. Оған 3 сағат уақыт беріледі. Екінші пән алгебра және анализ бастамалары. Бұл да жазбаша емтихан. Оған 5 сағат уақыт беріледі. Үшінші пән Қазақстан тарихынан ауызша жауа­п беру арқылы өтеді. Төртінші пән қазақ мектептерінде орыс тілі, ал орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінде – тестілеу түрінде өтеді. Бесінші – түлектің таңдайтын пәні де тестілеу түрінде. Сол таңдайтын пәндерге физика, химия, биология, география, геометрия, дүние жүзі тарихы, әдебиет, шет тілдері (ағылшын, неміс, француз), информатика кіреді. Ұлттық бірыңғай тестілеу жыл­­дағыдай Ұлттық тестілеу орта­лығының аймақтардағы 165 тестілеу пунктінде өтеді. Ол екі блоктан тұрады. Бірінші блокқа міндетті үш пән: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және Қазақстан тарихы, ал екінші блокқа таңдаған мамандығына байланысты бейіндік пәндер кіреді. Әр мамандыққа тапсырылатын бейіндік пәндер тізімін алдағы уақытта жұрт назарына ұсынамыз. – Осы өзгерістер себебіне тоқтала кетсеңіз. – ҰБТ 2004 жылы енгізілгені мәлім. Содан бергі уақыт ішінде бұл сынақ алу жүйесіне оң қабақ танытқандар да, сын айтқандар да болды. Ең бастысы, мұғалімдер мен оқушылар, ата-аналар тарапынан түскен шағым, «Алтын белгіге» деген үміттің кей жағдайда ақталмай қалуы, озат оқушының шекті деңгейге жете алмай жатуы сияқты сынақ қорытындысына деген наразылықтар еді. Шынында, мектеп бітіру аттестатындағы бағалар, жоғары оқу орнына түсу-түспеуіне қатысты шешімдер, мұның бәрі жас түлек үшін маңызды қадамдар және бәрі ҰБТ-ның нәтижесіне байланысты болып, психологиялық жағынан қиындық тудырмай қоймады. Енді ҰБТ-ны екіге бөлу арқылы бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймыз. Себебі, қорытынды аттестаттау мектеп бітірушінің өз мектебінде, өзі үйренген, пси­хологиялық жағынан қолайлы ортада өтеді. Одан кейін ЖОО-ға түсе ме, жоқ па, ҰБТ тапсыра ма, тапсырмай ма, түлектің өз еркінде. Дегенмен, мойындау керек, ҰБТ-ның артықшылықтары да жетерлік. ҰБТ қолданысқа енген 13 жылда 1 миллион 589 мың мектеп түлегі жоғары оқу орындарына түсу үшін емтихан тапсырғанын айта кетсем деймін. Бұл жалпы мектеп бітірушілердің 80 пайы­зын құраған еді. Ең бас­тысы, жоғары оқу орнына түскісі келетін қарапайым ауыл баласына үлкен қалаға барып емтихан тапсыру біраз шығын болатын. Кейбір отбасының қалтасы оны көтере де бермейтін. Ал ҰБТ бұл мәселені жүйелі шешіп берді. Яғни, түлек өз ауданында тестілеуден өтіп, өзі қалаған, армандаған оқу орнына түсуге мүмкіндік алды. Қазіргі ҰБТ-да да осы тәртіп сақталып қалғанын еске сала кетсем деймін. ҰБТ тапсыруға өтініш қабылдау 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. – Жаңа жүйені ата-аналар, ұстаздар, түлектер қалай қабылдап жатыр. Мектептерде осы формат бойынша емтихан тапсыруға дайындық қалай? – Бәрі жылы қабылдап жатыр деуге келмес. Дегенмен, қорытынды аттестаттаудан мектептен өтіп, ЖОО-ға түсу емтиханын бөлек тапсыру бұрын тәжірибемізде болған. Сондықтан, ақпараттық түсіндіру жұмыстарынан соң оң көзқарас арта түсетініне сенімдіміз. Тағы қайталап айтамын, аймақтарда ақпараттық түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік. Бұған дейін 4 аймақта (Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары) ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша апробация өткіздік. Оған 86 мектеп, нақтырақ айтсақ, қазақ мектебінен – 2109, орыс мектебінен – 1891, барлығы 4000 оқушы қатысты. Апробациядан соң тест тапсырмаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бүгінде ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша 44 000 тапсырма дайын. Ол екі рет сараптаудан өткізілді. Одан соң тест сұрақтары жиынтығының апробациялық нұсқасын шығарып, онлайн түрінде іске қостық. Яғни, түлектер мен талапкерлер тестілеуге testcenter.kz сайтында дайындала алады. Осы жерде барлық ата-аналар мен журналистердің назарын ерекше аударғым келетін мәселе: мектептердегі қорытынды аттес­таттауды өткізуге мектептер мен жер­гі­лікті білім басқармалары жа-у­ап­ты. Ұлттық тестілеу орталы­ғы­ның бұл жердегі басты міндеті тек тест тапсырмалары мен сұ­рақ­­тар­­ды, дұрыс жауаптар кодын дайын­дап, тиісті орындарға жеткізіп беру. – Биылғы мектеп түлектерін ойландырып отырған жағдай, жаңадан енген формат бойынша дайындық қалай болады деген мәселе еді. Дәстүрлі ҰБТ-да бұл айқын болатын. Талап­кер­лер тестіні жаттап, мектеп оқу­лық­тарын бір қайталап шығатын. Ал жаңа формат бойынша оқушы дайын­дықты неден бастаймын деп ойлану үстінде жүр. Бұған сіздің берер жауабыңыз қандай? – Жоғарыда атап өттім, қоры­тынды аттестаттаудан түлектер өз мек­тептерінде, таныс ортада өте­ді. Бұл оларға жеңіл болуы тиіс. Тест тапсырмалары да мектеп бағ­дарламасына негіздел­ген. Жақсы оқып, мектеп бағдар­ламасын жетік меңгерген оқушы үшін қорытынды аттестаттау да, ҰБТ да қиын болмайды деп ойлаймын. Қараша айында Астанада «Білім және ғылым-2016» атты көрме шеңберінде Ұлттық тестілеу орталығы жаңа формат бойынша сынама тестілеу өткізген болатын. Оған Астанадан бөлек, елордаға жақын орналасқан елді мекендерден, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 11-сынып оқушылары келіп қатысты. Басында уайымдап кірген көп оқушы «біз ойлағандай қатты қиын емес екен», деп қуанып шықты. Сынама тест сұрақтарының онлайн нұсқалары шыққанын тағы атап өтейін. Жақында сұрақ кітаптары да шығады. Формат, тапсырманың берілу тәсілі аз ғана өзгергенмен мазмұн өзгермейді. – Биылғы тест сұрақтары қалай дайындалуда, бұрынғыдан айырмашылығы қандай? – Ұлттық тестілеу орталығы емтихан кезінде тест тапсырушының жеке өзіне арналған сұрақ-кітапшасын беру үшін әр пән бойынша тест тапсырмаларының формасы мен саны, оқу бағдарламасының материалдары қамтылған тест құрастырылуда. Одан кейін мектеп мұғалімдеріне тест тапсырмаларын қалай әзірлеп, қалай тексеру керектігі таныстырылады. Жыл сайын өткізіп келе жатқан оқыту семинарлары жүргізіледі. Оқыту семинарларының бағдарламалары халықаралық тәжірибеге сүйене отырып құрастырылды. Мұғалімдерді оқытқаннан кейін тест тапсырмаларын әзірлеу жұмыстары атқарылып, ол тапсырмалар кемінде 2 рет сараптамадан және еліміз мектептерінде апробациядан өткізіледі. Содан кейін ғана тест тапсырмалары базаға енгізіледі. Сол базадағы тест тапсырмаларынан әр пән бойынша емтиханда келетін тест тапсырмалары қалыптастырылады. ҰБТ-да барлығы 120 сұрақ бар. Үш міндетті пән: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және Қазақстан тарихы. Үшеуінде 20 сұрақтан, яғни барлығы 60 сұрақ. Әр сұрақта бес жауап нұсқасы бар. Бес жауаптың біреуі дұрыс. Әр дұрыс жауап 1 балл болып есептеледі. – Біраз әңгімеге арқау болып жүрген максималды 140 балл туралы түсінік бере кетсеңіз. – Бейіндік пәндер бойынша бір нұсқада 30 тест сұрағы болады. Оның алғашқы 20 сұрағына бес жауап нұсқасы берілген. Сол бес жауап нұсқасының біреуі ғана дұрыс. Сәйкесінше әр дұрыс жауап 1 балл болып есептеледі. Ал қалған 10 сұраққа сегіз жауап нұсқасы беріледі: сегіз жауап нұсқасында бір, екі немесе үш дұрыс жауап болуы мүмкін. Тест тапсырушы барлық дұрыс жауапты белгілесе 2 балл, ал біреуінен қателессе 1 балл алады. Мәселен, бір сұраққа берілген 8 жауап нұсқасының 1 ғана дұрыс жауабы бар. Талапкер сол дұрыс жауапты берсе, 2 балл болып есептеледі. Немесе тағы бір сұрақтың 8 жауап нұсқасында 3 дұрыс жауабы бар делік. Оның 3 нұсқасын да дұрыс белгілесе, 2 балл, ал екеуін немесе біреуін ғана дұрыс белгілесе 1 балл алған болып саналады. Яғни, сәйкесінше 120 сұраққа 100% дұрыс жауап берген талапкер үшін максималды балл 140 болып есептеледі. Шекті деңгей – 50 балл. Шекті деңгейді талапкер ала алмаған жағдайда, қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылып отыр. – Биылғы ҰБТ-дағы тағы бір негізгі ерекшелік оқу сауат­тылығы мен математи­калық сауат­­тылықтың енгізілуі. Мұ­ның алдыңғы ҰБТ-дағы қа­зақ тілі мен математикадан айыр­ма­шылығы неде? – Жалпы, ҰБТ-да қолданылған бұрынғы тест тапсырмалары лексика-грамматикалық білімдерін тексерсе, оқу сауаттылығы мә­тіндермен жұмыс жасай білу қабілеттерін тексереді. Яғни, мәтінді оқып қана қоймай, оның маз­мұнын ұғыну, мәтіннен ақпа­ратты таба білу, мәтін бойынша қойылған сұрақтарға жауап таба білу дағдыларына негізделеді. Себебі, жоғары оқу орнында талапкер түрлі деректермен жұмыс істеп, оны сараптайды, ондағы ақпа­раттарды салыстырып, шешім қабыл­дайды. Бұл дағдылар университетке түскенде түлекке керек болады. Математика пәні бойынша ҰБТ-да қолданылып келген тест тапсырмаларының маз­мұны оқу­шылардың мектеп қабыр­ғасында алған математикалық білімін тексеруге арналған. Ал матема­тикалық сауаттылық оқу­шы­­лардың игерген білімдерін өмір­лік жағдайларда қолдана білу деңгейін анықтайды. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»