• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2017

Қоғамды жаңғыртудың түпқазығы

402 рет
көрсетілді

Елбасының Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасының Конс­ти­туциясына өзге­рістер мен то­лық­тыру­лар енгізу туралы заң жо­басы бүкіл елімізде қызу тал­қы­ланып жатыр. Бұл халық көп­тен күт­кен өзгерістер бол­мақ. Еліміз жылдан-жылға зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Мәселен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­шесі атануымыздың өзі үл­кен жетістік. Универсиада өтіп жатыр. Жазда ЭКСПО қана­тын жаяды. Қазақстан­ның дү­ниежүзілік маңызы бар істерге араласуы алдыңғы қатарлы да­мыған демократиялық құ­қық­тық мемлекет екендігін көрсетеді. Бұл заң жобасында пре­зиденттік өкілеттіктің біраз функциясын Үкіметке беру, Парламент жұмысын жақсарту, сонымен бірге, сот, прокуратура органдарының жұмысын жетілдіру сияқты үлкен ұсы­ныс­тар айтылып отыр. Ең бірінші, меншік құқығына заңда, Конституцияда көр­се­тілген түзетулер енгізілген. Енді қандай да бір жекеменшік мүлік мемлекеттің құқықтық қорғауында болып, оған ешкім­нің қол сұғуына жол беріл­мейді. Бұл адал еңбекпен мен­шік құқығына ие болған аза­мат­тардың мемлекетті дамытуға деген үлесін құқықтық актілер арқылы жетілдіру болып табылады. Сонымен қатар, мұрагерлік құқық мәселесі де тұңғыш рет көрсетіліп отыр. Осы заң жо­басына сәйкес, Парламент Мәжілісіне бұрын болмаған жаңа заңдар енгізілген екен. Мысалы, бізде бірнеше саяси партия бар. Заң бойынша, қай партия сайлауда жеңеді, сол партияның үкімет құруға деген құқығы көрсетіліп отыр. Партияның үкімет құ­руы, премьер-министрдің кан­­дидатына ұсыныс жа­сауы, бұрынғы үкіметтің орны­­нан кетуі, осының бәрі көр­се­тілген. Тағы бір ерекше мә­­селе, үкімет бір премьер-ми­нистр­дің орынтағынан тұр­май­ды ғой. Оның ішінде Сыртқы істер министрлігі мен Қор­ғаныс министрлігі деген екі министрлікті мемлекеттің мүд­десіне сәйкес тек қана Пре­зи­дент сайлайды. Үкімет бұл мә­селеге араласпайтын болады. Содан кейін азаматтардың құқығы, бостандығы, қауіп­сіз­дік мәселелерінің бәрі Конс­титуциялық Кеңестің, Үкі­меттің құқықтық функцияларында белгіленген. Мемлекет басшысы өзінің әлеу­меттік-экономикалық қыз­меттерінің көпшілігін Үкіметке тапсы­рып отыр, бұл Үкіметтің жауап­кершілігін арттыра түспек. Үкі­мет мүшелері белгілеген қыз­меттерін ат­қа­рып, Пар­ламент алдында жауап береді. Егер ондай жауап­­кер­­шілікті атқара алмаса, Пар­ламент депутат­тарының көп­шілік дауы­сымен жаңа жоба бойынша оларды қызмет­тері­нен алып немесе ауыстырып жіберуге қақысы бар. Біз – президенттік мем­лекетпіз. Өйткені, Үкімет қай уа­қытта да Президенттің сая­си бағытын, экономикалық-әлеу­меттік реформаларын реттеп, атқарып отырады. Сон­дықтан Президент биліктен ығы­сып қалады деген мәселе ту­майды. Президент өзіне тиесілі қызметтердің бір­азын Үкіметке тапсыру арқы­лы, олардың функциялық қабілеттерін тексеріп, олардың халық алдында қалай жұмыс істеп отырғандығына баға беру жүйесін арттырады. 25 жылда біз өзіміздің тәуел­­сіз мемлекет екенімізді, жеке заң қабылдауға қабі­летті екенімізді көрсеттік. Конс­ти­­туция бойынша біз зайыр­­лы құқықтық-демокра­тиялық мемлекет болып табы­ла­тын­дықтан, шыққан заңдар­ға Пар­ламент дер кезінде түсінік­теме беріп, неге өз­гер­тілді, қандай жаңалықтары бар, соны халыққа жеткізіп, кеңірек таныстырып, мағынасын ашып көрсетіп отыруы керек. Екін­шіден, Парламенттің өзі Мә­жіліс және Сенат деген екі палатадан тұрады ғой. Олардың әрқайсысының Конституцияда көрсетілген өз өкілеттіктері бар. Ал заң қабылдағанда да осынд­ай терминдерге абай болу керек. Мысалы, мына заң жо­басындағы 77-баптың екінші тармағында және 64-бап­тың екінші тармағында былай деп көрсетілген: «Үкімет алқалы орган болып табылады және өзі­нің қызметінде респуб­лика Пре­зидентінің, Парла­мент Мә­жілісінің және Парла­мент­тің алдында жауапты». Бұл жерде «Президенттің алдында» дегені түсінікті, бірақ «Парламент мәжілісі мен Парламенттің алдында жауапты» деген сөз маған түсініксіз болып тұр. Өйткені, Парламент біреу-ақ. Оның палатасы екеу: Мәжіліс және Сенат. Сондықтан бұл жерде «Парламент алдында жауапты» десе жетіп жатыр. Немесе бөліп, анықтап жазса болар еді. Міне, осындай заң шығару органдарында терминологиялық қателіктерге жол бермеу керек. Содан кейін соттардың, прокуратура органдарының функцияларына да біраз өзгерістер енген. Енді қазір біздің сот жүйемізде үш сатылы сот құрылды. Ондай соттар сирек кездеседі. Үш сатылы сот тез әрі әділетті түрде шешім қабылдауға жағдай жасайды. Дегенмен де, Жоғарғы сотта бұрын қадағалау функция­сы деген бар еді. Оны алып тас­тап жатырмыз. Мұнда бірін­ші саты апелляциялық-касса­циялық сот болып тұр. Ал қа­дағалау функциясы Жоғар­ғы сотта қалу керек еді. Өйт­кені, кассациялық тәртіппен қа­ралмайтын істер бар, қарала­тын істер бар. Олар заңды күшіне енген сот үкімдері, жар­лықтарының бәрін Жоғарғы соттың қадағалау сатысы ре­тінде қарау құқығы сақталар еді. Қадағалау сатысын алып тастасақ, кассациялық инс­танциядан өткеннен кейін ешқандай іс қаралмай ма деген сұрақ туындайды. Содан соң прокуратура органдарының да функциясын арттыру керек. Қазір сотта қаралатын көп істерге прокурорлар қатыспайтын болды. Меніңше, прокурорлардың сотта қаралатын істерге заң­дылықтың сақталуын қада­ғалаушы мемлекеттік орган өкілі ретінде қатысуы дұрыс болар еді. Егер олар қатыспаса, заңдылықтың бұзылғандығын қалай анықтайды деген ой туа­ды. Бұл – менің жеке пікірім. Ол жағына тиісті органдар пікірін айта жатар. Конституция жыл сайын өзгермейді ғой. Бұл – сирек орын алатын құбылыс. Жал­пы, бұл конституциялық өзге­рістер мен толықтырулар біз­дің еліміздің демократиялық жолмен дамығандығын, заң­ды­лықты бетке ұстай­тын­дығымызды көрсетеді. Және Президенттің осы мәселеге саналы түрде назар аударып отыр­ғандығын айғақтайды. Келе­шекте халықтың ғылыми, эко­номикалық, құқықтық сауа­тының арта түсуіне үлкен жол ашылады. Билік тармақтарының ара­сындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жайында жария­ланған Үндеу Қазақстан халқы Ассамблеясында, министр­ліктерде, барлық еңбек ұжым­дарында кеңінен талқы­лану үстінде. Және тиісті консти­туциялық өзгерістер мен то­лықтырулар туралы ұсыныс-пікірлер Президент Әкім­шілігіне жіберілуі керек. Бұл да оңай жұмыс емес. Осы талқылаулардың нәти­жесін қорытындылайтын Конс­ти­туциялық Кеңеске де үл­кен жұмыс істеу керек болады. Қыс­қасы, еліміздің барлық азамат­тары өзінің конс­титуция­лық құқығын жүзеге асыру мақ­сатында осы өзгеріс­тер мен толықтыруларға пікір­лерін біл­дірсе, құп болар еді. Арықбай АҒЫБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, заң ғылымдарының докторы АЛМАТЫ