Иә, кешелі бері Орталық сайлау комиссиясының мәлімдемесін елеңдей күткеніміз рас. Қай ісін де әлемдік контексте қарастыруға мәжбүр іргелі елдердің қай-қайсысы сияқты Қазақстан да мемлекет басына кім келетініне ешқашан енжар қарап көрген емес. Өліп-талып тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп отырған біздің қоғам үшін ондай салғырттыққа әлі ерте. Әсіресе, бүкіл ел реформаға жабыла жұмылған бүгінгі жағдайда. Жақсы істер басталып, жаңа бағдарламалар қолға алынуда. Олар бұдан да дамып, ойлаған нәтижелерге жеткізе ала ма? Әлде бәрін де орта жолда қалдырып, ел басындағы ахуал басқа бағытқа бұрылып кете ме? Тіпті Елбасының өкілетін бүкілхалықтық жолмен ұзарту жайындағы ұсыныс тегіннен-тегін туындап жүрмегендей.
Оның үстіне Жапониядағы зілзала жүрек шошынтты. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс қайта буырқануда. Мұндай жағдайда асығыс қорытындылар туып жүрмей ме? Елбасы басталып кеткен үдерістерді мұқият зерттеп, шұғыл шешімдер жасады. Оның Ел Президентінің халықтың еркін және тікелей дауыс беру жолымен кезектен тыс сайлауын өткізуді ұсынғаны бәріміздің де көңілімізден шықты. Ол қазіргідей аса жауапты кезеңде өзін-өзі сыйлайтын қай саясатшының да халық еркімен санасатын көшелі мінезін көрсетті.
Биылғы сайлауда 4 саясаткер Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат болып тіркелді. Қай-қайсысы да ел жолында еңбек етуден тартынбады. Заңнан тысқары артықша талаптар талап етпеді. Әрқайсысы өз көзқарастарын мұқият зерделеген бағдарламаларын ұсынды. Тіпті жұртшылық көңілін елең еткізетіндей әр қилы деңгейдегі уәделері де болды.
Алайда, отандастарымыздың көпшілігі басталмай жатып, түбегейлі өзгерістер мен сілкіністерге тап келген жаңа өкілеттілік кезеңінде жұртты елеңдететін уәдеден гөрі көпті көріп төселген тәжірибеге, тарих талқысынан алған тағылымына, ел үшін істеген еңбегіне басымдық беріп – нақты істер мен жақсы нәтижелерге дауыс бергенді жөн деп тапты.
Бұл жағынан келгенде қазіргі Президентіміз, қалған әріптестеріне қарағанда, қай жағынан да атына қамшы салдырмайтын еді. Бәрін қойғанда, бүгінгі дербес мемлекеттігімізді сомдаудағы ерен еңбегін әлемге аян саясаткерлердің талайы мойындады. Енді болмағанда елден де, жерден де, тілден де баз кеше жаздаппыз.
1989 жылғы санақ бойынша, Қазақстандағы қазақтардың саны 39,7 пайызға дейін құлдырағаны өзімізге белгілі. Одақтас республикалар арасында мұндай пұшайман хәлді жалғыз біздер ғана кешіппіз. Алдымыздағы латыштар өз елдерінде 52,1 пайыз, қырғыздар 52,4 пайыз, эстондар 61,7 пайызды құрапты. Ал қалғандары өз елдерінде даусыз көпшілікті құрайды екен. Мұның бәрі көптен бері жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан жымысқы саясаттың салдары еді. Ұлттық республика сипатынан айырып, күндердің күнінде егемендік талап етпеу үшін алдын-ала ойластырылған айла-шарғы еді бұл.
Мұндай жағдайда тәуелсіздікке қол созу нағыз жүрекжұтқандық болар еді. Біздің Президентіміздің бойынан ондай нар тәуекел табылды. Соның арқасында биыл дербес мемлекет болғанымыздың 20 жылдығын тойламақпыз. Сол екі ортада еліміздегі қазақтардың саны алпыс пайыздан асып жығылғанын да білеміз. Мұны да Президент асқан шеберлікпен жүзеге асырды. Ұлтаралық тату-тәттілікке мейлінше қырағылықпен қарай отырып, сыртта жүрген отандастарымызға құшағын айқара аша білді. Тарыдай жан-жаққа шашылып кеткен қандастарын елге шақырып, арнайы ұшақтар жіберіп алдырып, үй беріп, күй туғызып, жайғастырып жатқан үш мемлекеттің біреуі бізбіз.
Мен жуырда Ақтаудың маңынан жаңадан ашылған ауданды аралап көрдім. Түгелге жуық Ираннан, Түркіменстаннан, Қарақалпақстаннан көшіп келгендер екен. Батыр кеншінің Емір деп аталатын шағын ауданында осыдан қырық үш жыл бұрын барып көрген, Кушка түбіндегі Падкыз қорығында көшіп-қонып жүрген ежелгі туыстарыммен кездестім. Ол жақтағы шаруалары жайлы еді. «Елге келген соң, ол күйлеріңнен айырылып қалған жоқсыңдар ма?» – деп сұрағанымда: «Ата-бабамыз аңсап өткен туған елмен қауышқан соң, біз үшін бұдан асқан бақыт болушы ма еді!» – деп жауап берді.
Бүгінгі таңдағы басты парызымыз – қандастарымыздың бойындағы осы ыстық сезімге кірбің түсірмеу. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елін аңсап келе жатқан ұлы көшті әлі де тасқындата түсу. Мемлекеттер арасындағы дамып жатқан экономикалық мүдделестікті талай жылдан бері елге орала алмай жүрген отандастарымызды қайтарып алумен орайластыра шешу. Тарихи шырғалаңдар тұсында шырқы кеткен халықтық қалпымызды демографиялық өсімталдық пен бейбіт көші-қон арқылы қайта жөндеп алуға күш салу. Біз үшін бұдан биік мерей жоқ.
Осы орайда ойымызға оралар және бір үлкен жетістігіміз – ұлан-байтақ шекарамызды біржолата заңдастырып үлгергеніміз. Қазіргі жер шарының көлемі – 506 миллион шаршы километр көрінеді. Оның 352 миллион шаршы километрі мұхитта, 135 миллион шаршы километрі құрғақта, 21 миллион шаршы километрі солтүстік және оңтүстік поляр аумағына орналасқан дейді. Сонда әр мемлекетке орта есеппен 0,6 миллион шаршы километрдей құрғақ жер тиеді екен. Ал біздің Қазақстанның аумағы 2 миллион 717 мың шаршы километрден асып түседі. Жаратқан Иенің бізге бұл жағынан да оң көзімен қарағандығы айқын. Осындай мол аумағымызды барлық көршілеріміз мойындап, келісім шартқа тегіс қол қойды. Олардың арасында Ресей мен Қытай да бар. Бұл мемлекеттігімізді нығайтудағы үлкен табысымыз еді. Мұндай маңызды нәтижеге жетуімізге Президентіміздің сіңірген еңбегі өте зор.
Қазақстан сияқты аса зор мүмкіндіктерге ие мемлекетке сан тараптан сан қилы әрекеттермен жасалып жататын, сан алуан қыспақтарға төтеп беріп, табанды саясат жүргізе білудің арқасында әлденеше ұлттың өкілдері кешегі келеңсіздіктер кезінде де жүз шайысып көрген жоқ-ты. Мұндай ішкі орнықтылығымыз сыртқы тартымдылығымызды да қамтамасыз ете алды. Бұл арада дінаралық байланыстарымызға да басты көңіл бөлмей болмайды. Қазақстан бұл тараптан да шынайы жаңашылдық ұстаным ұстана білді. Өзара тіл табысудан әлдеқашан үміттерін үзіп қойған әлемдік діндер мұндай бастаманы басқа тараптан күтсе де, жаңа тәуелсіздік алған жас мемлекеттен күте қоймаған шығар. Өзара пікір алмасып, ой бөлісудің ортақ алаңын тауып берген қашаннан бері үрдістен шыға жаздаған диалог пен полилогты қайтадан күнделікті тәжірибеге айналдыру – Қазақстан ашқан тартымды жаңалықтардың бірі болды. Ежелгі Рим, Иерусалим, Мекке, Медине, Куфа, Лхас бастарын қоса алмай келе жатқан дін басшылары мен шіркеу басшыларын біздің жап-жас Астанамыз үш рет жинап, үш рет бастарын қостырып үлгерді. Бұл Қазақстан танымалдығының бүгінгі таңдағы ең үлкен жетістігі еді.
Халықаралық танымалдық дегеннен шығады, Қазақстан бұл мәселеге әп дегенде айрықша маңыз берді. Олай болуы орынды да еді. Бір кездегі әлемдік геосаясатта хартленд деген ұғым болды. Қазақшасы «жер кіндігі» деген сөз. Ол аймаққа Сібір мен Қазақстан кіреді. Қай мұхиттан жүзіп келіп атқыласаң да, әлгі аймаққа бәрібір атқан снарядың жетпес еді. Ендеше, мұндай «жер кіндігіне» ие болған ел бүкіл Еуразияға, ал Еуразияға ие болған ел бүкіл жер жүзіне үстемдік құра алады дейтін түсінік көп уақытқа дейін етек жайды. Сондай хартлендке жету үшін талай құрлықаралық қарулар ойлап табылды. Сондай үрейлі қарулар сыналатын алаңдар да сол маңайда топтастырылды. Әлемдегі ең ұшқыр зымырандар да солай қарай оқталып, солай қарай бағытталды. Ондай қатерлі қарулардан құтылмай тұрып, Қазақстан да бүкіл жаһаннан оқ кезейтін нысана болып қала бермек. Жап-жас мемлекет жұрттың қарадай зәресін алатын үрейлі пәннің мұндай тұңғиық сырын дер кезінде ұға білді. Ядролық қарулардан ең бірінші болып бас тартуға ақылы жеткен мемлекет те біз болдық. Сол күннен-ақ Қазақстан мен Назарбаевтың аттары әлемдік танымалдықты иеленді.
Ол КСРО тарамай жатып, сынақ алаңын жауып, ядролық қарулардан бас тартты. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа кепілдіктерін қарастырды. Бұл істі кешенді түрде жүзеге асыруды көздеді. Еуропадағы оң ізденістердің Азияда да жалғастық табуын қолдады. Тәуелсіздігіміздің жаңа қаз басқан балаң кезінен қарқынын жоғалтпаған бұл ізденістердің ең жемісті өрбіген тұсы 2010 жылы болды. ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын Қазақстан аса табысты атқарды. Астана Саммиті елімізде жүргізіліп отырған жаңашылдық бағытынан ауытқымайтынын бүкіл әлем алдында паш етті. Оған іле-шала өткізілген Азия елдерінің Қысқы ойындары Қазақстан реформасының жасампаздық қарқынын жақсы танытты. Мұндай кең көлемді спорттық бағдарламаларды өткізу жиырма жыл түгілі жиырма ғасыр өмір сүріп отырған іргелі мемлекеттердің де қолдарынан келіп жатқан жоқ.
Шығыс десе күңсіген ескілік пен кертартпалық еске түсетін ұшқары ұғымдарды жоққа шығаратын мұндай шараларды ойдағыдай өткізу үшін, әрине, тепсе темір үзетіндей тегеурінді экономика керек. Қазақстан экономикасы кеңес кезінде біршама шарықтап өссе, кешегі құлдырау тұсында тақырға мықтап отырды. Түгелге жуық Одақ бақылауында болып, қараусыз қалған қараң экономикаға жығылған жерінде жан бітіріп, бойына қайтадан қан жүгірту үшін аттай он жылымыз кетті. Шартараптанған шаруамыздың шындап түзеле бастағанына да он жыл болды.
Осы мерзім ішінде біреулер тойып секірді, біреулер тоңып секірді. Аңырған халық екеуіне де түсіне алмады. Реформа шын кейіпке енді-енді ене бастады. Бизнестің әлеуметтік астарлары айқындалды. Қаржы институттарын сауықтыру қарқындады. Білім беру, денсаулық сақтау, тарихи-мәдени мұра, тілдерді дамыту, ауыз су, жұмыссыздықпен күрес, кемшіндерге көмек әр қилы айла-шарғылардан арылып, жүйеленіп келеді. Мектеп, аурухана, балалар бақшасы, мәдениет орындарына назар аударылды. Жол жөнделе бастады. Өндіріс өрістеді. Тұрмыс түзеле бастады. Бәрі де біртіндеп жақсарып, біртіндеп тәртіпке түсіп келеді.
Жағдайдың өзгере бастағанын әркім жақсы біледі. Маңғыстауға әр барған сайын оң өзгерістерді көріп, бір серпіліп қаламын. Мұнда бүгінгі Қазақстанның ауадағы, судағы, құрлықтағы батыл қадамдары бірден байқалады. Мұндай жаңалықтарды қалған өңірлерден де көреміз. Теріскей мен күнгей, батыс пен шығыс арасындағы ұлан-ғайыр далада жаңа құрылыстар көптеп салынуда. Бұл біздің өткенмен емес, келешекпен өмір сүре бастағанымызды танытса керек.
Өткен өмір жолымыз да, атқарып жатқан игі істеріміз де, күннен күнге күрделене түскен міндеттеріміз де, ел болашағын үзбей бақылап, үздіксіз жетілдіруді алдына мақсат етіп қойған саяси жетекшіміздің мігірсіз ізденістері мен тиянақты тәжірибесіне мейлінше мұқият үңіліп, әділ бағалауға үндейді.
Бұл осы сайлаудан да анық көрінгендей. Алуан ұрпақ өкілдерінің мұншалықты электоральдық белсенділігі мен бірауыздылығы бәрімізді де сүйсінтеді. Тәуелсіздігіміздің баянды, демократиямыздың жүйелі, жасампаздығымыздың жарастықты бола беруін тілейік!
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері.