• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Барымызды бағалау – болашақты бағамдау

133 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының әкімі Жансейіт Түймебаев 2016 жылғы атқарылған жұ­мыстар бойынша халық алдында есеп берді. Облыс басшысының халық алдындағы жылдық есебі биыл алғаш рет онлайн режімде Оң­түстік Қазақстан облысы әкім­дігінің ontustik.gov.kz сайтынан көрсетіліп, үш миллионға жуық халықты қамтыды.

Дәнді дақылдан рекордтық көрсеткішке қол жетті

Өткен 2016 жыл берекелі жыл болды, деді облыс әкімі Жансейіт Түй­мебаев. Халқымыз үшін ең ұлы мереке – Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы ерекше жоғары дең­гейде аталып өтті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың кемеңгер көш­басшылығының арқасында Қазақстан тарихтың сындарлы сәттерінен үлкен абыроймен өтті. Ел экономикасының дамуы еселеп, халықтың тұрмыс-тіршілігі түбегейлі өзгерді. Жалақы, жәр­дем­ақы, зейнетақы жыл сайын өсіп, әлеуметтің әл-қуаты артты. Осының бәрі Елбасымыз­дың Қазақ­стандағы тұрақты­лық пен тыныштықтың, татулық және ел бірлігі жолын­дағы тынымсыз еңбегінің нәти­жесі. Президентіміз биылғы «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жол­дау­ында және Үкіметтің кеңей­тілген отырысында бүгін­гі және болашақтағы мемлеке­тіміздің әлемдегі рөлі және орны туралы бағыт-бағдарын нақты айқындап берді. Осылай деген өңір басшысы облыстағы атқарылған жұмыстарды сала-салаға бөліп жіліктеп берді. Атап айтқанда, индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасының аясында өткен жылы 19 жоба іске қосылып, 600-ден астам жұмыс орны ашылды. 2016 жылы индустриялық аймақтарда 15 жоба іске қосылып, 6 млрд теңге инвестиция тартылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 303 жобаға қолдау көрсетіліп, 2126 жұмыс орны құрылды. Соңғы жылдары облыстың агроөнеркәсіптік өндірісінің дамуында оң үрдістер байқалып отыр. Ауыл шаруашылығында жал­­пы өнімінің өсу динами­ка­сы сақ­талуда. Егін шаруашы­лы­ғын әр­тараптандыру, асыл тұқымдандыру бойынша жұмыс­тар жал­ғасып жатыр. Бұл мемле­кет­тің белсенді бюджеттік саяса­ты­ның арқасында мүмкін болып отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 445,0 млрд тең­гені құрап, 2015 жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырған­да 4,9 пайызға артты. «Агро­биз­нес-2020» бағдарламасы аясында 2016 жылы 26 млрд теңге субси­дия бөлініп, 43 мыңнан астам ауылшаруашылық тауар өнді­рушілеріне қолдау көрсетілді. Ал, ауылшаруашылық дақыл­дары бұрнағы жылдан 13 мың га артып, 788,8 мың га орналастырылды. Орта есеппен 633 мың тонна дәнді дақылдар жиналып, 2015 жылмен салыстырғанда 8,9 пай­ызға артты. Орташа түсім­ділігі гектарына 25,1 центнерді құрап Қа­зақстан тәуелсіздігі кезеңіндегі ең үлкен көрсеткішке қол жеткі­зілді. Облыс әкімі өңірде көкө­ніс, бау-бақша, жеміс-жидек дақыл­дары және жүзім өнімділігіне өндіріске интенсивті баулардың арқасында қол жеткізілгендігін атап өтті. Тамшылатып суару әдісінің көлемі 51 мың гектарға көбейіп, рес­пуб­лика бойынша үлесі 73 па­й­­ызға жетсе, жылыжайлар кө­ле­мі 1123 гектар құраған. Егер осы­­­ны республикалық көлемге ша­­ғар болсаңыз 80 пайыздан асады. Тек, жылыжайлардан ғана 160 тонна өнім жиналған. Елбасының тапсырмасына сәйкес «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заңды нәтижелі іске асыру мақсатында кооперативтерді құру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бүгінгі күні жаңадан 17 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 242 кооператив құрылды. Сонымен қатар, облыста құры­лыс жұмыстарының көлемі 211,9 млрд теңгені құрап, 2,3 пайыз­ға өсті. Жыл басынан 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласында – 4, білім саласында – 39, мә­де­ниет саласында – 8, спорт сала­сында 2 нысан пайдалануға берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 18,8 млрд теңге иге­рі­ліп, нәтижесінде 72,2 мың адам қамтылды. Ал, 36,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, 24 ауыз су, 25 табиғи газ нысандары пайдалануға берілсе, 640,9 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді.

1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

Елбасы биылғы жылғы Қа­зақстан халқына Жолдауында жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салала­ры мен өнеркәсіптің басым са­ла­ларындағы бәсекеге қабілет­ті экспортқа бағытталған өндіріс­терді құра отырып, өндіріс­ті дамыту міндеттерін қойып отыр, деді әкім. Осы бағыт­тағы жұмысты жандандыру мақсатында, облыстың Индус­трияландыру картасы аясында 2017-2020 жылдары 91 жоба, оның ішінде 2017 жылы 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылады. Кәсіпкерлікті қолдау мақса­тында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2017 жылға жалпы 3,1 млрд теңге бөлініп, 400-ге жуық жоба қаржыландырылмақ. Нә­ти­жесінде 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

«Жақсы әкімнің келгенін газ келгенде білерсің»

Облыс әкімінің есебінен кейін сұрақ-жауапқа кезек беріл­ген. Кейінгі жылдары байқал­ған бір жақсы қасиет, бұрыны­рақ­тағыдай әркім өз басының қамын күйттеп кетпейді. Халық саны жыл сайын жедел өсіп жатқан об­лысқа балабақша, мектеп, ем­хана керек. Өзінде мол су қоры, электр қуаты болмағаннан кейін бұл мәселелер де өзекті саналады. Алты алашқа даңқы тараған Отырар ауданда көгілдір отын жоқ. Осы жай­ында сөз қозғаған халық ақы­ны Әселхан Қалыбекова «біз­дің ауылдың келіндері «Жақсы күннің кел­генін жаз келгенде білерсің, Жақсы әкімнің келгенін газ келгенде білерсің», деп әзілдей отырып, Отырарға қашан газ келеді», деп базына айтты. Жансейіт Қансейітұлы тек ағымдағы жылы 57 елді мекен газдандырылғанын, бүгінде 1 млн 860 мың адам көгілдір отынды тұтынып отырғандығын жеткізді. Жалпы, 2021 жылға дейін іс-жоспар түзілген. Сонда тағы да 383 елді мекеннің қолы көгілдір отынға жетеді. Облыста ауыз су мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Есеп беру жиынында облыс басшысы жақында өткен мемлекетаралық кездесуде Өгем өзенін бұрып Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал аудандарындағы 1 миллионға жуық халыққа ауыз су жеткізуге келі­сімге келгендігін айтты. Бұл, әрине, Сарыағаш сияқты ауыз су орнына арасан суын ішіп отырған аудандарға өте қуанышты хабар болды. Есеп беру жиынынан соң жарыссөзге шыққан азаматтар көптеген мәселелерді көтерді. Жалпы, сөз сөйлеген азаматтар облыс әкімі Жансейіт Түй­ме­баевтың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарына оң баға­сын беріп, алдағы істеріне сәт­тілік тіледі. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы