Қазақ театр өнерінде үркер жұлдыздай жарқырап, сахнаны сәулесімен нұрландырған кешегі Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Қ.Бадыров, Е.Өмірзақов, одан берідегі Ә.Молдабеков, Ы.Ноғайбаев сияқты алыптар тобынан кейін «тарландардың соңғы тұяғынан кімдер қалды?» деген сұрақ туғанда, шақталып қалған шағын топ ішінен ойға сөзсіз Сәбит Оразбаев оралады. Топқа түсіп сөйлесе ағытылған шешен, қолына домбырасын алса, арқаланған әнші, ескі жыр-толғаудың ең мәйекті шумақтарын табан астында төгіп-төгіп салатын сегіз қырлы, бір сырлы толысқан тұлғаның бір бойына бұдан басқа неше өнерді Жаратқан ие сараңдығы ұстамай-ақ сыйлай салған. «Сексенге келдім, сан қызық көрдім, арман жоқ, Айтатын сөзім айтылмай жерде қалған жоқ» деп тебіренетін, бір актер армандайтындай сүйекті рөлдің бәрін сомдап, құрметке бөленген әкемтеатрдың абыз актерінің театр туралы толғанысын тыңдай берсең, жалықпайсың.
– Сәбит аға, М.Әуезов театры әртістерінің Францияның Нанси қаласына гастрольдік сапары туралы Асанәлі ағамыздан бастап ардагер әртістеріміздің біразынан қызықты оқиғаларды көп естідім. Өз қазанында өзі қайнаған жабық елді жарып шығып, Еуропаға қалай сапарлап жүрсіздер?
– Қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың атағы жер жарып тұрған кез. Шыңғыс Франциядағы бір үлкен Академияның мүшесі. Осы Академияның президенті мен жазушы арасында өзара келісім болған болуы керек, сол шаруа бойынша Франция мәдениетінің бір топ жауапты өкілі Қырғызстанға сапарлап шығады. Құдай шебер ғой, Бішкекте алай-дүлей боран соғып, ұшақ амалсыз Алматыға аялдайды. Аспаннан түскен «құдайы қонақтар»: «ау, бұл қаланың театры бар ма екен? Болса, кешке бізді спектакльге апарсаңыздар» деген өтінішін айтады. Ал, сол күні біз театрда «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» ойнап жатамыз... Біздің әртістердің ойынына тәнті болып, Мәмбетовтің режиссерлігіне таңдай қаққан француздар Фрунзеге бармай, тап сол жерде М.Әуезов театрымен келісімшартқа отырып, Нансиге қырғыз емес, қазақ әртістері баратын болып шешіледі. Даңқы жер жарып тұрған Ә.Мәмбетов дереу спектакльге өзгерістер жасап, «еуропаландырды». Сөйтіп, араға көп уақыт салмай-ақ театр Франциядан шақырту алды. Алып-ұшып жеткенімізді қайтейік, Парижге кіргізбей қойды. Мұғалімдердің көтерілісі болып жатыр екен. Бізді басқа бір жолымен Нансиге алып келді. Екі күн ойнадық. Құрамында Ы.Ноғайбаев, Ә.Молдабеков, А.Әшімов, Ф.Шәріпова сияқты кіл мықтыларды топтастырған күшті құраммен барғанбыз. Басқа елдердің театрлары бір реттен ойнағанда, біздің театр екі рет ойнады және өзгелерге кішігірім залын бергенде, бізге Опера театрының сахнасын ұсынды.
Содан француздармен жақынырақ танысып, әжік-күжік әңгіме туған сәтте «Қайдан келдіңдер? Кімсіңдер?» деген сауал қойылды. «Қазақстаннанбыз» десек, құдая тоба, бір адам білсеші. Атақтыларымызды да айтып жатырмыз, тұлғаларымызды да түгендеп жатырмыз. Екі иығын қомдайды да қояды.
Содан Орталық комитеттен Потапов деген біреу барған еді, сол түтігіп келіп: «сендер не, ауыздарыңа келгенді айтып, артық сөйлеп отырсыңдар. Қане, доғарыңдар, сендер мұнда КСРО Мәдениет министрлігінің келісімімен келгенсіңдер» демесі бар ма? Сөйтіп отырғанда ортамыздағы біреу «Медеу» деп қалды. Басыла берген француздар қайтадан шу ете түсті. «О, Медеу! Медеу! Білеміз, білеміз, сендер сол ғаламат мұз айдыны бар елден келдіңдер ме?» деп бізді қайтадан әңгімеге тартты. Ұлтымызға деген сүйіспеншілігімізді байқап, әлгі Потапов кеткенімізше бізді аңдумен болды.
Жақсымызды жақсы деп айта алмай қорланып, қорынып өскен біз үшін еліміздің тәуелсіздікке қолы жетіп, әлем танығаны мақтаныш, ал 25 жылда жасалған тірлік – жүз жыл көтеретін жүкпен пара-пар. Мемлекет болдық. Астананы салдық. Мұндай жетістікті не соқыр көрмейді, не өз еліне өзі жау ниеті бұзық адам көрмейді.
– Ауылдағы ағайындарыңыз Алматыға мал дәрігерінің оқуын меңгеріп кел деп жібергенімен, сіз бәрібір өнерді таңдадыңыз. Бұған қандай жағдай әсер етті?
– Ол уақытта қазақ балалары үшін мал дәрігерлігі мен агрономдық мамандық – оқудың төресі еді. Әрі бақыт, әрі сән, жыл сайын жапырылып бәрі сонда баратын. Мен мектеп бітіргенде Дүйсебаев деген тіл-әдебиеттен сабақ берген ұстазым филолог болғанымды қалады. Атақты ауылдасымыз Қ.Жандарбековтің дүркіреген даңқының әсері болды ма, ән салып, домбыра тартып, өнерге икемім барын білетіндер сол кісінің жолын қуғанымды құптады. Мен болсам ешқайсысымен келіспей: «Жоқ, Әбдіқадыр атам айтқан, мал дәрігері боламын» деймін. Өйткені, сол уақытта ауылда мал ауырса болды, шетінен сойып тастайтын. Соның зардабын әбден тартқан атам кішкентай күнімнен: «Балам, қолда бар азын-аулақ малдың өсімі болмай тұр, сен Алматыға бара алмасаң, мына Қапланбектегі техникумға барсаңшы, соны бітірсең де, мал дәрігері болып шығасың» деп құлағыма құя беретін. Сөйтіп мен Алматыға келіп, АЗВИ-ға түсіп тұрған жерімнен, консерваторияға кеттім. Сынақтардың бәрін аман-есен тапсырып болып, көңілім жайланып, «осы бір Алматыны аралап көрейінші» деп жалғыз өзім жаяулатып Коммунистік проспектімен төмен түстім. Консерваторияның жанынан өтіп бара жатып, ашық терезеден сыртқа төгіліп жатқан алуан түрлі аспаптың үнінен шідерленген аттай аяғымды ілгері баса алсамшы. Қанша тұрғанымды білмеймін, бірақ тап сол жерде шешім қабылдадым. Не керек, құжаттарымды АЗВИ-ден әрең дегенде алып, вокал бөліміне тапсырдым. Бірақ дауысым болғанмен, Бекен Жылысбаев, Курганскийлер қанша әуреленсе де, менен опера әншісі шықпады. Сөйтіп жүргенде, аяқ астынан консерваторияның жанынан театр факультеті ашыла қалды. Жас болса да, сөйлеген сөзі мен жүрген жүрісі аңызға айналған Асқар Тоқпановқа бардым. Ол уақытта бұйра-бұйра қалың шашым басыма сыймай бөркімді көтеріп тұратын. Басымнан аяғыма дейін бір көз салып өткен Асқар ағам: «Басыңды білмеймін, шашың керемет екен» деді. Сөйтіп бұл жердің де сынағынан өтіп, театр факультетінің студенті болып шыға келдім.
– Қазір жақсы драматургия жоқ, жақсы пьеса жоқ, деп жатады, бірақ Ә.Мәмбетовтің ең мықты спектакльдері инсценировкалар негізінде сахналанған екен. Яғни, прозадан пьеса туған. Қазір режиссерлер драматургтерге ғана телміріп, осы үрдісті мүлде пайдаланбай кетті, әлде бұл дұрыс емес пе?
– Әзірбайжан Мәдиұлы болашақ спектаклінде ойнатқысы келетін актерлерді кабинетіне шақырып алатын да, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терін», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Анасын», «Боранды бекетін» қолына ұстататын. Өзі «ойланыңдар» дейтін де, сыртымыздан жауып кетіп қалады. Содан бәріміз қызылкеңірдек болып айтысып, өз ойымызды айтып, образдарды талдайтынбыз. Анау колхоз басқарманың балалардың аузынан жырып, жинап алған бидайды ұры алып қашқан кездегі сахнаны қалай шығарамыз, сотты қалай шығарамыз, Ана мен Толғанай арасындағы үлкен философиялық ойға құрылған айтысы қалай жеткізілуі керек, осының бәрі ортақ ой арқылы шешілетін. 1960-70-жылдары театр бұрын-соңды болмаған биіктікке көтерілді. Бұл туралы Ә.Мәмбетовтің өзі: «Бұл жалғыз менің еңбегім емес, біріншіден, театр ұлы Мұхтар Әуезовтің атында, екіншіден, сол театрдың негізін қалаған бабалардың рухы қуаттады, үшіншіден, Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәріпова, Ә.Молдабеков, А.Әшімов, С.Оразбаев сияқты замандас қанаттастарым менің барлық спектакльдерімде ойнап, мені өсірді және өнері биіктеп, менімен бірге өздері де өсті» деген екен. «Абайды», «Қарагөзді», «Ана – Жер-Ананы» қойған Мәмбетовтің спектакльдерін әлем сахналарындағы өнер туралы үлкен сөз айтқан мықты театр сыншылары мен өнер зерттеушілері, орыстың атақты режиссерлері Мәскеуден арнайы келіп көретін немесе Одақ көлеміндегі гастрольдерін жібермей қадағалайтын. Бұл Мәмбетовке дейін М.Әуезов театрының тарихында болмаған жағдай. Кәсіби мамандардың сыни көзбен көретіндері өз алдына, Мәмбетовтің спектакльдері мен жекелеген әртістер туралы миллиондаған тиражы бар Одақтың бас басылымдарының бәрінде қазақ актерлерінің өнеріне баға берген етектей материалдар жарияланатын. Бұл Мәмбетов шеберлігінің құдіреті!
– Әлем театрларының тынысын сезіп, бір өзі-ақ орыс театр өнерін бірнеше саты биікке көтерген әйгілі Иннокентий Смоктуновский сіз сомдаған Сүйеу қарттың рөліне тамсанғаны сондай, Сәбит Оразбаевтың өнері туралы сүйсініп тұрып жазатыны да сол кез ғой, шамасы...
– Иә, ондай жайттың болғаны рас. Сүйеу қарттың рөлі о баста Елубай Өмірзақовқа берілген еді. Бірақ, ол кісі ауырып қалып, репетицияда мен ойнап жүрдім. Кейін премьера алдындағы ойынымды көргеннен соң ол кісі Сүйеуді ойнаудан үзілді-кесілді бас тартты. Рөлдің маған басыбайлы бұйырғанын қайтейін, енді «Қан мен тердің» авторы Ә.Нұрпейісовтің қарсылығына ұшырадым. Ол алғашында мені актер ретінде мүлде мойындамады. Соған қарамастан, жас болсам да, Әзекең сенім артты, Ақбаланы ойнаған Фариданың, Ыдырыс ағаның, Әнуар, Асанәлі сияқты сахнадағы серіктестерімнің қолдауымен ойдағыдай орындап шықтым. Спектакль сахнаға шыққаннан кейін Әбең қолымды алып, рахмет айтты, кейін екеуміз жақын дос болып кеттік. Орталық басылым бетінде Смоктуновскийдің берген жоғары бағасынан кейін атағым бірден дүркіреп шыға келді.
Әзірбайжан Мәмбетов актер таңдаудан жаңылыспайтын. Бұл қасиеті оның ең үлкен артықшылығы еді. Лениннің 100 жылдығына байланысты Әзірбайжан Мәдиұлы спектакль қойды. М.Әуезов театрының жыртылып-айрылып жүрген көп актерінің бірде-бірін місе тұтпастан, Лениннің рөлін Қарағанды облыстық драма театрының белді әртісі Мүлік Сүртібаевқа беретін болды. Мен Свердловты ойнаймын. Өмірде өте сыпайы болған революционердің рөлі менің оң жамбасыма келе кетті. Өзі ара-тұра: «Ленинді изучать етіңдер, орыстың психологиясы қандай, осыған дейінгі жасалған кино бейнелерді де қараңдар, салыстырыңдар» деп кетеді.
«Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде ойнап, танылып қалған Мүлік аға біздің театрға қабылданған соң да Кебек, Көбей, Жалмұқан, Нарша, Аңғарбай сияқты көптеген сүйекті рөлдерді ойнады. Бірақ неге екенін білмеймін, сол кісі біздің театрдың ансамбліне кіре алмады. Айтпағым, әр театрдың өзіне ғана тән ерекшелігі, тек өз ішінде ғана өзіндік дәстүр-мәдениетін толықтыра отырып қалыптасатын мектебі болады екен. Спектакльдерде де басқа театрдан ауысып келген актерлер бірден белгілі болып тұрады. Мәмбетовтің кезінде сырттан театрға актер көп алынған жоқ. Мүмкін, кілең «сен тұр, мен атайын», шашасына шаң жұқтырмаған дүлдүлдер тұрғаннан кейін керегі де болмаған шығар.
– Жаңашылдыққа бой ұрмаса, өнер де астаудағы су секілді қоймалжың тартып, қайырлап қалады. Театр өнері де кешегіден бүгін өзгеше, жас буынның ойынына көңіліңіз тола ма?
– Әр буынның арасынан таланттылары екшеліп шығады. Өнеріне көз тоқтатып қарайтын жастар жоқ емес, бар. Бірақ қазір актерлер арасында, театрда жатып кеп бірін-бірі көпіртіп тұрып мақтайтын жағымсыз үрдіс қалыптасты. Бір-біріне «потрясающий!» деген сөздерді айтады. Театрға кеше ғана келген жас актер түгілі, суреткерлік шеберлігі бүкіл Одаққа дақпырт боп тарап, бұрын-соңды болмаған құбылыс ретінде бағаланған КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариданың өзі Мәмбетовтің аузынан мұндай мақтауды өмірі естімей-ақ кетті. Әзекеңнің бар ризашылығы «нормально, дальше продолжаймен» шектелетін. Шынында да күнделікті істеп жүрген жұмысы болғандықтан мұндай нәрсе өнер адамы үшін қалыпты саналуы тиіс. Өйткені, актердің міндетінің өзі – жақсы ойнау. Сол үшін айлық алып отырған қызметі емес пе? Ал, сол «потрясающе» ойнаған әртіс ереңгі спектаклінде бір сөзді ұмытып қалса, жерден алып жерге салып, итін шығарып жамандайды.
Кейбір актер өзінің мамандығының сырын да түсінбей ме деймін. Актер деген – жалғыз. Ең алдымен осыны ұғу керек. Халықтың алдына сахнаға шыққанда ешкім де саған көмектесе алмайды. Сені теңіздің ортасына әкеп лақтырып кеткен сияқты, қайтсең де малтып шығуың керек. Алып шығатын да, абырой беретін де бойыңдағы қасиетің. Асқар Тоқпанов ұстазымыз: «Абайдан 30 процент үйренсең, өлмейсің. Сол сенің өміріңе азық болады» дейтін. Қалибек Қуанышбаев ағамыз: «Мен Абайды күн сайын оқымасам, түнде ұйықтар алдында қолыма бір рет алмасам, жастығымның астында жатпаса, сол күнімді босқа өтті деп есептеймін» дейтін еді. Өкінішке қарай, жас актерлердің көпшілігі көркем әдебиетті оқымайды, кеудесіне тоқымайды. Актерді көргені, естігені емес, ең алдымен оқығаны өсіреді.
Көптен бері көкейімде жүрген бір ой, М.Әуезов театрының алтын дәуірін жасаған театр режиссурасының патриархы Әзірбайжан Мәдиұлының қазақ өнеріне сіңірген ерен еңбегіне құрмет ретінде ең болмаса бір спектаклін репертуарда сақтап қалу керек еді. Бұл аты мен атағын ғана естіп, өзін білмейтін адамдар үшін «Мәмбетов деген кім, ол несімен мықты болды?» деген сұраққа берілген жауап болар еді.
– Аға, әріптестеріңіздің бәрі киноға түсіп, дубляждан табыс тауып жатқанда, сіз неге ол төңіректен табылмадыңыз?
– Мен жас күнімнен тәртіптің адамы болдым. Қатарластарыммен бірге дубляжға да барып көрдім. Дубляж дегенің де өзінше бір әлем екен – Мұхтар Бақтыгереев, Атагелді Смайылов, Мәкіл Құланбаев дегендерің – король, Раушан Әуезбаева, Фарида Шәріпова құрдасым – королева. Табысы деген сұмдық, адамның түсіне кірмейтін қаламақыны күреп тұрып алады. Аузымызды аңқитып тұрып Мұхтар дубляждың ақшасымен-ақ машина мінді. Бірақ, табысын қайтейін, сұмдық лас жер екен. Көрдім де, «жоқ, бұл маған қол емес екен» деп есігін тарс жаптым да, содан қайтып жоламадым. Алайда, дубляждың актерге беретін пайдасы да көп. Онда, алдымен, фильмдегі кейіпкердің психологиясын табасың. Кейіпкер сөзінің сарынында не бар, қандай астар жасырулы, мәтін, сөз қандай мақсатты арқалап айтылып тұр, соны табасың. Мынаны қараңыз, қазақ киносының классикасы «Қыз Жібек» фильмі 40 пайыз Фарида Шәріповаға қарыздар. Фариданың дауысы ғажап еді ғой, үні жұпар шашатын. Оның үні жүрекке байлаулы тұрғандай болатын. Фариданың талантты бойында жанға жайлы, жүрекке жағымды, дауыс атаулының алуан атасы тұнып тұратын: бойжеткеннің назды үні, келіншектің әдемі әуезі, кейуананың қажыған қоңыр үні, тіпті баланың балғын, сылдыраған сұлу дауысы дейсің бе, мың түрлі бояу қосып, қырық құбылтып сөйлеу ол үшін түкке де тұрмайтын. Өмірде де өте сұлу сөйлейтін. Фильмде онсыз да жеңгенің рөлін ойнайтын ұлы актрисаның осы шеберлігін мойындаған комиссия фильм түсіріліп болған соң, таспаны тазалаған кезде Жібектің де, қосымша тағы бір рөлдегілердің де дауысын Фаридаға қайта дыбыстатты. Жібектің жеңгесінің дауысы еркетотай, еріне еркелеп үйренген әйелдің дауысы. Ал, Жібектің дауысы мүлде бөлек, онда үнемі мұң сезіліп тұрады. Төлеген мен Бекежанның арасына түсіп ажырататын тұсындағы Жібектің дауысын еске түсірейікші. Фарида Жібектің дауысына «Мен үшін қырылысып не болды? Іздесеңдер, менен де өткен сұлуды табасыңдар ғой, азамат бастарыңды төмендетіп не болды сонша?» деген мағына жасырған. Әдебиеттің ғана емес, жалпы өнердің үлкен эстеті ретінде мойындалған Ғабеңнің өзі таң қалды ғой сонда. Фарида мәтінді қолына ұстап, көз жүгіртіп шыққан кейін-ақ кейіпкерінің кім екенін бірден түсінетін. Кейіпкерінің мінез-құлқын бірден табады, атмосферасына бірден ене кететін. Ұзақ жылдар Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ берді, бірақ шәкірттерінің ішінде үлгі алып қалғандары аз. Байқайсың ба, қазір Фаридадай актриса жоқ. Ғасырда бір-ақ рет туатын талантты өнер тұлғасындай өкше басар сіңлілері енді бола ма, болмай ма, оны да білмеймін.
– Сіздің «Тазарғың келсе театрға бар», «Өмірдің өзі – театр» атты екі томдық естелік кітаптарыңыз замандас әріптестеріңіз туралы шуақты оқиғаларға толы болғандықтан, тағылымды әрі оқуға жеңіл. Тіпті кейбір әртістердің пенделігін де мәдениетті жеткізген екенсіз. Біртуар таланттардың біршамасы қамтылыпты, ал кімдер туралы жаза алмай келесіз?
– Көп жылдан бері Фарида толғандырып келеді. Фарида туралы сөз толықтай айтылып болған жоқ, оны жанында үзеңгілес жүріп өнер көрсеткен біз айтпағанда, кім айтады енді? Әзекең туралы да айтарым көп. Театрдың бутафория, тігін цехында жұмыс істеп, қарапайым ғұмыр кешкен, бірақ өмірі ғибратқа толы немесе сынағы көп тағдыры өзгеге сабақ боларлық замандастарым болды. Солар туралы жазғым келеді. Байқағаным, жазу өнері өте қиын екен. Ал, әлгі екі кітаптың жарыққа шығуына алдымен газетте жарияланғаны себеп болды. Кітап шыққан соң мақтағандар да, құттықтағандар да көп болды. «Матан туралы неге жазбағансыз, жақын досыңыз еді ғой?», «Мұхтарды неге жазбадыңыз, дәмдес болып едіңіз ғой?» дейді. «Театрдың оппозиционері» болған Гүлзипа апам Сыздықова туралы ой мазалайды. Талантты бола тұра, қолдан қысым жасалып, дүр-дүлдүлдердің ішінде жана алмай кеткен қасіретті тағдыр иесі. Бірақ осы күнге дейін жаза алмауымның себебі денсаулығыма байланысты ма, әлде басқа себебі бар ма, өзім де білмеймін. «Жазамын» деп оқталып келемін де, ақ қағазға төнгенде, қалшиып қатамын да қаламын. Шындықты жазғым келеді, оқыған адам олардың өнерін дәл мендей сезінсе екен, ұлылығын мендей таныса екен деймін. Мемуарлық дүниелер өте таза және биік мәдениетпен жазылуы тиіс деп ойлаймын. Ол ұрпаққа қалады. Айтудың мәдениетін білсең, әдебін сақтасаң, дүниеде айтылмайтын шындық болмайды. Сахнаның сөнбес шырағына айналған осы тарландардың әрқайсысының шуағы қазақ өнерін жылытып әрі жарқыратып тұруға мәңгі күші жетеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ