Кешегі Үкімет отырысын ашқан Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысында өткізілген оқу-жаттығуларын ұйымдастыру кезінде қар көшкіні салдарынан қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына көңіл айтты. Сонымен қатар, осы мәселе бойынша үкіметтік комиссияның хабарламасын тыңдады.
Хабарлама жасаған Қорғаныс министрі Сәкен Жанұзақов әр отбасына қаза тапқан әскерилердің бес жылдық жалақысы көлемінде (орта есеппен 4-7 миллион теңгеден) өтемақы төленетіндігін айтты. Сондай-ақ, қаза тапқан жауынгерлердің отбасымен кездескендіктерін, жаралы болғандардың жағдайы туралы айтып берді.
– Айдың-күннің аманында жеті бірдей адамды жоғалттық. Оның себептері егжей-тегжейлі зерттелуі керек, – деді Премьер-Министр.
Отырыста күн тәртібінде бірінші болып «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды жүзеге асыруға байланысты Үкімет қаулысының жобасы қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жергілікті атқару органдарына мақсатты трансферттер есебінде 377,3 миллиард теңге бөлінетінін, 2017 жылға басымдық беріліп отырған республикалық бюджеттік инвестициялар көлемі 250,1 миллиард теңгені құрайтынын айтты. Сондай-ақ, басқа да мәселелер бойынша бөлінетін қаржы көлемін атап өтті.
Б.Сұлтановтың айтуынша, 2016 жылдың республикалық бюджетінде қалып кеткен 1,5 миллиард теңге сәйкес бағдарламаларға бөлінетін болады.
Мақсатты трансферттерді дер кезінде бөлу үшін келісімдер кешіктірілмей жасалуы тиіс. Б.Сағынтаев тиісті органдарға аталған мәселелерге байланысты тиісті тапсырмалар берді.
Үкімет отырысында қаралған негізгі мәселе көктемгі су тасқынына даярлық жайы болды. Бұл мәселе бойынша бірнеше министрдің және облыс әкімдерінің хабарламалары тыңдалды.
Алдымен сөз алған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов еліміздің алты облысында су тасу қаупі бар екендігін атап өтті. Оның айтуынша, қалың жауған қарға байланысты Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының болу қаупі болжанып отыр. Осыған орай 918 елді мекен, 1,5 мың шақырымнан астам авто және темір жол тәуекел аймағына енгізілді.
Қазіргі күні су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде. Тұрғын үйлерді су басып кетпес үшін 6,2 миллион текше метр қар шығарылған. 8 мың тонна жанар-жағар май, 180 мың тонна инертті материалдар, 829 мың қап және 10 тонна жарылғыш заттар қоры жасақталыпты. Жергілікті әкімдіктер бюджеттерінде төтенше жағдайларға арналып 20 миллиард теңге қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары орынбасары Қайрат Айтуғанов өз сөзінде гидротехникалық құрылымдардың жағдайына тоқталып өтті. Оның айтуы бойынша, «Қазсушар» РМК есебінде 2177 гидротехникалық қондырғы бар. Оның 78-ін су қоймалары, 83-ін су тораптары, 26-сын бөгендер, 1990-ын басқа құрылғылар құрайды. Олардағы су пайдалану режімдерін реттеу мақсатында тиісті мамандардан құралған комиссия жұмыс істеуде.
Қ.Айтуғановтың айтуынша, Шардара, Киров, Бұқтырма секілді Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан ірі су қоймалары қазіргі күні өз деңгейінің 75-80 пайызында суға толып тұр. Егер су көлемі көбейе беретін болса, бұлардағы су бірте-бірте босатылатын болады.
Су ресурстары комитетінің бассейндік инспекциялары жергілікті төтенше жағдайлар органдарымен бірлесе отырып, 766 гидротехникалық қондырғының жағдайына арнайы зерттеулер жүргізген. Енді қалған 275 осындай қондырғы сәуір айында тексеруден өтетін болады. Тексеруден өткен қондырғылардың 27-сінің жағдайы қанағаттанғысыз деп танылған.
Осы мәселе бойынша қосымша хабарлама жасаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев көктемгі су тасқынының жағдайы қалай болатындығы туралы алдын ала болжам жасалғанын, осы бойынша судың келуі былтырғы жылғыға қарағанда, едәуір жоғары болатыны анықталғанын айтып өтті. Бұл жөніндегі нақты болжам наурыз айының бірінші онкүндігінде шығарылатын болады.
Премьер-Министр Энергетика министрлігінің бұл жөніндегі жұмыстарына қолдау білдірді. Көктемді күтіп мәселеге көзжұмбайлықпен қарап отыра бермей, жағдайды алдын ала зерттеу іс-әрекеттерді жүйелі жұмылдыруға ықпал ететінін айтып өтті.
Күн тәртібіне қойылған тағы бір мәселе – үстіміздегі жылдан бастап енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру жайы. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аталған мәселе бойынша қабылданған заңға енгізілетін жаңа өзгерістердің жайын айтып берді.
Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев биылғы жауған қар көлемі қалыпты нормадан әлдеқайда көп екенін ескерте келе, көктемде болуы ықтимал су тасқынына тиісті министрліктер мен әкімдіктер қазірден бастап жан-жақты дайындалу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, бұл мәселенің жыл сайын сөз болатынын, яғни біздің әлі күнге дейін оқиғаның ізін қуып келе жатқанымызды ескерте келе, көктемгі су тасқынына әзірлік секілді мәселені біржолата жан-жақты қарастыра отырып шешу жолдарын белгілеу мәселесі туралы сөз қозғады.
– Біз осы іске жылма-жыл миллиардтаған теңге бөліп, дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Өкінішке қарай, мәселені толықтай шешкен емеспіз. Өйткені, нақ осы табиғат құбылысынан адамдар қаза тауып жатыр. Адам өмірі бәрінен де қымбат. Ол ақшамен есептелмейді, – дей келе, ендігі кезекте қыстағы қалың жауған қарды, осыдан болуы ықтимал көктемгі су тасқынын ұстап қалып, оны ауыл шаруашылығына пайдалану жолдарын қарастыру қажеттігін атап көрсетті.
Үкімет отырысы соңынан шағын баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Онда сөз алған Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров Жамбыл облысында әскери оқу-жаттығулары кезінде жауынгерлердің қаза тапқан оқиғаларына қайта бір тоқтала келе, осыдан қорытынды шығарудың алғашқы шараларының бірі ретінде Қорғаныс министрінің полк командирі Біралинов пен штаб бастығы Шолбековті қызметтерінен босату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»