Кеше Парламент Мәжілісінің басшысы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда бес мәселе қаралды.
Соның ішінде 1995 және 1996 жылдарда Ембі сынақ полигонын пайдалану және жалға беру туралы Қазақстан мен Ресей арасында жасалған халықаралық шарттардың қолданысын тоқтатуға арналған шаралар жөніндегі Хаттама туралы заң жобасы басқаларға қарағанда ұзағырақ талқыланып, көптеген сұрақ қойылды.
Баяндаманы Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров жасады. Хаттамаға былтырғы 20 қазанда Мәскеуде қол қойылған екен. Оның шарты бойынша сынақ полигонын Ресей тарапының пайдалануы мен жалдауы тоқтатылып, жер мен ондағы мүліктер елімізге қайтарылады. Жалдаудан шығарылған жер еліміздің ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланылып, экономикалық дамуымызға қолайлы әсер етер деген үміттеміз, деді баяндамашы.
Сұрақ беру рәсімі басталғанда алғашқы сөзді депутат Сапар Ахметов алып, баяндамашыдан Ресейге жалға берілген тағы қанша сынақ полигоны бар екенін сұрады. Оған Қарағанды облысындағы Сарышаған, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында орналасқан аумағы 1 млн 300 мың гектарлық 929-шы және 4-ші полигон бар деген жауап берілді. Алайда, 2015 жылы осы, соңғы екі полигон аумағының тең жартысы өзіміздің мемлекетіміздің аумағына қайтарылғаны да көлденең тартылды.
Депутат Айгүл Нұркина қайтарылған жерлердің экологиялық жағдайына сараптама жасалып, зияндылығы тексерілді ме деп сұрады. Бұл мәселеге министрліктің мұқият қарағаны жеткізіліп, Экология комитетімен бірлесе отырып, топырақтың құрамы тексерілгені айтылды. Депутат Зәуреш Жұманәліқызы Ембі полигонына жақын орналасқан Жем қаласына полигонның экологиялық зардап тигізгенін немесе тигізбегенін білгісі келді. Оған вице-министр сынақ полигонында 2008 жылдан бері ешқандай қарудың сыналмағанын айта келіп, осы жылдары жүргізілген экологиялық сараптама адамдар мен жан-жануарлардың денсаулығына зиян келтірді деген мәлімет бермегенін атап көрсетті.
Депутат Александр Суслов полигон 2008 жылдан бері қолданылмаған болса, ондағы нысандардың несі қалды, Приозерск қаласындағы нысандар сияқты олардың да қоқыстары қалмасына кім кепіл деді. Оған Т.Мұхтаров полигондағы 16 ғимаратты 2010 жылға дейін Ресей тарапы күзеткенін, ал 2010 жылдан олар Қазақстан жағына беріліп, 15-і Ақтөбе облысының коммуналдық меншіктер қатарына, ал біреуі Қорғаныс министрлігінің меншігіне алынғанын айтты.
Депутат Кәрібай Мұсырман енді полигонды өзіміздің қаруларды сынау үшін пайдалану жоспарланды ма деп сұрады. Оған полигон алаңы Ақтөбе облысына ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға берілгені, енді оның әскери мақсатта қолданылмайтыны жеткізілді. Ал депутат Серік Құсайынов отырысқа қатысып отырған Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтан Ембі полигонын жалдағаны үшін Ресей тарапы жыл сайын төлеп келген 718 мың АҚШ долларына тең қаражаттың қайда жұмсалғанын сұрады. Б.Шолпанқұлов теңгеге аударылғанда 6 млрд 900 млн теңге болатын бұл сома республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне енгізіліп, жалпы түсім ретінде қаралғанын көлденең тартты.
Осынша сұрақтан кейін қосымша баяндаманы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі депутат Бақытжан Ертаев жасап, Мәжіліс комитеттері осы келісімді қарап оң бағаларын бергенін жеткізді және енді оны Сенаттың қарауына жіберу туралы ұсыныс енгізетінін мәлімдеді. Сөйтіп, заң жобасы тұтастай мақұлданды.
Сонымен қатар, кеше отырыс коллекторлық қызмет туралы заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобалары коллекторлық қызметті жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді. Мәселен, берешекті өндіріп алу бойынша тиімділікті және қауіпсіздікті арттыру, борышкерлердің құқықтары мен мүдделерін коллекторлық агенттіктердің тарапынан заңсыз әрекеттерден қорғау, коллекторлық қызметтің ашықтығын арттыру және реттеу, тұрғындардың сенімін арттыру және әлеуметтік шиеленісті төмендету заң жобасының басты мақсаты болып табылады.
Заң жобасында борышкердің өз берешегін сотқа дейінгі тәртіппен реттеу құқығы белгіленіп, борышкермен өзара іс-қимыл жасауға жұмыс күндері тек 8.00-ден 21.00 сағатқа дейін ғана рұқсат беріледі, ал демалыс және мейрам күндері өзара іс-қимылға тыйым салынып отыр.
Осы күні әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі бойынша түзетулерге бағытталған заң жобасы депутаттар тарапынан екінші оқылымда қолдау тапты. Аталған заң жобасы өткен жылы бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Жұмыс барысында депутаттар әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын тұтынуды ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жатқызуға, кіші авиация ұшқыштары үшін медициналық куәландырудан авиациялық медициналық орталықта өтуін немесе авиациялық медициналық сарапшының өткізуін таңдау құқығын белгілеуге, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, оларды есепке алуды жүргізу және пайдаланушыларға нақты талаптар белгілеу арқылы пайдалануды заңнамалық тұрғыдан бекітуге, жылына 300 мың адамнан аз жолаушыларға қызмет көрсететін әуежайларды табиғи монополиялар саласындағы қуаттылығы аз субъектілерге жатқызуға бағытталған түзетулер енгізді.
Сонымен қатар, Азия Даму Банкімен қарыз туралы келісімді және 2015 жылғы 8 қыркүйектегі табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі қанатқақты жобаны 2015-2016 жылдары іске асыру бойынша келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.
Ал электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістерге қатысты заң жобасы бойынша жұмыс одан әрі жалғасатын болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»