Әнші Әлмырзаның осындай аласұрып жүрген кезі еді. Сүйгенін көріп сүйсініп, көзден таса болса күрсінген мың құбылған шағы болатын. Бұл өткен ғасырдағы жетпісінші жылдың жаз ортасы. Қызылорда қаласына бара қалды. Арзымас шаруасын жинақтап болысымен осы қаладағы нағашы апасы Күнімханның үйіне түстенуге кідірді. Самаурын қайнап, дастарқан жайылғанша ермек болсын деп шкаф үстіндегі альбомды қолына алған-ды. Арасынан газет қиындысын кезіктірді. Ізтай Мәмбетовтің өлеңі екен – «Қара мең» деп аталады. Жап-жақсы өлең, жанына жаға кетті. Онсыз да өрекпіп тұрған жүрегі дүрсілдей жөнелді. Дереу әлгі өлеңді басқа қағазға көшіріп алды.
Ақ тамақтың астындағы
қара мең,
Жүрегімді дір еткіздің
қарап ең..,
Осыдан соң-ақ Әлмырзадан маза қашты. Әлдеқайдан бір әуен құйындай соғып өтіп, жым-жылас жоғалды. Дел-сал болып бұл қалады. Өнердің құдіреті деген осындай түсініксіз болар ма?!.
Шіркін, Махаббат! Адамды мейірімді де, мерейлі етер қасиет! Ақын да, батыр етер сиқырын қайтерсің. Мұқағали айтпақшы, «Зымиян да осылар, Зиялы да!..». Қыз дегенің де бір пәле, жылап тұрып күледі. Күліп тұрып арбайды. Жүрегін ән тербеп, ұзақ «толғатқан» ән туды ақыры... «Ақ тамақтың астындағы қара мең» деп аталады.
Ән әлегімен жүріп Әлекең өзін өзі ұмытқандай екен, бір жеңілдеп қалды. Осы әнін өзі орындап жүрді. Бір күні тағы бір ой түсті. Сүйген қызы Патманың туған күні жақындап қалды. Ол дүкенде сатушы болып істейді. «Туған күніне не сыйласа болады? Дайын затты бергеннен не қадір. Онан да ән шығарса қайтеді?» Әнші, сазгер Әлмырза Ноғайбаев осы ойға бекінді.
Патманың жақын құрбысы бар еді. Есімі-Ізімкүл, екеуі бір класта оқыған. Кейде Әлмырза мен Патма жастық желікпен келіспей қалса, екеуін қайта жарастыратын сол қыз. Шығар жаны бөлек демесең, бірін-бірі қимас достар. Сондықтан да екеуіне екі ән арнау керек. Көп ұзамай «Дүкенші қыз» әні де дүниеге келді.
...Еңбегі еш кетпеді, көп ұзамай сүйгеніне қосылды. Қыз дегеннің – қияметтік жолы осылай алынды.
Әлмырза мен Патма бес перзентті болды. Ақмарал, Нұрлан, Сырлан, Ақмаржан, Әнсая! Бәрі де өмірден өз орнын тапқан азаматтар болып жетілді. Алды немере сүйгізіп отыр.
– Махаббатым бәсеңсіген жоқ, сәл шау тартқандай болсам, «Ақ тамақтың астындағы қара мең» әнін шырқап қоя беремін. Сонда баяғы жиырма бесіме қайта оралғандай боламын, – деп әзілдейді әнші ағамыз. Ойнаса да, ойындағысы-ау, жетпіске жуықтаса да өзі әлі киіктің оңқай асығындай алшы түсуінен танар емес. Біз мұнысына қуандық.
«Ахау, қара мең!
Жүрегімді дір еткіздің
қарап ең.
Өзің енді таба қойшы
маған ем.
Ақтамақтың астындағы
қара мең!
Ахау-у!».
Бұл әнді қазір Қызылордадағы филармонияның «Тұран» тобы орындап жүр. Үлкен сахналарда тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырар, жастарды елеңдетіп, егделерді әсерлендірген тамаша әннің бірі.
Иә, сырлы әуен махаббат алауымен отауды, отанды жылытып тұрған секілді.
Нұрмахан ЕЛТАЙ
Қызылорда облысы