• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2017

Жаңару жолына түскен Жаңатас

962 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының оңтүстік-батысында орналасқан Жаңатас қаласының атағы дүркіреп шығып, дүйім елге әйгілі болғанын елдің бәрі біледі. Кеншілер қаласы атанған шағын шаһар елімізде жұмыс күшінің көптігімен де, ауқымды өндірісімен де алға шықты. Әйгілі жазушы Шер­хан Мұртаза Жаңатастағы еңбек адам­дарының өмірінен «Қара мар­жан» деген роман жазды. Одан бө­лек, Жаңатас жайында еліміздің бас­ты басылымдарында да көлемді мақа­лалар жарияланды. Ал кезінде 60 мың халқы болған Жаңатас қаласының қазіргі жай-күйі қандай? Заманында 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз еткен «ПО Каратау» атауымен әйгілі болған кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі нендей?

Өлкедегі өндірістің өрісі

Жаңатас қаласында орналасқан «Қазфосфат» ЖШС филиалы – Қара­тау-Шолақтау кен өңдеу кешені нә­ти­желі жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын директоры Мұратқали Сәрсеновтің айтуынша, аталған кәсіпорында бүгінгі таңда 2062 адам еңбек етеді. Ал Жаңатас қаласының өзінде Көксу, Киізтас және Жаңатас кен орындары бар. Сондай-ақ, үш кен орны Сарысу ауданы­на, Талас ауданына және Оңтүстік Қазақ­стан облысының Созақ ауданына қарайды. Аталған алты кен орнының төртеуінде кен өндіру ашық әдіспен жүргізілсе, екеуінде шахталық тәсілмен өндірілетінін жеткізген кешен басшы­сы дайын шикізатпен облысымыз­дағы «Жаңа Жамбыл фосфор» зауы­ты баста­ған ірі кәсіпорындармен қатар, Ре­сей, Өзбекстан, Түрікменстан мем­ле­­кеттерінің де өңдеу орындары қамтамасыз етілетінін айтты. – Бізде шикізатты өңдейтін 5 фаб­рика бар. Ол жерде ұсақтау, елеу, ұнтақтау жұмыстарын жүргіземіз. Осы жұмыстарға өз азаматтарымыз тартылады. Сырттан келетін адам жоқ, – деген Мұратқали Сәрсенов кәсіпорынның жоғарыда аталған үш ауданға жыл сайын салықтан бөлек 5 миллион теңге бөліп отырғанын да жеткізді. Сонымен қатар, кешеннің техникалық, қауіпсіздік жайымен де таныстырды. Осы жолы Қаратау кен өңдеу кешені Орталық байыту фабрика­сындағы еңбек адамдарымен де сұхбаттасудың сәті түсті. Аталған фабриканың бас инженері Есен Маңғытаев Шымкент қаласындағы қазақ химия-технология институтын 1981 жылы тәмамдаған соң, Елбасы алғашқы еңбек жолын бастаған Теміртау қаласына жолдама арқылы жұмысқа жіберіледі. Ал 1985 жылы Жаңатас қаласына келген Есен Өстемірұлы осы жерде жөндеуші-слесарьдан бастап, бас инженер дәрежесіне дейін көтерілген. Ал екі ұлы мен бір қызы Жаңатас қаласында дүниеге келген ол Жаңатастың жайна­ған келбетін, өркендеген өндірісін бүгінде ерекше шабытпен еске ала­­ды. Сонымен қатар, Орталық ба­йыту фабрикасы бақылау-өлшеу құрал­дарының автоматтандыру бөлімінде кезекші слесарь болып істейтін Нұрғали Нұрманов та мұнда 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бір қызығы, Нұрмановтар әулетінде өндіріс саласы атадан балаға жал­ға­сып келе жатқан кәсіп екен. Әке­сі Қайып Нұрманов та, анасы Тазагүл Баймағанбетова да кезінде Жаңатастың өндірісіне үлес қосып, ұзақ жыл осы кәсіпорында жұмыс істеген ардагерлер болып шықты. Бүгінгі таңда Жаңатас қа­­ла­­­сын­­дағы өндірістің өрісі осындай. Еңбек май­данында қайнап жатқан аза­маттардың қатары баршылық. Сон­дай-ақ, аудан өнеркәсібінің негі­зін қалаушы «Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» кен өңдеу кешені өткен жылы 1 миллиард 294,9 миллион теңгеге 1 миллион 056,8 мың тон­на фосфор өнімдерін өндірген. Келе­шекте де бұл көрсеткіш жалғасын табатын болады.

«ЕуроХим» елге не береді?

Инвестициялар және даму минис­трлігінің бағдарламасы аясында, Жаңатас қаласында іске асырылуға жоспарланған «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-нің құрғақтай ұсақтау және бөлшектеу нысандары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық теле­көпір шеңберінде ашылған бола­тын. Аталған кәсіпорын өткен жылы 13 миллиард 574,0 миллион теңгеге 515,0 мың тонна кен, 356,2 мың тонна фосфор ұнтағын өндірген. Бұл көрсеткіштің алдағы уақытта да ұлғайып, «ЕуроХим» ел өміріне ерекше серпін беретінін Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев айтып отыр. – 2018 жылдан бастап жыл сай­ын кемінде 640,0 мың тонна фос­форит ұнтағы өндірілетін бола­ды. 2020 жылдан бастап жылына 2,8 миллион тонна тауарлы өнім өндіру жоспарлануда. Оның ішін­де минералды тыңайтқыштар 1,5 миллион тонна болады. Бұл жоба минералды тыңайтқыштардың көле­мін арттырып қана қоймай, ауыл­шаруашылық өнімдерінің де көлемін арттырады, – дейді аудан басшысы. Зауыт толық қуатына шыққанда 1200 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Ал 2020 жылға қарай, жұмыс күшінің әлдеқайда артатынына жоспар бар. Бүгінгі күнге «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-да 230 адам, «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-да 170 адам, барлығы 400 адам жұмыс істеуде. Сонымен қатар, мер­дігер компанияларда 300 жұмысшы жұмысқа тартылған. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 21,6 миллиард теңгені құрап, бұрнағы жылмен салыстырғанда оның 2 есеге жуық артып отырғанын көрсетеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі «ЕуроХим» ЖШС есебінен өсіп отырғанын ес­керсек, болашақта да бұл жоба Жаңа­тастың жаңаруына ерекше серпін берері сөзсіз. Егер аталған жоба бой­ынша мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатын болса, бұл өз кезегінде өндірісті өркендетіп қана қоймай, жұмыссыздықтың да жойылуына жол ашатыны күмәнсіз. Бұл тұрғыда аудан басшылығы білікті мамандар дайындауды қолға алып келеді. Себебі, болашақта аталған жобаларды жалғастыратын мамандар қажеттігі бүгіннен бастап туындап отыр. «Жаңатас қаласында 2 колледж бар. Соның біреуін «ЕуроХимнің» балансына беріп отырмыз. Мұндағы мақсат – жас мамандарды тәрбиелеу. Олар Ресейден мамандар шақыртып, жастарымызды жаңа технологияға бейімдесе, дұрыс болады. Әйтпесе, өмір бойы Ресей фирмасына жұмыс істеу қаупі туындайды», дейді Бала­бек Нарбаев. Сондай-ақ, 2020 жылға қарай Жаңатас тұрғындарының санын 30 мыңға жеткізу көзделіп отыр екен. Жоспарда зауыттың жанынан мей­рамхана, монша, тігін цехы және тағы да басқа орындар ашу бар. Бұл өз кезегінде Жаңатаста жұмыс күшінің қарқын алуына оң әсерін тигізбек.

Құрылыс қарқыны қанағаттанарлық па?

Аудан әкімі Балабек Нарбаев Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылы­ғын жаң­ғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 80,0 миллион теңгеге 6 көп қабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін айтып отыр. Бірақ Жаңа­тас қаласында ағымдағы жылдың 1 қаңтарына тұрғын үй алу кезегінде барлығы 1685 мұқтаж азамат тіркелген екен. – Оның ішінде 1-тізім бойынша 27 жетім бала, 2-тізім бойынша 1062 аз қамтылған отбасы болса, 3-тізімде 596 бюджеттік мекеме қызметкері бар, – дейді қала әкімінің орынбасары Бейсен Шалабаев. Баспана басты мұң екенін ескерсек, қаладағы әрбір тұрғынның өз үй-жайы болуы маңызды. Алайда, бүгінгі таңда Жаңатас қаласында жөнделмеген 18 үй бар екен. Қала ішінде қалқасы ғана қоңырайып бос тұрған үйлер шынында да жетерлік. Бұл бір жағынан қала көркіне нұқсан келтіретін болса, екінші жағынан азаматтардың тұрғын үй алу кезегін арттыра береді. Ал «Алтын Орда-2006» ЖШС директоры Дәулеталды Жанбаев мемлекет қаржысымен жөнделген 2 үйді, өз қаржысымен жөнделген бір үйді тапсырған. Енді тағы бір 60 пәтерлі үйдің елу пайызының бітіп тұрғанын жеткізген кәсіпкер қаражат болса, қал­ған үйлерді жөндеп, тұрғындар игі­лігіне беруге дайын екенін айтып отыр.

Кәсіпкер неге күйінеді?

Қала әкімдігінің ғимаратына келген Жаңатастағы «Жарасбек Ата» шаруа қожалығының төрағасы Пейішбек Жарасбекұлы ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетіп отырған мемлекетке алғысын, сондай-ақ, өзінің де 780 бас қой мен 30 сиырына мемлекет тарапынан субсидия алып отырғанын айта келіп, барлық шаруаларға ортақ бір мәселені көтерді. Шаруа өткен жылы «Құлан» бағдарламасы аясында «Саудакент кредиттік серіктестігі» ЖШС арқылы 5 миллион теңге алып, 19 жылқы малын сатып алған екен. Алайда 14 пайыздық несиенің 7 пайызын мемлекет төлейді деген соң қаражат алған шаруа енді бүгінде сол 14 пайыздың бәрін өзі төлеп отырғанын айтады. – Несие алғаныма бір жылға жа­қын­дады. Алайда, ай сайын 60 мың теңгеге жуық ақша төлеймін. Мейлі, менің жағдайым бар. Бірақ кәсібін енді бастап жатқан шаруалар қайтеді, – дейді кәсіпкер. Бұл бір ғана кәсіпкердің басындағы жағдай болмаса керек. Мәселені «Сау­дакент кредиттік серіктестігі» ЖШС басқарма төрағасы Шерхан Қыдырбаев былайша түсіндірді. Серіктестік бас­шысы субсидиялау бойынша облыс әкім­дігінің ауыл шаруашылығы бас­қар­масына өтініш бергенін, ал бас­қарманың шешім шығарып бергенін айтты. Нәтижесінде келешекте несие алған кәсіпкерлердің бұл мәселесі оңынан шешіліп, 14 пайызбен төленген қаражаттың тиісті бөлігі қайтарылып беріледі немесе алдағы төлейтін несие­сінен шегеріледі екен.

Түйін

Бүгінгі таңда ауданда көгілдір газ мәселесі өте өзекті. Бірақ «ЕуроХим» Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян өңірінен Жаңатас қаласына дейін көгілдір газ тартуды қолға алып отыр. Егер мақсат орындалса, 2018 жылы қала көгілдір отынмен қамтылады. Ал тұрғын үй мәселесі де өз кезегінде өткір мәселе. Болашақта аталмыш компания жобасы бойынша Жаңатасты «Ақылды қалаға» айналдыру да жоспарда бар. Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы