• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2017

Рысқұлдың қабірі Талас топырағында ма?

1266 рет
көрсетілді

Алаштың ардақты ұлдары Тұрар Рысқұлов пен Мұхтар Әуезовтің идеялас, мұраттас болғаны белгілі. 1922 жылы Мұхтар Омарханұлы Орынбордағы қызметінен босап, Ташкентке келеді. Ташкентте Тұрар Рысқұловпен кездесіп, оның әңгімесін тыңдайды. Сөйтіп, екеуара әңгімеден әсерленген әйгілі жазушының қаламынан «Қараш-Қараш оқиғасы» туды. Бұл шығарма Тұрардың әкесі, Жетісу облысы Верный уезіне қарасты шығыс Талғар болысының қазағы Рысқұл Жылқайдаровтың өміріне негізделген. Негізі, Рысқұл Жылқайдаров туралы деректер көп сақталмаған. Рысқұл туралы кезінде Мұхтар Әуезов жазса, кейіннен біз сөз етіп отырған барлық жайды Шер­хан Мұртаза өзінің «Қызыл жебе» шығармасында баян­дады. Рысқұлдай тарихи тұлғаға Жамбыл облысының Талас жерінен топырақ бұйырған дегенді де еміс-еміс естігеніміз бар еді ілгеріде. Себебі, Рысқұл на­ғашы жұртын сағалап, Талас топы­рағына келген дейді. Кейін­­нен жол түсіп Талас ауданы, Ойық ауылына қарасты Сейілбек елді мекенінің сол­түстік-шығысындағы екі жарым шақырымдай жердегі Қызыл­қорған жазығында орналасқан Рысқұлдың бейітін барып көрдік. Әуелі барғанымызда жазықты біраз айналып жүріп, қабірді әйтеуір, әрең дегенде тапқан болатынбыз. Қар жамылған жазық далада көзге ілінер ешбір белгі жоқ еді. Қызылқорған жазығын шиырлап жүріп отырып келдік. Марқұмның сүйегі жатқан жерге дұға етіп, Құран оқыдық. Қа­бірді қара темірмен қоршап қойыпты. Белгі ретінде жерден жоғары қарай кірпіш қалап, оның үстіне ақ тас орналастырыпты. Қойылған мерзімі 1995 жылдың қыркүйек айы. Дәл мезгілін оқуға көз жетпеді. Құлпы­тастың жазуы­н күн қақтап, жаңбыр шайған. Десек те, ілгеріде аруақты ердің, өмірі бұғауда өткен бозымның басына қойылған құлпытастың тозығы жеткен еді. Кейіннен қабір басындағы құлауға шақ тұрған құлпытас жаңартылып, мрамордан тас қойылды. Енді Рысқұлдың қабірі шын мәнінде Талас топырағында ма деген сауал көлденең шыға береді. Алайда көнекөз қарттардың әңгімелері ақиқат ауылына жетелейді. – Рысқұл Аққұм ауылындағы Жәдік деген ағайынның жиені, Ойық руының Көкшегөзінен тарайды, – деп бастады Сейілбек ауылының тұрғыны Сембек Бештаев ақсақал әңгімесін. – Тұрар Рысқұловтың өмірінен шығарма жазбақшы болып 1961 жылы Шерхан Мұртаза ауылға келді. Сол кездің өзінде жасы жетпістен асқан Өскенбай деген ауыл қариясы Шерағаңды Рыс­құлдың қабіріне алып барды. Біз сол Өскенбай қариядан осы жайды естіп өстік. Ал, ол кісі Рысқұлдың Қызылқорған жазы­ғына жерленгенін жақсы білетін. Меркідегі көтеріліске қаты­сып, жараланған Рысқұл бір қыр­ғыз азаматымен осында наға­шыларын паналап келген екен. Бұл 1916 жылы болған оқиға. Сембек қарияның сөзін әрі қарай ауыл ақсақалы Мырзатай Құранбеков жалғастырды. – Ол кезде Тұрар Меркіде екен. Рысқұл ұлына жолықпақ ниет­пен алдымен сонда барады. Кейіннен халық батыры Ақкөз Қосанұлы бастаған көтеріліске қатысып, жараланғаны себепті Рысқұл нағашыларына қарай келеді. Нағашысы Дәуітбай деген кісі болған екен. Елі Жәдік. Рысқұлдың қабіріне барар жолдағы үйінділер бір кездері Жәдіктердің қыстауы болған, – деп білгенін айтты Мырзатай қария. Бұдан кейін ауыл тұрғыны Жәнібек Тұраров та сөзге аралас­ты. – Мәскеуге кетпей тұрып Тұрар осында келеді. Наға­шысы Дәуітбай Тұрарды әке­сінің басына апарып, қабірін көр­­сетеді. Себебі, Рысқұлды наға­шылары Қызылқорған жа­зы­ғына жерлейді. Рысқұлдың кездігін өзімен қоса көмеді. Басында Тұрар бұл жайға сенбеген сыңай танытады. Қораш қабір, не басында ешқандай белгі жоқ болған ғой бұрында. Сонда нағашысы Дәуітбай Рысқұлдың қабірін қайта қазып, Тұрарға әке­сінің кездігін көрсеткен екен, – деп аяқтаған болатын Жәні­бек аға әңгімесін. Шерхан Мұр­тазаның «Қызыл Жебе» шығар­масында осы бір тарихи сәт айтылады. Алпысыншы жылдары Шерағаңның осы ауылға келгенін жоғарыда Сембек қария айтып еді ғой. Демек, Өскенбай атамыз Шерағаңа сол кезде осы әңгімені айтып берген. Енді романның осы тұсын оқып кө­рейік. «– Тұрар, міне әкең… – деді қырық құрақ қаудыр тонды Дәуіт шал. Басындағы түлкі тұмақ ескір­гені сонша, қотыр мысықтың терісіндей өлі жүні ұйпалақ екен. Тұрар төмпешікке қарап қалт тоқтады. Төмпешік тым жүдеу…Тұрар оларға түнере қарап: – Шыннан әкемдікі ме? Басқа біреудікімен шатастырып тұрған жоқсыздар ма? Белгі қойылмапты ғой әлі, – деді. – О не дегенің жиеншар, – деп Дәуіт қалбалақтап қалды, – Рысқұл жиеннің жатқан жерін ұмытып не көрініпті бізге. Ба­тырды өзіміз ақ жуып, арулап, осы араға жайғастырғанбыз. Осыны айтып, Тұрардың түп нағашысы мүрденің арғы басына барып, қатқан топырақты саусақтарымен тырмалап жатып, тот басқан темірді ырғап-ырғап суырып алды. – Міне белгісі. Апыр-ай, мұным қандай ақыл болған! Бұл болмаса, маған сенбейтін түрің бар ғой, Тұрар. Міне қанжары. Басына әдейі қойғам...». Кез келген тарихи тұлға туралы көркем шығарманың нақты тарихи шындыққа негізделіп жазылатынын ескерсек, Рысқұл Жылқайдаровтың қабірі туралы әңгіме ақиқаттан алыс болмайды. Демек, Тұрар Рысқұлов секілді арыстай азаматты дүниеге әкелген ғазиз жанның сүйегі Талас топырағының қойнауында жа­тыр. Өз әңгімесінде ауыл тұрғыны Сабыр Төкебаев та екі рет Оңтүстік Қазақстан өңірінен туыстарының Рысқұлдың қабірін іздеп келгендігін айтқан еді. Бейіт басына өзі бастап алып барған екен. Бұл да шындыққа деген сенімімізді нығайта түсті. Рысқұлдың қабіріне сексен жылға жуық уақыт ешқандай белгі қойылмаған екен. Тек ардақты азаматтың бейітіне құл­пытас осыдан жиырма шақты жыл уақыт бұрын орнатылыпты. Ауыл қариялары сол тұста ауыл әкімі қызметін Досмұрат Шахзадаев деген азаматтың атқарғанын айтты. Бұл бастамаға сол кісі мұрындық болған екен. Ежелден ер азаматтың нағашы жұртын паналау дәстүрде бар екенін ескерсек, Рысқұл қабірінің Талас жерінде екеніне негіз бар. Оның үстіне тарихи деректер бойынша Рысқұлдың анасы Қы­з­тимес шешеміздің Талас топы­рағының қызы екені де белгілі. Құдайдың жазуымен Рыс­­құлдың топырағы нағашы жұр­тынан бұйырыпты. Енді жас ұрпақ болашақта әйгілі тағдырлы тұлғаның асыл сүйегі Талас же­рінде екенін біліп жүрсе, ол да тарихты тануға даңғыл жол ашатыны анық. Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы