• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2017

Жаңғыру 3.0: дамудың жаңа бағыты

279 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесі дөңгелек үстел өткізді. Басқосуға қатысушылар конституциялық реформалар және «Жаңғыру 3.0: дамудың жаңа бағыты» деген тақырып аясында әңгіме өрбітті. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков Мемлекет басшысының Жол­дауына еліміздің болашақ даму бағыты айқындалғанын тілге тиек етті. – Барша қазақстандықтардың мүд­десі көзделген бұл құжатта еліміздің бола­шақ даму жолы көрініс тапқан. Ал­дағы 10-20 жыл ішінде Қазақстан қоға­мы экономикалық, әлеуметтік тұрғы­да жаңаша түрге енеді. Елбасы өз Жол­дауында: «Болашағын айқындап, сын-қа­тер­лерді күтіп отырмастан, оған табан­ды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді», дегенін білесіздер. Мем­лекет басшысы Қазақстанның ал­дың­ғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылуды бағытқа алуы біздің алдымызда тұрған маңыз­ды міндет екеніне сенімді. Дам­ыған елдердің қатарына қосылу үшін экономиканың жеделдетілген техно­логиялық жаңғыртылуы, бизнес­ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, мак­ро­экономикалық тұрақтылық, адами капи­тал сапасын жақсарту, институттық өз­герістер, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес сынды басым бағыттар да Президент Жолдауында көрсетілген. Осы басымдықтарды жүзеге асыру үшін барша қазақстандықтар жұмылып әрекет етуі керек. Оған біздің мүмкіндігіміз жетеді, – деді А.Башмаков. Экономикалық жаңғыру, бірінші кезекте адами капиталдың дамуымен байланысты. Адамдардың білімі мен интел­лектуалдық деңгейін көтеру, дүние­танымын тереңдету мәселесі де назар­дан тыс қалмауы тиіс. Философия ғылым­дарының докторы Төлеуғали Бөрі­­баев осындай пайымын ортаға салды. – Адами капиталды жақсарту дегеніміз – терең білім, интеллектуалдық ой-өре, рухани байлықты бойына тоғыстырған буынды қалыптастыру. Сапалы білім беру, ғылымды дамыту, жастарды еңбекке баулу, жан-жақты жетілген ұрпақты өсіріп шығару «Мәңгілік Ел» идеясында да көрсетілген басты құндылықтардың бірі. Экономикалық жаңғыру осы құндылықтардың негізінде жүрсе, таным көкжиегі кең, белсенділігі жоғары қоғам құрылады, – деді ғалым. Дөңгелек үстел басында ҚХА Ғылы­ми-сарапшылық кеңесінің мүше­лері Елбасы Жолдауында айтылған мәселелердің әлеуметтік, экономикалық аспектілері туралы кеңінен ой бөлісті. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»