• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2017

Мәскеу төріндегі талқылау

156 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінің мұрындық болуымен Мәскеуде «Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруы: болашаққа көз тастау» деген тақырып аясында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады елшіліктің баспасөз қызметі. Басқосуға ресейлік белді сарапшылар, танымал ғалым­дар қатысып, Қазақстан Прези­дентінің ел халқына арнаған «Қазақ­станның Үшінші жаңғы­руы: жаһандық бәсекеге қабі­летт­ілік» атты Жол­дауы төңі­регінде өзара ой бөлісті. Жиын­ның беташарында Қазақстан елшілігінің кеңесші-елшілері Марат Сыздықов пен Болат Иманбаев сөз алып, биылғы жылдың басы еліміздің саяси және экономикалық өмірінде ерекше орын алатын оқиғаларға толы болғанына тоқталды. Олар Елбасының билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер­ді қайта бөлу жөніндегі Үндеуі мен Жолдауы бір-бірін толықтырып тұр­ғанын, еліміздің ұзақ мер­зімді даму мақ­саттарына қызмет ететінін айтты. Қазақстандық дип­ломаттар қазіргі таңда Ор­та­лық Азияда болып жатқан оқи­ғаларға ерекше назар ауып отырғанын, Ресей Презид­енті Владимир Путиннің осы ай­маққа ресми сапары жоспар­ланып отырғанын жеткізді. Еуразиялық экономикалық комиссия Қаржы саясаты департаментінің директоры Тиг­ран Давтянның пікірінше, жастар саясаты, білім беру, биз­несті қорғау және қолдау, қор на­рығын дамыту мәселелері Елбасы Жолдауында алға қо­йыл­ған міндеттердің табысты жүзеге асырылуының негізгі аспектілері болып табыла­д­ы. Ал оның орынбасары Бембя Хул­хачиев Президент Н.Назарбаевтың Жолдауы Қазақ­стан халқына ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ­қа мүше елдердің бар­лығы үшін маңызға ие деп санай­тынын жеткізді. Ре­сей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет ака­де­миясының проректоры Андрей Марголин болса Қазақстан Пре­зидентінің ауқымды мін­деттерді межелеп қана қоймай, оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін ұсынғанын жоғары бағалады. – Жолдаудағы бес басым­дықтың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Мысалы, «Цифрлық Қазақстан» мен адами капиталды дамытуды бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес, – дейді сарапшы. Андрей Марголин шикізаттық емес секторды қолдау, оны экспорттау көлемін ұлғайту, аграр­лық секторды кешенді түрде дамыту, «Қазақстанда жасалған» брен­дін қалыптастыру сынды міндеттерге де жиылғандар назарын аударды. Дөңгелек үстел барысында Еура­зиялық кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйым­дардың эконо­микалық ынты­мақтастығы қауым­дастығының пре­зи­денті Игорь Филькевич баян­дама жасап, Қазақстан Прези­дентінің Жол­дауында шағын және орта бизнесті қолдауға, ауыл шаруа­шы­лығын дамы­ту­ға, білім беру деңг­е­йін көтеруге көңіл бөлінгенін атап айтты. – Қазақстан көлік-логис­ти­калық кешенді дамыту­ды жүзеге асыру үшін еуразия­лық ықпалдастықтың артық­шы­лықтарын пайдалануы керек деп ойлаймын. Бұл орайда, қазірдің өзінде елдің қол жет­кізген жетістіктері аз емес. Қазақ­станда соңғы жылдары үлкен өз­герістердің болғанын бай­қау­ға болады, – деді И.Филькевич. «Евразия. Эксперт» пор­талы­ның бас директоры Вяче­слав Сутырин Қазақстан Пре­зи­дентінің Жолдауындағы ық­пал­дастық тақырыбының маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, Еуразия­лық экономикалық одаққа мүше елдер­дің ортақ экспорттық сая­с­а­тын қалып­тастыру өте өзек­ті мәселе болып табыла­ды. В.Сутырин өз сөзінде көмір­су­тегі химия­сын, агрохимияны, ақ­параттық техно­логиялар мен логистиканы қамти­тын Еура­зия­лық трансұлттық компания­лар құру идеясы туралы да айтты. – Еуразиялық трансұлттық компа­ния­ларға кейінірек қытайлық әріптес­терімізді де тартуға болар еді, – деді ол. Ресей астанасында өткен дөң­гелек үстел барысында басқа да сарапшылар Қазақ­стан Пре­зидентінің ел халқына арна­ған Жолдауына қатысты ой­ларын ортаға салып, оны табысты жүзе­ге асыру жолдарына қатыс­ты пікірлерімен бөлісті.