• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2011

Жан шипасы

560 рет
көрсетілді

Уақыт безбені бәріне әмірші. Рухани өлшемнің өзін шыр ай­нал­­дырып жібереді екен. Бел­ле­трис­тикаға жастайғы әуестік бәсең­сі­ген сыңайлы ма? Таңдау тара­зы­сын­­­да философиялық, тарихи-та­­нымдық шығармалардың мы­сы басымдау түседі. Бүгінгі өмір түзі­лі­мі деңіз, өркениет тала­бы­на са­йы­ңыз, жаппай жаһан­дану­дың жа­йын­дай аузына жұтылып кет­пеу­дің сақтығына балаңыз – бә­рі­нің қисынына салсаңыз да қа­зіргі оқу­шы­ның талғамы тәуір, бұ­рын­ғы­дан оқ бойы алға кеткен. Сон­дай бір әдебиет сүйгіш, та­лант­ты оқыр­ман қарындасым Мәс­кеу­ден базар­лық­қа бір кітап ала келіпті. Өзі ұшақ салонында тауысқан екен, аузының суы құ­ри­ды. Қолға алы­сымен-ақ еріксіз ынтықты­ра­ды. Бұл «Лекарство для души» де­ген кітаптың бастапқы, сырт­қы мұқабасындағы жазуларға көз жү­гірт­кенде, оның салмағы қор­ға­сын­дай артады екен. «Әлем­дегі №1 бестселлер» екені айғақталып­ты. Ағылшыншасынан таратсақ, бұл ұғым – капиталистік елдердегі көп ти­ражбен шығарылып, шап­шаң са­т­ылып кететін кітап маңы­зын ашып береді. Сонымен, қолы­мыз­дағы кітап – әлемдік жаң­ғы­рық ту­ғызған. АҚШ-тың аса та­быс­ты бас­па жоба­сы ретінде ба­ға­ланады. 51 атаумен, 80 миллион данамен, 39 тілде шы­ға­­рыл­ған. 1999 жылы «Гиннесс рекордтар кітабына» енгізілген. Енді атағынан ат үркіп тұрған бұл басылымның сегіз бөлімін екшеп көрелік. Ықыласты үс­тей­ді. «Сүйіспеншілік хақында», «Ата-аналар туралы», «Өлім мен өшу­дің тылсымы», «Жағдайға қа­тыс­ты­лық өлшемі», «Шәкірт пен ұс­таз тура­лы», «Өз мақса­ты­ңа жете біл», «Ке­дергілерді жеңу» және «Да­ныш­пандық ой­лар» атауынан-ақ кітап мәні­сіне бойлауға болады. Жинақтың архитектоникалық тү­зілімі идеялық еркіндікке ба­ғын­дырылған. Жауапты шы­ғару­шы­лар­дың ескерткеніндей, бола­шақ туын­дының тақырып аясы­мен ал­дын-ала таныстырылған оқыр­ман­дар өз бастарынан кешкен жәй­т­тер­ді еш қоспасыз баяндап, жазып жіберген. Содан соң­ғы екшеліп, сүз­гіден өт­кен мөл­тек жан сыры топтас­ты­ры­лыпты. Қай­сы жазба­ны алмаңыз, өмірдің өзін­дей қара­па­йымды­лы­ғы­мен, сали­қа­лы сал­мағымен, жүрек­тің шын­шыл сөзі­мен көңіл тү­кпі­рі­не жата қалады. Тіпті кейбір сарап­шы­­лар­дың: «мұн­д­а сезім тербемейтін сыңар сөй­лем таба алмай­сыз» дегеніне де имандай сенуге болады. Ағынан ақта­ры­лып айт­қан сөзде астар бол­май­ды. Жан сыры – жан шипасы! Өз­генің өзеу­ремей білдірген емеуріні өз­ге­нің кәдесіне жарап кетіп жа­тады екен-ау. Тіпті мұн­д­ай бүк­песіз ашылу, адамға ішер тама­ғы­нан да қажеттірек бо­латынын ғы­лым мо­йын­дап қойған. Тойы­ну то­рығуды ша­қырады екен, ал рухани тарық­қанға жылы сөз, өрісті өнеге майдай жағады екен. Бұл кітап осын­дай ләззатты жан азы­ғын қалт­қы­сыз ұсынуымен құнды. Мысалға жүгінелік. «Цирк» деп аталатын қаз-қалпында жа­зыл­ған ішкі сырда мынадай эпи­зодты жан тебіренбей оқу мүм­кін емес. Сегіз баласын ерткен әке-шеше цирк­ке кіру үшін касса кезегінде тұр. Кассир жалпы би­леттің сома­сын айтуы мұң екен, екеуінің ұн­жыр­ғасы түсіп, бір-біріне шара­сыз­дықпен қарады. Жетпейтін дүние жетесіздігін та­ғы көрсеткендей. Мұны сезген ке­зектегі еркек жиыр­ма доллар банкнотты қалтасынан «түсіріп» алғаны. Тез еңкейіп, ана­ның аяқ астынан ақшаны көтеріп жатып «мынау сіздікі ғой» деп ұсын­ды. Бейтаныс еркектің көзіне жас үйі­рілді. Қолын қысып, разы­лы­ғын білдірді. Циркке қызыққан сегіз баласына бір, көмек қолын сы­пайылықпен ұсынған заман­да­сы­на бір жәудіреп қарады... Адам­ның адамсыз күні жоқтың кебі де... «Екі ағайын» әңгімесінің тә­лі­мі тәнті етерліктей. Бірі үлкен отба­сы­ның иесі де, екіншісі бой­дақ. Ортақ шаруасы бар. Оның ортақ өнімі мен табысын тең бөлісіп әдет­тен­ген. Бойдақ ойға қалады. Қара ба­сы­ма не жетпейді деп әр түні бір қапшық астық­ты аға­сының қамба­сы­на құйып қоя­ды. Үйленгені ойланады. Ба­ла-шағам бар, ертең солар ба­ғып-қағар. Ініме қиын ғой, қарт­ты­ғына сеп болар деп, әр түні бір қап астықты соның қамба­сы­на төгіп жүреді. Уақыт өте келе қам­баларының ортай­май­ты­ны­на таң қалысады. Бір түні қапшық арқа­лап келе жатқан екеуі қарсы түйі­сіп, іс мәнісін түсініп, құ­шақтаса кете­ді... Ағайынның бәрі осындай болса ше?! ...Балалар ата-аналарын өз­дері­не жасаған материалдық тұр­мыс-жайымен емес, жан-жүрегі­мен көрсеткен қамқорлықтарын сезіну арқылы естеріне ала жү­реді екен! ...Әкесі бір кезде өзінің кіндігі ке­сілген кереуетте ақтық демін үзіпті! ...Ақымақтың жүрегі оның тілінде екен, ал ақылдынікі жүре­гін­де екен! ... Адамдардың көбі өздері ұм­тылған бақытына жете алады екен! Осыншалықты түйінді сөз­дер­де қаншама өмірлік өнеге тұ­нып тұр десеңізші. Ең үлкен қателік деп нені ай­туға болады? Ол – алғашқы же­ңілістен-ақ түгің жығылып, жүн­жіп қалуың екен. Қайрат­та­нып, қанаттанғыңыз келсе, со­ның сырына қанығуға ұмтыл­са­ңыз – осы кітапты қолыңызға алыңыз. «Не ексең...» деп аталатын ша­ғын баяндауда жақсы пиғыл­дың игі­лікке, жамандықтың со­ра­қы­лық­қа соқтыратыны түйін­де­леді. Не ексең – соны орар­сың­ның кебі. Ол өзін сәби кезінде бағып-қаққан күтушісі жатқан пансионатқа ба­рып тұрыпты. Ала барған кесек етін ыдысқа салып, ұсынады. Қау­саған кемпір талғай алмайды. Мұ­ның есіне баяғыда тү­йір етті өзіне ұсақ етіп, ұнтақ­тап беретіні түсе кетіп, үгіте қоя­ды. Кейуананың көзі мөлтілдей жасаурап, ірімшіктей етті там­са­нып жейді. Жақ­сы­лық­тың түп­тің-түбінде осылайша ораларына көздері жеткендей еді... Бүгінгі дұрыс-бұрыс істегенің ертеңгі алдыңнан тосар қызығың мен шыжығың іспетті екен-ау! ... Автобус аялдамасында газ­ға тұн­шығып тұр екенсің. Осы дәр­мен­сіздігіңе лағнет айтқың келе ме? Тежеліңіз, тыйылыңыз, түңіл­ме­ңіз. Тәубе деңіз, осы тіршілікке. Сіз өмір сүріп тұрсыз ғой. Қуан, шаттан! Келесі жолы бұлай ете ал­мауыңыз да мүмкін ғой. Сондық­тан қадірле тірші­лік­тің әр сәтін! Әр күннің әр қас-қағым сәтін қастерле. Соның бөл­шегі болғаныңа шүкір­лік ете көр! Мұндай бақыт бұйыр­ма­ғандар қаншама? Соны ойла! ...Адам күші сарқылмайды екен. Оны еселей білген абзал. Джон Миль­тон 44 жасында су­қа­раңғы бо­лып қалған. Он алты жыл өткен соң «Жоғалған жұ­мақ» атты клас­си­калық шығар­ма­сын жазды. Ұлы композитор Людвиг ван Бетховен көп жыл бойы бәсеңсіген есту қа­бі­летін 46 жасында мүлде жоғалт­қан соң бес симфониялы ұлы му­зы­ка­сын жазғаны белгілі. Ал басы-аяғы 39 жасында Мартин Лютер Кингтің теңдік пен әділдіктің, дос­тық пен ынтымақтың үстем­дік құруы үшін жоқтан барды жа­сағаны мәлім. «Адамның қан­ша жа­сағаны маңыз­ды емес, ма­ңыз­ды­сы – өзіне жіберілген уа­қыт­ты қан­шалықты тиімді пай­да­ланға­нында болса керек!»– депті ол. Уақыт! Қандай қымбат! Бағалай алып жүрміз бе? Қайсыбірін айтайық, тағылы­мы мол кітап бұл. Соңғы риза­шы­лығымызды ондағы: «Про­бле­масы жоқ адам ойыннан шығып қалады», деген жалғыз ауыз сөзбен үкілеп тұрып білдіріп, еліміз үшін жұмыстан қолымыз бо­самасын, проблемамыз таусыл­ма­сын дегіміз келеді. Қайсар ӘЛІМ.