• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2017

Өсу кезеңіне өту (Ұлттық банк өкілімен сұхбат)

589 рет
көрсетілді

Төмен инфляция кез келген ел экономикасының үдемелі дамуы үшін негізгі талап болып табылады. Сондықтан да Ұлттық Банк инфляцияны 2020 жылға қарай 4%-дан төмен деңгейге дейін төмендетуге бағытталған саясатты жүйелі түрде жүргізбекші, деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкі Зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий ТУТУШКИН берген сұхбатында. – Виталий Алексеевич, Қазақстан Үкіметі 2017-2019 жылдарға арналған нақ­ты­ланған бюджеттегі макро­эко­номикалық көрсет­кіштер болжамын ұлғайту жағына қарай түзетті. Мұны жағымсыз сценарийлерден жағымды сценарийлерге өтуіміз деп санауға бола ма? – Ақша-кредит саясатын әзірлеу және макроэкономикалық айнымалылардың болжамдарын жасау кезінде Ұлттық Банк экономиканың мұнай баға­сының түрлі болған жағдай­дағы даму сценарийлерін еске­реді. Расында да, Қазақстан Респуб­ликасының 2017-2021 жыл­дарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы және 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет шеңберінде сценарийлік нұсқалар мұнай бағасының неғұрлым жоғары болуы жағына қарай ұлғайтылған болатын және ол бір баррель үшін 45–50–55 АҚШ долларын құрайды, ал алдыңғы болжамдар болса, бір баррель үшін 30–35–40 АҚШ доллары сценарийлері бойынша есептелген болатын. Тиісінше, алдыңғы болжамдармен салыстырғанда, экономика өсіп қана қоймай, басқа барлық макроэкономикалық көрсеткіштер іс жүзінде өзгереді деп күтіледі. Сценарийлік нұс­қалардың өзгеруі объективті, пайдаланылатын алғышарттар ағымдағы жай-күйді де, бола­шаққа берілген бағаны да көрсетуге тиіс. Оны өзге макро­эконо­микалық жағдайларда бас­тапқы әзірленген сценарийлерге сүйенетіндей өте жағымды, не пессимистік деп пайымдауға болмайды. Ұлттық Банк бірқатар негізгі макроэкономикалық көр­сеткіштер бойынша меншікті болжамдарын, негізінен, қолай­лырақ жа­ғына қарай қайта қарады. Ал ин­фляция бойынша нысаналы бағдар­лар бұрынғысынша қалды: 2017 жылы – 6-8%, 2018 жылы – 5-7%, 2020 жылға қарай оны 4%-ға дейін баяулаумен 2019 жылы – 4-6%. – 2017 жылы инфляция деңгейіне негізінен қандай фактор­лар әсер ететін болады? Инфляция деңгейі бол­жамды 6-8%-дық дәліз дең­гейінен шығып кететін сырт­қы күйзелістердің туындауы мүмкін бе? – 2017 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша, Қазақ­стан Республикасында инфляция Ұлттық Банк бұған дейін болжағандай, нысаналы дәліз шегіне кіріп, жылдық көрсеткіш бойынша 7,9% болды. Қаңтарда инфляция құрылымында азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсу қарқынының 9%-ға дейін, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының 9,2%-ға дейін, ақылы қызметтердің 5,3%-ға дейін төмендеуі жалғасты. Ағымдағы жылы инфляция қарқынын айқындайтын негізгі факторлар қатарына ішкі тұ­тынуды қалпына келтіру мен оның өсуі, мемлекеттің бюджет саясаты, кірістер серпіні және тұтынушылық белсенділік, сондай-ақ, халықтың инфля­циялық күтуі жатады. Ұлттық Банктің бағалауынша, айтар­лықтай сыртқы және ішкі күй­зелістер болмаған және тауар мен валюта нарықтарында ағымдағы жағдайлар сақталған жағдайда жылдық инфляция деңгейі бүкіл 2017 жыл бойы орнықты түрде 6-8%-дық нысаналы дәліз шегінде болады. Ағымдағы жылдың соңында инфляция бойынша күтулеріміз мұнай бағасы бір баррель үшін 50 доллар болатын сценарий жағдайында 6,5-7,0% және мұнай бағасы бір баррель үшін 40 доллар болатын сценарий жағдайында 7,5-8,0% деңгейінде қалыптасады. Мұнай бағасының күрт төмендеуі инфляцияның нысаналы дәлізден шығуы үшін айтарлықтай тәуекел болып табылады, алайда ОПЕК-ке кіретін елдердің де, оның мүшесі болып табылмайтын елдердің де мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы шешіміне байланысты ахуал айтарлықтай өзгереді деп күтілмейді. Тұтастай алғанда, халықаралық ұйымдар да мұнай бағасы 2017 жылы алдыңғы жылғы деңгейден төмен болмайды деп болжап отыр. Төмен инфляция кез келген ел экономикасының үдемелі дамуы үшін негізгі жағдай болып табылады. Төмен инфля­ция ұлттық валютадағы актив­терді құнсыздандырмайды және экономикалық шешімдер қабылдау кезінде, мысалы, бизнес-жоспарлау кезінде немесе жинақ ақшаны қалыптастыру кезінде неғұрлым сенімді болуға мүмкіндік береді. Іс жүзінде, инфляцияның төмендеуі және, ең маңыздысы, оның Қазақстан жағдайында тұрақтануы айтар­лықтай күрделі міндет болып табылады. Бұл ретте инфляцияны қысқа мерзімде күрт шектеу жөнінде қатаң шаралар қабылдаудың ұзақ мерзімді жағымсыз салдарларға соқты­ра отырып, экономикаға жағым­сыз әсер ететінін түсіну қажет. Сондықтан да инфляция біртін­деп төмендеуі қажет, оның жылына 3-4%-ға дейін баяулауы Ұлттық Банктің, Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдар­дың бірлескен және үйлестірілген күш-жігерімен ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. – Қазақстан инфляцияның қандай үлесін сырттан импорттап отыр? – Тұтыну бағалары индексінің құрылымына кіретін тауарлардың түрлі санатында импорт үлесі әртүрлі. Мәселен, азық-түлік тауарлары нарығында Қазақстанда шығарылатын тауарлардың (ет, сүт, нан-тоқаш, ұн өнімдері) үлес салмағы айтарлықтай. Азық-түлікке жатпайтын тауар­лар нарығы, көбіне, басқа елдер­ден әкелумен қамтамасыз етіледі. Мәсе­лен, 2015 жылы импорт­тың азық-түлік тауарларын тұты­нудағы үлесі 21,6%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарларды тұтынудағы үлесі 64,4%-ды құрады, тауарлардың жекелеген санаттары бойынша 100%-ға дейін жетуі мүмкін. Көбіне отандық тауарлардың бағасы ішкі факторлардың әсері­мен, импортталатын тауар­лар бағасының серпіні тең­генің айырбастау бағамының ауытқуы есебінен қалыптасты. Импортталатын инфляцияның тұтынушылық бағалар индексіне қосқан үлесі келісімшарттық бағалардың төмендеуі, қым­бат тұтынушылық және инвес­тициялық тауарларды арзанырақ ұқсас тауарларға ауыстыру, сондай-ақ, азық-түлікке жатпайтын тауарларға деген сұраныстың төмендеуі есебінен мардымсыз – 0,5 пайыздық тармақтан кем. – Халықтың инфляциялық күтулеріне қатысты Ұлттық Банк жүргізетін зерттеулер жайында айтып берсеңіз. Соң­ғы сауалдама нәтижелері нені көрсетіп отыр? – Қазақстанда 2016 жылғы қаңтардан бері инфляциялық күтулерді өлшеуге бағытталған сауал­дама жүргізіледі. Оның нә­тижелері талданады, сан­дық мәні шығарылады және макро­экономикалық көрсеткіштер бол­жамын әзірлеу кезінде еске­ріледі. Инфляциялық таргеттеу режімі шеңберінде халықтың инфляциялық күтулерін баға­лаудың маңыздылығы дұрыс коммуникациялық саясатты құру, болжамдарды нақтырақ жасау және ақша-кредит саясаты бойын­ша дұрыс шешімдер қабылдау үшін Ұлттық Банктің халықтың инфляцияны қабыл­дауы жайында ақпарат алуында болып табылады. Халықпен сауалдама ай сайын жүргізіледі және алынған ақпарат айдан айға өзгеруі мүмкін, бірақ халық қалып­тасқан ахуалды нақтырақ бағалай бастады. Халықпен қаң­тарда жүргізілген соңғы сауалдама нәтижелері халық қабыл­дайтын жылдық инфляция деңгейінің төмендегенін көрсетіп отыр. Халықтың инфляциялық күтулері де төмендеуде және алынған сандық бағаға сәйкес нақты инфляция деңгейінен төмен деңгейде белгіленді. – Елдің осы жылға арналған экономикалық өсу перспективаларын Ұлттық Банктің қа­зіргі кездегі бағалауы қандай? – ІЖӨ бойынша болжамдарды әзірлеу кезінде Ұлттық Банк экономика салалары дамуының жедел және есептік ресми дерек­терін және сол сияқты халық пен бизнес субъектілеріне жүр­гі­зілген өз сауалдамалар нә­ти­желерін пайдаланады. Соны­мен қатар, болжамдарда сыртқы сектордың дамуы бо­йынша күтулер және Үкімет қабыл­даған экономиканы ынталандыру жөніндегі дағдарысқа қарсы қосымша шаралар пайдаланылады. Осы факторлардың бірлесіп ықпал етуі аясында Ұлттық Банктің бағалауы бойын­ша, Қазақстанда ІЖӨ-нің 2017 жылғы өсуі мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 40 доллар болған кезде 1,5-2%-ды және мұнайдың бағасы бір баррель үшін 50 доллар болған кезде 2-2,2%-ды құрайды. Нақты экспорттың өсуі ІЖӨ қарқынына оң үлес қосады, бұл энергия ресурстары бағаларының жаңа, неғұрлым жоғары де­ң­гейде тұрақтануына, сыртқы сұраныстың қалпына келуіне және мұнай өндіру, оның ішінде Қашаған кен орнында өндірудің өсуімен байланысты. Халықтың және кәсіпорындардың жаңа талаптарға бейімделуіне, валюта нарығындағы ахуал­дың тұрақтануына және бол­жамдалуының артуына, инф­ляция мен инфляциялық кү­тулердің, сондай-ақ, долларлану деңгейінің төмендеуіне байланысты ішкі тұтынудың қалыпты түрде қалпына келуі күтіледі. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру ин­вес­тициялардың өсуіне және экономиканың мұнайға жатпайтын – ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс сияқты салаларының дамуына себепші болады. Ұлттық Банктің Қазақстан экономикасының өсуі бойынша болжамдары нақ­тылануы мүмкін, бірақ ағым­­дағы макроэкономикалық ахуалдың сақталуы және күй­зелістердің болмауы жағдайында болжамдарда түбегейлі өзгеріс­тер күтілмейді. – Осы жылы Қазақстанда болған ХВҚ миссиясы сапа­рының нәтижелері бойынша қорытынды мәлімдемесінде Ұлттық Банктің ақша-кре­дит саясатын жүргізудегі жетістіктерін атап өтті, алайда рет­теушінің алдында кейбір «сын-қатерлердің» қалып отыр­ғанын атап өтті. Сіздің ойы­ңызша, әңгіме қандай сын-қатер­лер туралы болып отыр? – Жалпы алғанда, ХВҚ сарапшылары Ұлттық Банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясатына оның тиімділігін атап өте оты­рып, оң баға берді. Олар сондай-ақ, инфляциялық таргеттеу қағидаттарын негізге алу­ды және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі негізгі мақсатты ұстануды жал­ғастырудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге, олар бірқатар сын-қатерлерді атап өтті, мысалы, банк секторындағы артық қысқа мерзімді өтімділік, кірістілік қисығын құру бойынша жұмысты жалғастыру, өзгермелі айырбастау бағамы режімін негізге алу, Ұлттық Банктің тал­дамалық әлеуетін одан әрі дамыту қажеттілігі, қабылданатын шаралар мен қаржы нарығындағы ахуалды белсенді түрде ақ­па­раттық жария ету. Осы міндет­тер сондай-ақ, біздің 2016 жыл­дың соңында қабылданып, жарияланған «Ақша-кредит саясатының 2017 жылға ар­нал­ған негізгі бағыттары» атты құжатымызда бірінші кезек­тегілер ретінде қаралады. Банк секторын қалыпқа келтіру маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Соңғы жылдардағы күрделі макроэкономикалық ахуал банк секторына әсер етпей қалмады. Қорландыру қыс­қарған және оның құны ұлғайған, тұтынушылық сұраныс төмендеген және рентабельді жобалардың тапшылығы болған жағдайда банктік бизнестің экономиканың нақты секторын кредиттеу процесіндегі тиімділігі аз болды. Сондай-ақ, банк секторының жүйелік проблемалары да бар, оларды шешпей банктердің экономиканы толыққанды кредит­теуді қамтамасыз етуі мүм­кін емес. Осыған байланыс­ты елдің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет. Бұл бағыт­ты Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына Жолдауында айқындады және біз банк секторын қалыпқа келтіру жөніндегі шаралардың бағыттарындағы, оның ішінде Ұлттық Банктің тиісті мандатын күшейту, аудиторлар мен бағалаушылардың жауап­кершіліктерін арттыру арқылы тиісті жұмысты бастадық. – Ұлттық Банктің экономи­каның нақты секторы кәсіп­орындарының арасында оның «жай-күйін» бағалау мақса­тында жүйелі түрде сауалдама жүргізетіні белгілі. Бизнес 2017 жылдан не күтеді? – 2000 жылдан бастап Ұлт­­тық Банк тоқсан сайын аумақ­тық филиалдар арқылы ел экономикасының нақты секторындағы іскерлік ахуалды зерттеу үшін кәсіпорындардың басшылары арасында сауалдама жүргізеді. 2017 жылғы қаңтарда 2016 жылғы 4-тоқсан­ның нәтижелері бойынша эко­номиканың нақты секторындағы ахуалды бағалау мақсатында кезекті сауалдама жүргізілді. Оған 2836 кәсіпорын қатысты, оның ішінде 1504 ірі және орта кәсіпорын болды. Мониторинг нәтижелері экономиканың өсудің қалпына келу фазасына өткенін растайды. 2016 жылғы 4-тоқсанда кәсіпорындардың іскерлік және инвестициялық белсенділігі өсті. Бұл инвестицияларды қар­жыландыратын кәсіпорындар үлесінің ұлғаюымен қатар жүрді. Кәсіпорындардың көпшілігінің осы мақсаттар үшін дәстүрлі түрде өз қаражатын пайдаланатынына қарамастан, банктердің кредиттерінің инвестицияларды қаржыландырудағы үлесінің өсуі де байқалып отыр. Зерттеудің маңызды нәтижелерінің арасынан дайын өнімге сұраныстың төмендеуіне байланысты теріс әсер етулердің әлсірегенін атап өтуге болады. Осы әлсіреудің себебі, экономикалық агенттердің жаңа экономикалық жағдайларға бейімделуі болды. Сонымен қатар, экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының рен­табельділік көрсеткіштері тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі түсімділіктің өсуі есебінен жақ­сарды. Рентабельділігі жоғары кәсіпорындардың үлесі іс жүзінде өзгерген жоқ, бірақ сату рентабельділігі орта кә­сіп­­орындардың үлесі өсті. Кә­сіпорындарға жүргізілген сауалдама деректеріне сәйкес теңгенің шетел валюталарына қатысты айырбастау бағамы өзгеруінің кәсіпорындардың шаруашылық қызметіне теріс әсер етуінің төмендеу үрдісі жалғасып отыр. Жағдайдың жақсаруының негізгі себебі валюта нарығындағы ахуалдың тұрақтануы және нақты экономика субъектілерінің теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамының режіміне біртіндеп бейімделуі болып табылады. Сондай-ақ, бірқатар макро­экономикалық көрсеткіштер ескеріле отырып, экономиканың нақты секторындағы кәсіп­орын­дарға жүргізілген конъюн­к­туралық сауалдамалар негізінде Ұлттық Банк үдемелі композиттік индикаторды (ҮКИ) есептейді. Осы индекс бизнес талаптардың өзгеру индикаторы және эко­номиканың ағымдағы жай-күйін, экономикалық бизнес-циклдың ағымдағы фазасын талдау және экономикалық дамудың қысқа мерзімді қарқынын болжаудың пайдалы құралы болып табылады. 2016 жылғы 4-тоқ­санның қорытындысы бойынша кә­сіп­орындарға жүргізілген сауалдамалар нәтижелері бойынша ҮКИ өткен тоқсанмен салыстырғанда 0,2 тармаққа ұлғая отырып, 100,6 тармақты құрады. 100 тармаққа тең мән ұзақ мерзімді үрдіске – ұзақ мерзімді тепе-тең деңгейге сәйкес келеді, одан асып кету үрдістен оң ауытқуды, төмендеуі теріс ауытқуды көрсетеді. ҮКИ мәнінің үш тоқсан қатарынан (2016 жылғы екінші тоқсан – төртінші тоқсан аралығы) барынша ұзақ мерзімді үрдістің өсуі аймағында болғаны, эко­номикалық циклдың өсу фазасына өтуін көрсетеді және экономикалық белсенділіктің қалпына келтірілгенін және экономикадағы ахуалдың жақсарғанын растайды. Жалпы алғанда, 2017 жылы іскерлік белсенділіктің жақ­саруы, халық пен нарыққа қа­ты­­сушылардың жаңа эконо­­микалық жағдайларға бейім­делуіне байланысты ішкі тұтыну біртіндеп қалпына келеді деп күтілуде. Экономикалық дамуға оң үлес қосу экономи­каны әртараптандыру мен ын­таландырудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды жалғастыруға ықпал етеді.