Атырау аймағын Еуроодақ елдеріне шығатын дәліз деп те атауға болады. Алыс-жақын шетелдерден Ресейге ағылатын мигранттар Жайықты жағалап өтеді. Былтырдың өзінде мұнайлы өңірге келген шетелдіктердің саны 52 мыңнан асқан. «Оның ішінде 36 мың мигрант «көлеңкеден» шығарылып, 430 млн теңге салық өндірілді», – дейді облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Асан Шалқаров.
Шеттен келгендердің басым бөлігі Түркия, Өзбекстан, Қытай, Үндістан елдерінің азаматтары. Атап өтерлігі, шекара асып Атырауға жол тартқандардың барлығы бірдей «тәртіпті» емес. Заң бұзады. Жаңылады. Өткен жылы 5 мыңға жуық мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Көші-қон заңдарын бұзған 1 051 адам ел аумағынан шығарылып, төрт қылмыстық іс қозғалған. Қолданыстағы заңға немқұрайлы қарайтын «меймандармен» күрес жұмыстарын жүргізу үшін арнайы шаралар ұйымдастырылады екен. Өткен жылы заң талаптарын сақтамағандарға 17 млн теңгенің үстінде айыппұл салынған. Сонда да айылын жиғандар шамалы.
Атырауда трансұлттық заңсыз ұйымдасқан топ анықталыпты. «Олар 2015 жылдың қазаны мен 2016 жылдың наурыз айы аралығында Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтарын транзитпен Қазақстан, әрі қарай Ресейдің Мурманск облысындағы «Солтүстік маршрут» деп аталатын Ресей-Финляндия шекарасы арқылы Ресей, Еуропалық одақ елдеріне жеткізіп отырған. Облыстық ҰҚД анықтағандай, ұйымдасқан топ шетел азаматтарын арнайы жасақталған жоспар бойынша тасымалдаған және қылмыстық топтың барлық мүшесінің атқаратын қызметтері нақты бөлінген. Шетел азаматтарын арнайы тасымалдау үшін оларды Қазақстан-Ресей шекарасына жеткізетін такси жүргізушісін жалдаған. Қылмыстық топ басшысы Р.Ж. және тергеуде анықталмаған Ресей Федерациясы мен Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтары болған. Сот үкімімен төрт сотталушы Қылмыстық кодекстің 264, 394 – баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сотталушы Р.Ж.-ға түзеу колониясының қатаң режімінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, қалған сотталушылар А.Т., К.К., О.М.-ға мүліктерін тәркілей отырып, түзеу колониясының жалпы тәртібінде 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Такси жүргізушісі қызметін атқарған тағы бір сыбайлас А.Б.-ға алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды», – дейді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Мұндай мысалдар қазақы қонақжайлыққа салып, қаперсіз отыруға болмайтынын көрсетеді. Әрине, отандық экономикаға шетелдік еңбек күшін, соның ішінде кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды тарту керек-ақ. Миграциялық саясаттың да көздейтін мақсаты – осы. Шекара асып, шеттен келгендердің көпшілігі мұнайлы мекендегі ірі жобаларда еңбек етеді. Олардан жергілікті жұмысшылардың үйренері де, үйренгені де көп. Соңғы жылдары шетелдік мамандарды отандық қызметкерлермен алмастыру шаралары қолға алына бастады. Бұрынғыдай, бірдей жұмыс істесе де, шетелдік болғаны үшін жалақыны асыра төлеу деректері де азайды. Облыстық Ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасы басшысының орынбасары Болат Досқалиевтің айтуынша, Каспий маңы аумағында 3 958 шетел азаматы тұрақты тіркеуде тұр. Өткен жылы Қазақстанда тұруға ықтиярхат рәсімдеу үшін 490 шетелдік өтініш берген.
Бір ескерер жайт – заңсыз келетін «қонақтар» арқылы еліміздегі тыныштық пен тұрақтылыққа сызат түсіретін қару-жарақ, оқ-дәрі, тыйым салынған әдебиет, басқа да қауіпті заттар шекарадан өтіп кетуі мүмкін. Соны қаперге алған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Атырау шекара отряды мемлекеттік шекарада заңға қарсы әрекеттермен кезіксе, жақын маңдағы бөлімшелерге хабарлау керектігін мұнайлы аймақ тұрғындарының назарына әркез салып келеді. Көші-қон заңына енгізілген жаңалық – азаматтарды тіркеу де осындай қауіптің алдын алу мақсатын көздеуден туындағанын түсінуіміз керек.
«Жаман үйді қонағы билейдінің» кебін кимес үшін көші-қон саласындағы жұмыстарға әлі де жіті назар аударылуы керек-ақ.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ