Кім-кімді де еліміздегі қазіргі қылмыстық ахуал алаңдатпай қоймайтыны сөзсіз. Бұл орайда елдегі жалпы қылмыстық ахуал белгілі болғанымен, құқық қорғау органдарының қылмыстарды ашу және жасырып қалу фактілері көпшілікке беймәлім қалып жатады. Осы кемшіліктерді болдырмау мақсатында кеше Бас прокуратураның құқықтық статистика және арайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Марат Ахметжанов баспасөз мәслихатын өткізіп, құқық қорғау органдарының қылмыстарды ашу және жасырып қалу фактілері жөнінде, сондай-ақ өткен тоқсандағы сыбайлас жемқорлықпен күрестің нәтижелері туралы хабарлады.
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, осы жылдың 3 айы ішінде ғана өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыстар деңгейі 6,3 пайыз артқан. Ал жалпы қылмыстық заң бұзушылықтар 15,9 пайыз, оның ішінде ұрлық 31,5, кісі тонау 5,6 пайыз өскен. Жоғарыда айтқанымыздай, елдегі қылмыстардың осыншама өсіп, жұртты алаңдатып отырғаны неліктен десек, тәртіпті қадағалауға тиіс құқық қорғау органдарының өзі батпаққа белшеден батып отырғаны белгілі болды. Өйткені, М.Ахметжановтың айтуы бойынша, қылмыстардың ең көбі ішкі істер органдарында, яғни 92,7 пайызы немесе 32 046 қылмыс тіркелген көрінеді. Еліміз өңірлерінің ішінде қылмыстың ең жоғары деңгейі Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарына тиесілі болып отыр.
Осылайша тәртіпті қадағалаушы құқық қорғау органдарының өз міндетіне салғырт қарауы салдарынан жасөспірімдер арасындағы қылмыс та Жамбыл облысында 86,5, Қызылорда облысында 71,4, Оңтүстік Қазақстан облысында 55,4 пайыз өсіп кеткен.
Құқық қорғау органдары үшін негізгі көрсеткіштің бірі қылмыстың ашылуы десек те оның ашылу деңгейі Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында өткен жылмен салыстырғанда кеми түскен. Ал қылмысты жасырып қалу көрсеткіші Павлодар, Жамбыл, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында артып кеткендігі байқалған. Сол сияқты сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 1060 адам, олардың ішінде 134 адам әкімшілік, 926 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Бұл бағытта құқық қорғау саласында аталған комитет бірқатар заң бұзушылықтардың жолын кесіпті. Жыл басынан бері кәсіпкерліктің 700 астам субъектісінің құқығы қорғалып, 573-ге жуық заңсыз тексерулерді тіркеуден бас тартылды, дейді М.Ахметжанов. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік органдардың тексеру тағайындау туралы 77 874 актісі тіркелсе, оның басым бөлігі, яғни 41 мыңнан астамы кәсіпкерлікке қатысты болған. Онда тексерулерді тіркеуден бас тартудың ең көп бөлігі Ауыл шаруашылығы, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауда, салық қызметінде орын алған.
Жалпы, өткен жылдың басынан бері заң талаптарына қайшы 3 мыңнан астам, ал осы жылдың басынан 600 тексеруді тіркеуден бас тартылған екен. Сонымен қатар, жасырын сипаттағы көптеген заңсыз тексерулер прокуратура органдарының назарынан тыс қалып отырғаны белгілі болған. Ал ондай жағдайды тек заңсыз тексерілген кәсіпкер ғана білетіні анық және оның өзі бұл тексерісті хабарлауға тиіс. Осы мақсатта кәсіпкерлер құқын қорғау үшін комитет «Бизнес тірегі» жобасын жүзеге асырыпты. Бұл жоба кәсіпкерге оған қатысты тексерудің тіркелгендігін немесе жоспарлы тексеру тағайындалғандығын немесе оның негізділігін анықтауға мүмкіндік береді. Ол үшін аталған комитеттің www.pravstat.kz сайтында орналасқан «Кәсіпкерлерге қатысты тексерулерді тіркеу туралы ақпарат» бөлігінде кәсіпкер актідегі тіркеу нөмірін тиісті жолға енгізу арқылы әлгі тіркеудің растығын, органның атауын, тексеру негізі мен уақытын толық анықтап алуына болады. Сол сияқты тексеріс туралы мәліметті тіркеу нөмірін 1012 қысқа нөміріне SMS жолдау арқылы да анықтауға мүмкіндік бар көрінеді.
Александр ТАСБОЛАТОВ.