• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2011

Қаржылай қолдау – табыс кепілі

448 рет
көрсетілді

Жақында Зырян ауданында елі­міздің аграрлық секторының өсіп-өркендеуін, дамуын қолдау мақса­тында келелі бір жиын болып өтті. Ол Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма­сы­ның бастығы Дүйсембай Селиха­нов­тың бастамасымен және Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімовтің қолдауымен өтті. Аграрлық секторды дамыту, шаруа қожалықтарын жеңілдікпен несиелендіру мәселесіне арналған жи­ынға Зырян және Катонқарағай ау­дандарындағы қожалық төрағала­ры, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облыс­тық филиалының директоры Тимур Сапарғалиев, «Мал өнімдері кор­по­рациясы» АҚ Шығыс Қазақстан об­лысы филиалының директоры Дүй­сенбі Сәрсенов, «Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Шығыс Қа­зақ­стан филиалы директорының ор­ынбасары Арман Оспанов, «Аг­рар­лық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан филиалының директоры Саян Тас­тағанов, ҚР-дағы «БашИнком» өк­іл­дігінің директоры Асқар Уахитов қатысты. Катонқарағай ауданы әкі­мінің орынбасары Қалихан Байғо­нысов та маңызды шарада болып, өз ойын білдірді. Семинар-кеңесті Зырян ауданы­ның әкімі Ермак Сәлімов ашты. – Елбасы Н. Назарбаевтың ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау саясаты жемісін бере бастады, – деп бастады семинар-кеңесті нақты цифрлармен аудан әкімі.– Қазіргі таңда ауданда 17 мыңнан астам ірі қара малы, 13 мыңға тарта кой-еш­кі, 5 мыңға жуық жылқы, 10 мың­дай шошқа бар, бұл экономикасы сан қилы, таулы-қыраттағы мекен үшін жаман көрсеткіш емес. Жыл басынан бері 690,1 тонна ет, 3825,6 тонна сүт, 1593,9 мың дана жұ­мыртқа дайындалды. Ал бүгінгі келелі кеңесте ауыл шаруашылығы құрылымдарына жасалатын жеңіл­дік­тер туралы көп мәселелер қоз­ғалмақ. Ендеше еркін әңгімелесейік. Зырян ауданының әкімі Е.Сә­лімовтің айтуынша, аграрлық сек­тордағы ұсақ шаруашылықтар құ­ры­лымдарын ірілендіру саясаты же­місін бере бастаған сыңайлы. Бір ғана мысал. Тек өткен жылы Никольский, Березовский, Чапаев ау­ылдық округтеріне қарасты бес ауыл шаруашылығы құрылымдары бірігіп, «Санур Агро»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып алған. Ол не берді. Ең алдымен таулы аймақтарда жер көлемі тап­шы, ұйысу нәтижесінде жер көлемі ұлғайып, 4158 гектарға жеткен. Тұр­ғысын, Березовский, Чапаев ау­ылдық округтерінде бірнеше ша­руа­шылықтар бірігіп, «Нивы Ча­па­ева» серіктестігінің басын құрады. Сонымен бірге үш шаруашылық негізінде «Зыбер» ЖШС дүниеге келді. Міне, ірілендірілген ұжым­дар барлық қаржыны біріктіріп, жа­ңа техника сатып ала бастаған, жер мәдениетін арттырып, жаңа техно­логияны өндіріске енгізе бастаған. Ал жаңа техника, басқа да қа­жетті дүниелерді барынша молырақ иелену үшін не істеу керек? Міне, бүгінгі бас қосу осы жағынан алып қарағанда барынша тиімді болды. Оның үстіне бүгінге дейін аталмыш құрылымдар облыстың түгелге жу­ық аудандарында бас қосып, тиімді кеңестер берген, талай келісімдерге қол қойылыпты. Үстіміздегі аптада Көкпектіде бас қосу өтпек. Ауыл шаруашылығын өркендетудегі ос­ын­дай шаралар жемісін бермек. Зырян ауданы өткен жылы «Қаз­АгроҚаржы» акционерлік қоға­мы­ның демеуімен 261 миллион тең­ге­г­е 31 жаңа техника алған. Ал «Аз­ық-түлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 47,5 миллион теңгеге несие алыпты. Мұндай мысалдар жеткілікті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсем­бай Селиханов өз сөзінде көп деректер келтірді. Облыс әкімі Бердібек Сапар­баев­тың Ұлан ауданында өткен кездесуде тиімді шараны одан әрі жалғастыру жөніндегі берген тап­сыр­масын жүзеге асырдық. Атап айтқанда, Үржар, Жарма, Аягөз, Глубокое, Бородулиха, Шемонаиха, Зайсан және т.б. аудандар өкілдері қаржылай демеу жөніндегі бас қо­суға қажетті деректерді алды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын да­мытуға деген қамқорлық ерекше. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысы жыл сайын мемлекеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаржы алады екен. Мал тұқымын асылдандырып, оны көбейткен, дәнді дақылдарды неғұрлым көбірек егіп, мемлекетке астық, ет және сүт өткізетін құ­ры­лымдар жыл сайын субсидия алып тұрады. Ал оның мөлшері қомақты, – деді Дүйсембай Мағзұмұлы. Елбасының бізге деген қам­қор­лығы ерекше, тіпті марал шаруа­шы­лығын дамытуға, омартаны жақ­сы жолға қойған ауыл шаруашы­лы­ғы құрылымдары да субсидия ала бастады. Өткен жылы марал және омарта саласына 30 миллион теңге бөлінді. Д. Селихановтың айтуын­ша, Зырян және Катонқарағай ау­дан­дарында асыл тұқымды мал ба­сын көбейту жолында біршама жұ­мыстар жүргізіліп жатыр, келешекте бұл бағытта қыруар шара тындырылуы тиіс. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының ди­ректоры Тимур Сапарғалиев өз сөзінде нақты деректерді көлденең тартты. Аталмыш қоғамның Шы­ғыс Қазақстандағы филиалы 2000 жылы құрылыпты. Он жыл ішінде бұл компания еліміздің агроөнер­кәсіп кешеніне 193,2 миллиард тең­ге инвестиция салған. Соның ішінде Кенді Алтай 13 миллиард теңге қаржы алған. Тек өткен жылы филиал облыстың ауыл шаруашы­лы­ғын дамытуға 4,071 миллиард теңге қаржы бөлген. Бұл қыруар қаржы мал басын көбейту және асылдан­дыру, техника сатып алу, басқа да шараларға қарастырылған. Сонымен бірге, компанияның талаптары бойынша жаңа тауарлы-сүт фермаларын құрған, жеміс-жидек, жылыжай, құрама-жем жасай­тын құрылымдар да жеңілдікпен несие ала алады. Несие берудің бірнеше тиімді түрлері бар, бес, жеті жылға арзан несиелер беріледі. Алай­да, көптеген ұжымдар шарт жа­сасу кезінде талаптарды орындай алмай, істі кешіктіре береді. 19 құжат жинау оңай емес, бірақ іс қағаздарын толтыру кезінде шала­ғайлықтар жиі кездеседі. Тимур Сапарғалиевтың айтуынша, зырян­дық­тар 1 миллиард 560 миллион, ал катондықтар 445 миллион теңгенің несиелеріне қол жеткізіп, жаңа техника сатып алуда, сондай-ақ жұмыс орындарын ашып жатыр. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК облыстық филиалының дирек­то­ры Мақсұт Шаймардановтың сө­зін де жиналғандар ден қойып тың­дады. Оның айтуынша, шаруа қо­жа­лық­тары өндірген астықты са­тып алуда биыл біршама жеңілдік­тер бар көрінеді. Астықты сатып алу екі бағдарлама бойынша жүр­гі­зіледі. Біріншісі, көктемгі егіс жұ­мыс­тары кезінде қожалықтарға келесі өнім есебінен олардың өнім­деріне қар­жы төлеу атқарылмақ. Ал екіншісі, астықты жинау кезінде дәнді да­қылдың әр тоннасын 26 500 теңге­ден сатып алу жүзеге асыры­лады. Шығыс Қазақстан облысына корпорация арқылы үшінші сынып­ты 30 мың тонна астық сатып алуға квота берілген. Ал шын мәнінде олар 563 миллион теңгеге 242 тонна астық сатып алған. Демек, бұл нәтиже көңіл көншітпейді. Қазіргі кезде «Азық-түлік корпорациясы» өткен жылғы 4 қыркүйектегі меморандум бойынша облысты астық­пен қамта­масыз ету және оның бағасын өсі­ріп жібермеу жөніндегі талаптарға сай еңбек етуде. «Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау» АҚ филиалы дирек­то­рының орынбасары Арман Оспанов, «Аграрлық несие корпора­ция­сы» АҚ директоры Саян Таста­ғанов, «Мал өнімдері корпорация­сы» АҚ директоры Дүйсенбі Сұл­тан­беков шаруа қожалықтары төр­аға­лары алдында атқарған жұмыс­та­ры туралы есеп берді. Д.Сұлтан­беков Семейдегі ет комбинаты ар­қылы қожалық өсірген малдарды қабылдап алудың тиімді жақтарына тоқтала кетті. Екі арада делдалдар жүрмеген соң қаржы рәсуа бол­майды. А.Оспанов несие берудегі тиімді әдістерге тоқталып Ұлан, Үржар, Жарма аудандарында тап­сы­рыстың жоқ екенін айта кетті. С.Тастағановтың айтуынша, өткен жылы олар 1 миллиард 27 миллион теңгенің жеңіл несиелерін тарат­қан. «БашИнком» өкілдігінің ди­рек­торы А.Уахитов астық егумен шұғылданатын қожалықтардың ты­ң­айтқыштарды дұрыс пайдаланбай отырғанын ескерте кетті. Мине­ралды тыңайтқыш мол өнімнің кепілі, өкінішке орай, көп ретте біз оған көңіл бөлмейміз. Ресейде бұл мәселеге қатты назар аударылады. Қостанай диқандары тыңайтқыш­тар­ды жерге тиімді сіңіру нәтиже­сінде гектарынан 20, тіпті одан көп центнер өнім алуға қол жеткізіп жүр, деді А. Уахитов. Семинар-кеңесте «Средигорнен» ЖШС төрағасы Петр Дяглев несие алу кезіндегі қиындықтарға тоқтал­ды. Жиырмаға тарта құжатты рә­сім­деу оңай шаруа емес, кейде уа­қытты созып алып, шартты бұзуға тура келеді. Сондықтан, шарт жасасуда жеңілдік болса екен деді. Қожалық иесі В. Бондаренко 1993 жылдан шошқа және беларусь бұ­зауларын жергілікті жерде өсірудің нәтиже бермегенін, олардың таулы аймақ климатына көндіге алмауы­ның сырын сұрады. Катонқарағай ауданынан келген қожалық төр­аға­лары да несиенің тиімді жақтарына тоқтала кетті. Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Қалихан Бай­ғонысов өздерінде элеватор жоқ екендерін, Зырянда астықты сақ­тай­­тындарын айтты. Семинар-кеңесті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас­тығы Д.Селиханов қорытындылап, азық-түлікті шеттен тасымай, өзі­мізде сапалы өнім шығаруға мүм­кіндік бар екенін, ол үшін ізденіс пен резервтер қөзін тиімді пайдалану қажеттігін назарға салды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы. ––––––––––– Суреттерде: семинар-кеңестен көрініс; Д.Селиханов, Е.Сәлімов.