БРИКС – БАТЫСТЫҚ ЕМЕС БЕС ЕЛДІҢ БІРЛІГІ
Өткен аптадағы басты саяси оқиғалардың бірі БРИКС деп аталатын одаққа біріккен мемлекеттер – Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы басшыларының Қытайдың Хайнань аралындағы Санья қаласында бас қосуы болды.
Бұл елдер осыдан он жыл бұрын әлемдік экономиканың 17,5 пайызын иемденсе, қазір ол 25 пайызға жетіп отыр. Ал әлемдік саудадағы олардың үлесі он жылда 10,9 пайыздан 18,6 пайызға көтерілген.
Сірә, бұл одаққа бірігушілердің басты сипаты – оған батыс елдерінің қатыстырылмауы, дамушы алып державалардың бірігуі. Ондағы мақсат – сол даму жолында басқа дамыған елдерге экономикалық та, саяси да тәуелді болмау, есесі кетпеуін ойластырғандары аңғарылады. Жұрт назарын аударатыны да бұл елдердің алыптығы, орасан зор экономикалық және адами ресурстарының молдығы.
Тағы бір таңданарлық жәйт – бұл одаққа кірген елдер күні кеше әлемді тітіреткен экономикалық дағдарыста олардың Ресейден басқасы зардап шеге қойған жоқ. Ал Қытай қарышты қадамымен көзге түсті, экономикасы 2009 жылы 9,2 пайызға өсті. Бұл кезде АҚШ экономикасы 2,6 пайызға, Германия экономикасы 4,7 пайызға төмендеді. Мұны, сірә, бұл елдердің экономикасы дамыған елдердің экономикасына әлі де тығыз кіріге қоймағандығынан деп түсіндіруге болатын шығар.
Бұл елдердің әлемдік қоғамдастықта да айтарлықтай саяси орны бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне екеуі тұрақты мүше болса, үшеуі жай мүше. Олар әлемдік саяси өмірге мықтап ықпал ете алады. Бірақ сол мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра алмай жүр. Соңғы басқосуда Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы жағдай сөз болғанымен, одан бұрынырақ бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде талқыланған кезде БРИКС елдері батыс елдерінің ықпалынан шыға алмады, қантөгістің орын алуына тосқауыл қоя алмады.
БРИКС – жас, жаңа бірлестік. Тек үшінші рет қана бас қосып отыр. Алғаш рет 2009 жылы Ресейде кездесу өткізсе, былтыр Бразилияда бас қосты. Олардың әр кездесуі жұрт назарын аударуы заңды. Бұл елдерде әлем халқының жартысына жуығы шоғырланған. Осыншама халықтың мүддесімен, мақсатымен санаспауға болмайды. Қытайдағы кездесуде экономика, саясат мәселелері жан-жақты сөз болып, онда бұл елдердің ұстанатын ортақ бағыты айқындалды.
ҚЫРҒЫЗСТАН: САУДАҒА ТҮСКЕН ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР
Қырғыз ағайындар арасында билік үшін талас тағы да өрши түсті. Парламенттегі коалицияға біріккен үш партияның бірі – «Республика» партиясының лидері Өмірбек Бабанов өз өтініші бойынша уақытша үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметінен кетті.
Бұл «кетудің» маңызы айрықша. Бабанов, оның партиясы парламентте құрылған қалт-құлт еткен коалицияның бір аяғындай. Олар кетсе, коалиция құлайды. Онда кезекті билік дағдарысы басталады. Оның арты саяси қақтығыстарға соқтырады.
Жалпы, Бабанов бүгінгідей өтпелі қысылтаяң кезеңде қырғыз саясатында үлкен тұлғаға айналып отыр. Ол парламенттегі соңғы коалицияның бастамашысы болуымен қатар, белсенді де іскер қайраткер екенін танытты. Ымырашылдық қадамдарға көбірек жүгініп, коалициялық үкіметті сақтап қалуға тырысты, елдің тұралап қалған экономикасын жандандыруға көп күш-жігер жұмсады. Оның қатты сынға ұшырауы да, қарсыластарының көбеюі де соған байланысты.
Қарсыластар дегенде, сарапшылар олардың іште де, сыртта да барлығын айтады. Әсіресе, оппозициялық партиялар оған қатты шүйлікті. Бабановтың үкіметтегі қызметі (ол экономика мәселелерімен айналысты) көп адамдарға, оның ішінде парламент депутаттарының біразына ұнаған жоқ. Олар Бабановтың бұрынғы және қазіргі ісінен кемшіліктер іздестірді. Оның өз сөзімен айтқанда, «оппозицияның жеке депутаттары оған ойдан шығарылған, негізсіз айыптар тақты».
Бұл айыптауға бұрынғы бас прокурордың міндетін атқарушы Құбатпек Байболовтың аузымен айтылған оның «жемқорлық әрекеттері» себеп болды. Қырғыздың белгілі саясаттанушысы Марс Сариевтің пікірінше, ел экономикасында қиындық та, кемшілік те көп, соның ауыртпалығын мойнымен көтеріп отырған азаматтың жұмысынан кемшілік те табуға болады, бірақ Бабановқа ауыр кінә қоюдың жөні жоқ. Сірә, содан да, өзіне сенгендіктен де болар, Бабанов мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін өзін бір ай мерзімге уақытша қызметінен босатуға өтініш берді.
Босаған адамның қайта оралуы қиын. Жұрт Бабановтың оралуына сене қоймайтындай. Оның себептері көп. Сірә, ең алдымен қазіргі премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың өзінің бірінші орынбасарының өтінішін оңай қанағаттандырғаны да таңдандырады. Ол Бабанов үшін күресуі керек еді. Күресе алмады. Оған Бабановтың кеткені қажет болғандай. Ішкі де, сыртқы да қарсыластарының көңілінен шығу үшін.
Ішкі қарсыластар дегенде, қазіргі қырғыз саясатындағы саяси қайраткерлердің көпшілігі осынау өткір де іскер, саяси өмірге белсене араласатын, жалындап жанып тұрған бәсекелесіне қызғанышпен қарап, оның аяғынан шалғысы келетіндей. Оған қарсылар коалицияға кіргендердің ішінде де көп, кіре алмағандар арасында да бар. Коалиция күйресе, олардың біразы одан пайда көреді.
Сыртқы қарсыластар туралы да әңгіме көп айтылады. Өзінің өтініш беруінің алдында Өмірек Бабанов Мәскеуге барып қайтқан. Олармен тіл табыса алмағандай. Сарапшылардың айтуынша, Бабанов Мәскеуге ұнамайды. Тіпті олар Атамбаевтан оны кетіруді талап еткендей. Премьер-министрдің өз орынбасарының өтінішіне жедел қол қоюы да содан дейді.
Бабанов Мәскеуге неге ұнамады? Қырғызстанға дәл қазір сырттың көмегі, қолдауы керек-ақ. Сол мақсатпен Бабанов жақында Қытайға да барып қайтқан. Біраз жайға, ең алдымен екі ел арасында темір жол салуға келіскен сыңайлы. Бұл Мәскеуге ұнамады. Тек бізбен ғана боласыңдар, дейді. Ал Атамбаев үкіметінің Мәскеуден қол үзуге шамасы жоқ. Амалсыздан оның дегеніне көнуге мәжбүр. Сарапшылардың айтуынша, Қырғыз Республикасының Кеден одағына кіруіне де сол себеп.
Қырғыз үкіметінің бірінші вице-премьерінің уақытша орнынан кетуі ондағы саяси тартысты бәсеңдете ме дегенге келсек, оған күмән көп. Ал Өмірбек Бабанов үкіметке бүгін қайта оралмағанмен, үлкен саясаттан кетпейтіні анық.
Мамадияр ЖАҚЫП.